Алматы қаласы әкімдігінде Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның төрағалығымен Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысы өтті. Жиынның негізгі тақырыбы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға түзетулер енгізуге арналды.
Мемлекеттік басқарудың мән-жайын талқылады
3,352
оқылды

Отырыста мәжілісмен Айдос Сарым Мем­ле­кет басшысының 5 қарашада «Қа­зақстан Республи­касы ішкі сая­сатының негізгі қағидаттарын, құн­дылықтары мен бағыттарын бе­кіту туралы» Жар­лық­қа қол қой­ғанын атап өтті. Бұл құжатта Қа­зақ­стан халқы Ассам­блеясымен қа­тар, Мәжіліс жанын­дағы Қоғ­ам­дық палатаға да ма­ңыз­ды орын берілген.

– Бұл – біздің Әділетті Қазақ­стан­ды құру жолында бірлесіп ат­қарған жұмысымыздың нәтижесі және оның мойындалуы. Алдағы уақытта да Қоғамдық палатаның қызметі алға қойылған мақсаттар мен міндеттердің орындалуына бағытталады деп ойлаймын, – деді Қоғамдық палата төрағасы.

Күн тәртібіндегі негізгі мәсе­леге көшкен Айдос Сарым 2022 жылғы Жолдауында Президент мемлекет пен жергілікті өзін-өзі басқару институттарының функ­цияларының аражігін тиімді ажырату қажеттігіне ерекше назар аударғанын еске салды. Осыған сүйене отырып, Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдама­сы әзірленді. 2023 жылы Үкімет тиісті заң жобасын енгізді, бірақ кейін кері қайтарып алды. 

Жиында Парламент депу­тат­тары бастамашы болған «Қазақ­стан Республикасындағы жер­гілікті мем­лекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға ен­гізілген жаңа түзетулер пакеті тал­қыланды. Құжат өзін-өзі бас­қару институт­тарын дамытуға және азаматтардың жергілікті қо­ғамдастықтар өміріне қатысу үр­дісін күшейтуге бағыт­тал­ған. Бас­тама авторы, Мәжіліс де­пу­таты Екатерина Смышляева оның не­гіз­гі ережелерін та­ныс­тырды.

– Біз жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қамту аясын кеңей­туіміз керек. Тек мәслихаттар мен басқа да институционалдық құры­лымдарға назар аудару – өткеннің еншісі. Тиімді жұмыс істейтін инс­титуционалдық емес бөлімшелер бар. Сонымен қатар өзін-өзі бас­қару функцияларын тиімді атқа­ратын, бірақ түрлі себеппен жалпы жүйеге біріктірілмеген жаңа инс­титуттар да бар. Оған әдіснамалық және тұжырымдамалық тұрғыда назар аудару қажет, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Жобада қарастырылған негізгі мәселелердің бірі – түрлі құры­лымдар арасындағы байланыс­тар­дың біркелкі болмауы. Екатерина Смышляеваның айтуынша, қазіргі таңда кейбір мекемелердің ашық­тық деңгейін жоғары болғанымен, кейбірі жабық күйінде қалып отыр. Сондықтан ашықтық пен жария­лылықтың бірыңғай стандартын енгізу ұсынылып отыр. 

Түзетулерде сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқарудың қар­жылық базасын нығайту үшін са­лықтарды бюджет деңгейлері ара­сында қайта бөлу қарастырылған. Дегенмен, депутаттың пікірінше, өкілеттік беру ресурстарды берумен қатар жүруі керек, әйтпесе жергі­лікті деңгейде өзін-өзі басқару туралы айтудың өзі қиын.

Ұлттық экономика вице-ми­нис­трі Бауыржан Омарбеков жер­гілікті басқару жүйесіндегі рефор­малар барысы мен әкімдерді сайлау туралы баяндады. Ол 2021 жылдан бері елімізде шамамен 3500 ауыл­дың әкімдері сайланғанын, 2023 жылы аудандар мен облыстық ма­ңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлау басталғанын айтты. Ре­фор­малар сайланған әкімдердің сай­лау бағдарламаларын іске асы­ру­дағы жеке жауапкершілігін кү­­шейтуге, олардың өкілеттігін ке­ңей­туге, ауылдық округтердің қар­жылық дербестігін арттыруға және бюджет рәсімдерін жеңіл­детуге бағыт­талған.

«Альтернатива» өзекті зерттеу­лер орталығының директоры, Қо­ғамдық палата мүшесі Андрей Че­ботарев жаңа түзетулер жобасына өзі бағасын берді. Құжаттың ар­тық­шылықтарына тоқтала келіп, «аумақтық өзін-өзі басқару» ұғы­мы­ның енгізілуі Алматыны қоса алғанда, республикалық және ай­мақтық маңызы бар қалалардағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жандандыруы мүмкін екенін айт­ты. Жергілікті өзін-өзі басқарудағы аумақтық кеңестер қызметін бұ­рын­ғыдай стандарт ережелер емес, жеке заң арқылы реттеуді ұсынған жаңашылдықтың маңыздылығын атап өтті.

Заң жобасындағы олқылық­тар­ға да тоқталған сарапшы қолданыс­тағы заңнамада «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын реттейтін ереженің жоқ екенін айтты.  

– Сондай-ақ мәслихат сессия­ларының ашықтығын қамтамасыз ететін тетік жоқ. Иә, заңда бұл ай­тылған, бірақ азаматтың отырысқа қалай қатыса алатыны түсініксіз. Тіпті, қатысу тәртібі де нақты көр­сетілмеген. Мәслихат депутаттары мен сайлаушылар арасындағы өзара байланыс жолы да түсініксіз. Азаматтарды қабылдау орындары бар, бірақ ашық есеп беру меха­низ­мі жоқ, – деді Андрей Чеботарев.

Қоғам қайреткері, саясат­та­ну­шы, «Халықаралық әлеуметтану және саясат институты» қоғамдық қоры директорының орынбасары, Қоғамдық палата мүшесі Марат Ши­бұтов тиісті заңнаманы жетіл­діру бойынша өз ұстанымын айтты. Ол заң жобасына мәслихаттардың басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы туралы жеке тарау қосуды ұсынды.

– Бұл аспект қолданыстағы заңнамада еш жерде қарасты­рыл­маған. Мәслихаттар және Прези­дент, Парламент, Үкімет, сондай-ақ республикалық бюджеттен қар­жы­ландырылатын басқа да мемле­кет­тік органдар, көршілес әкімшілік-аумақтық бірліктер арасындағы қа­рым-қатынасты, әсіресе агломе­рацияларды қалыптастыру және жол­дар мен қалааралық автобус ба­ғыттары сияқты инфрақұры­лым­дық мәселелерді бірлесіп шешу тұр­ғысынан нақты реттеу қажет, – деді Марат Шибұтов.

Сарапшы қазіргі ортақ заңды екі бөлек құжатқа – мемлекеттік басқару туралы және жергілікті өзін-өзі басқару туралы деп бөлу мүмкіндігін қарастырған жөн деген пікір айтты.

Еуразиялық тұтынушылар ода­ғының басшысы Светлана Рома­новская, Алматы қалалық мәсли­хатының депутаты, «Ақпа­рат­тық-ресурстық орталық» қоғамдық қорының директоры Алтынай Кө­беева, саясаттанушы Данияр Әшім­баев және Қоғамдық пал­а­таның басқа да мүшелері түзетулер жобасына қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. 

Кездесуде Алматы облысы Ра­йымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев пен Алматы облысы Ең­бек­шіқазақ ауданы Балтабай ауыл­дық округының әкімі Сәуле Әлі­пова жергілікті өзін-өзі басқа­ру органдарымен өзара байланыс­та жұмыс істеу тәжірибелерімен бөлісті.

Жиын соңында Айдос Сарым жиында айтылған ұсыныстар мен сарапшылық пікірлер Қоғамдық палатаның қорытынды ұсыным­дарына енгізілетінін, заң жобасы бойынша жұмыс тобына жіберіле­тінін атап өтті.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы