Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы марқұм жолдасы Қайрат Беркінбаев туралы жантебірентер жазба жариялады, – деп жазды Aikyn.kz.
Журналист бүгінде отбасында күйеуінің орны ойсырап тұрғанын жеткізді. Марқұм күйеуі туралы айтпауға қанша тырысқанмен, 6 қарашада уәдесі бұзылатынын айтты.
«Өмір сүруге бір-ақ шанс… Сізде де, менде де. Жалғыз берілген «өмір» атты мүмкіндігімде осындай сынақ келді. Қалай көтерудемін дейсіз бе? Ешқалай. Қабылдау 5 этаптан тұрады десе, соның бір сатысында ұзақ кідіруің мүмкін. Уақыт емдемейді, жай ғана жеңілдетеді. Өмірлік қағида, отбасыдағы ереже мен дәстүр, ұстаным — ештеңе өзгерген жоқ. Бәрі сол қалпы. Тек азаматым жоқ. Әдеттегідей жиі қонақ күтеміз, жұма сайын құран оқып, иіс шығарамыз. Тек енді төріміз бос. Әдеттегідей демалыста отбасымызбен түстенеміз. Тек енді отағасы жоқ. Әдеттегідей жырақта жүрсек, күнде кешке видеомен байланысамыз. Тек енді әкесіз. Әдеттегідей апта сайын гүл аламын. Тек енді жарым емес, өз-өзіме не ұлдарым сыйлайды.Ертең құда-құдағиымның алдында абыройлы болғым келеді. Бірдеңені бастамас бұрын «Қайреке қалай қабылдар еді, не деп айтар еді?» деп өзімнен сұраймын. Сондықтан менікіндей ауыр жүкті арқалап жүрген тағдырластарым! Сіз бен біздің жүзіміздегі күлкі, еңбек, даму — балаларымыздың жарқын болашағы, өзіміздің денсаулығымыз бен ішкі тыныштығымыз. Жаныңызға жақын іс табыңыз. Алла жеңілдігін берсін! Енді көрсетпеймін, жазбаймын, айтпаймын деген уәдем жыл сайын 6 қарашада бұзылады…», - деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.