Профилактикалық шаралардан бастап, заманауи цифрлық технологияларды енгізу, жастармен тәрбиелік жұмыс жүргізу, аудит арқылы мемлекеттік қаржыны бақылау – мұның барлығы өңірдегі қауіпсіз орта қалыптастырудың маңызды бөлігіне айналды.
Дрондар жолды бақылауда
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заңдылықты нығайту мақсатында Алматы облысының Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері өңір жолдарында жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша профилактикалық іс-шараларды жалғастыруда.
Жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтардың алдын алу мен оларды тиімді анықтау мақсатында полиция қызметкерлері ұшқышсыз әуе аппараттарын (дрондарды) белсенді түрде пайдаланып келеді. Атап айтқанда, олар апаттылық деңгейі жоғары жол учаскелерінде қолданылуда.
Заманауи технологияларды қолданудың нақты нәтижелері бар. Биыл жыл басынан бері дрондардың көмегімен 300-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды.
Полицияның айтуынша, ұшқышсыз аппараттар заңбұзушылықтарды жедел тіркеуге, жүргізушілердің тәртібін арттыруға және ең бастысы, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыс «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында алдағы уақытта да жалғасын табады. Оның басты мақсаты – өңірдің әрбір елді мекенінде қауіпсіз әрі заңға бағынатын ортаны қалыптастыру. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, әрбір жүргізушінің жауапкершілігі. Сондықтан полиция тұрғындарды жолда сақ болуға, талаптарды орындауға және қоғам қауіпсіздігіне үлес қосуға шақырды. Осындай жүйелі шаралар арқылы өңірде жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, тәртіп пен қауіпсіздік деңгейін жаңа сатыға көтеру көзделіп отыр.
Құқықтық тексеру нәтижесі жарияланды
Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясы биылғы жылдың 9 айындағы аудиторлық қызметінің негізгі қорытындысын жариялады. Жиында облыс бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Қуаныш Есенаманов 9 ай ішінде мемлекеттік аудитпен 197 млрд 467,5 млн теңге қамтылғанын айтты. Онда жергілікті бюджет қаражаты – 197 млрд 246,4 млн теңге, республикалық бюджет қаражаты – 221,1 млн теңге.
– Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын сақтамау салдарынан жіберілген бұзушылықтар сомасы 23,9 млрд теңге болды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, бұзушылықтарды анықтау деңгейі екі есеге жуық артты. Аталған қаржы ішінде қаржылық бұзушылықтар 9 млрд 152 млн теңге, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты 399,2 млн теңге, тиімсіз жоспарланған бюджет қаражаты 14 млрд 372,9 млн теңге, – деді Қуаныш Есенаманов.
Сонымен қатар ол мемлекеттік аудит объектілеріне орындау үшін міндетті 55 тапсырма және 8 ұсыныс жіберілгенін атап өтті.
– Аудит жүргізу барысында жіберілген бұзушылықтар бойынша 54 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке және 155 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, бюджетке жалпы сомасы 16,8 млн теңге айыппұл түсті, – деді ол.
Облыс бойынша тексеру комиссиясының мүшесі мемлекеттік аудит нәтижесінде процестік шешім қабылдау мақсатында 1 материал құқық қорғау органдарына және 2 материал прокуратураға жолданғанын айтты.
– Сондай-ақ бұрын берілген аудит материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 23 шілдедегі сот үкімі негізінде 4 адам кінәлі деп танылып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бұл – былтыр Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасында анықталған бұзушылықтар бойынша шешім, – деді Қуаныш Есенаманов.
Жалпы, жарияланған қорытынды Алматы облысында заңдылықты нығайтуға, мемлекеттік қаржының дұрыс пайдалануына бақылауды күшейтуге арналған жұмыстардың қарқынды түрде жүргізіліп жатқанын көрсетті.
Жол-көлік оқиғасын азайту талқыланды
Алматы облысында жыл басынан бері жол-көлік оқиғаларының саны артқан. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында Алматы облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Еркебұлан Ахметов мәлімдеді.
Биылғы жылдың он айының қорытындысы бойынша, Алматы облысында 3 020 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл көрсеткіш – былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 22,3 пайызға жоғары. Апаттардың салдарынан 304 адам көз жұмып, 4 539 тұрғын әртүрлі дәрежедегі жарақат алған. Ал былтыр бұл сан сәйкес кезеңде 296 адам қайтыс болып, 3 392 адам дене жарақатын алған болатын. Еркебұлан Ахметовтің айтуынша, жол апаттарының негізгі себептерінің бірі – жүргізушілердің жол қозғалысы ережесін сақтамауы. Осы олқылықтың алдын алу мақсатында жыл басынан бері облыс аумағында 16 жедел профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған. Олардың қатарында «Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргінші», «Автобус», «Абайлаңыз, балалар!» сынды акциялар бар.
– Жол апаты себептерінің бірі – облыс аумағындағы жолдардың жағдайы. Қолданыстағы барлық жолға 1 423 тексеру жүргізілді, кемшіліктерді жою туралы жол жөндеу мекемелеріне ұйғарымдар жіберілді. Тексеру нәтижесінде 1 682 дана жол белгісі, 6 бағдаршам объектісі, 51 жол кедергісі, 1 200 м тротуар орнатылып, 93 жаяу жүргінші өткелі жарықтандырылды. 8 308 м2 жол таңбалары сызылды, – деді Еркебұлан Ахмедов.
Полиция департаментінің өкілі жол қозғалысын реттеу және жол апаттарының алдын алу мақсатында 16 жедел алдын алу іс-шаралары өткізілгенін атап өтті. Бұл жұмыстар аясында жол ережесін бұзу деректері анықталды: мас күйінде көлік жүргізу (608-бап) бойынша – 811; қарсы бағытқа шығу (596-бап, 3-тармағы) бойынша – 1 299; жаяу жүргіншіге басымдық бермеу (600-бап) бойынша – 3 292; жаяу жүргіншілермен жол ережелерін бұзу (615-бап) бойынша – 22 183.

Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде заманауи цифрлық бақылау жүйелерінің де үлесі зор. Еркебұлан Ахметовтің мәліметінше, бүгінде облыс аумағындағы жолдарда 325 автоматтандырылған бақылау кешені жұмыс істейді. Аталған жүйелердің көмегімен жыл басынан бері 563 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркеліп, нәтижесінде 7 миллиард 888 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Мұндай технологиялар жолдағы тәртіпті күшейтіп, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Бұдан бөлек, патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысын бақылау мақсатында 21 жылжымалы бақылау кешенін пайдаланып келеді. Оның ішінде, 11 кешен жасырын режимде жұмыс істеп, ереже бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді. Сондай-ақ, қарсы бағытқа шығу сияқты өрескел бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік беретін заманауи дрон құрылғылары да іске қосылған.
Сондай-ақ, Әкімшілік полиция басқарма бастығының орынбасары автокөлік жолдары мен жол құрылғыларын күтіп ұстау талаптарын орындамағаны үшін жол мекемелерінен 350 жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Оларға 22 млн теңге айыппұл салынған.
«Заң мен тәртіп» атты фотокөрме өтті
Алматы облысында полиция қызметкерлері жас ұрпақтың заңға, құқықтық тәртіпке және полицей мамандығына деген құрметін қалыптастыру мақсатында «Заң мен тәртіп» атты фотокөрме ұйымдастырды. Көрмеге «Жас сақшы» әскери-патриоттық сыныптарының оқушылары шақырылды. Оқушыларға экскурсия ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының қалыптасу кезеңдері мен ішкі істер органдарының даму тарихын бейнелейтін ерекше архивтік фотосуреттер көрсетілді. Сонымен қатар көрме барысында қазіргі кезеңдегі полиция қызметінің негізгі бағыттарына және ішкі істер органдары қызметкерлерінің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау ісіндегі еңбегіне ерекше назар аударылды.
Экспозиция бірнеше тақырыптық бөлімге бөлінген, әр бөлім еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бүгінге дейінгі тарихи кезеңдерді қамтиды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай көрмелерді облыстың басқа да аудандарында өткізу жоспарлануда. Бұл бастама жастардың қазақстандық полиция тарихымен және дәстүрлерімен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді. «Заң мен тәртіп» фотокөрмесі мәдени шара ғана емес, сонымен бірге патриотизм мен полиция мамандығына деген құрметті нығайтуға бағытталған тәрбиелік жұмыстың маңызды бөлігі болды. Бұл фотокөрме – жастарды құқық қорғау саласының мәні мен жауапкершілігіне жақындатудың тиімді жолы. Мұндай іс-шаралар жас буынның кәсіби бағдарын кеңейтіп, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздіктің маңызын терең түсінуге ықпал етеді.
Облыста қауіпсіз орта қалыптастыру ісі жаңа мазмұнмен жалғасып келеді. Соңғы айларда өңірде жол мәдениетін реттеу, жастар арасында жауапты мінез-құлық қалыптастыру және мемлекеттік құрылымдардың жұмысына деген сенімді арттыру бағытында нақты қадамдар жасалды. Қоғамдық қауіпсіздіктің әр саласын қамтитын бұл бастамалар өңірдің басқару жүйесінде алдын алу мәдениетінің күшейгенін көрсетеді.
Сымбат БЕГІМБАЙ