Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төраға­лығымен «Ұлттық мүдде» диалог алаңының кезекті отырысы өтті.
Ұлттық құндылықтарды насихаттаудың тиімді тәсілі
879
оқылды

Цифрлық технологиялар дәуірінде рухани және адам­гершілік болмысты сақтап қалу үшін не істеу керек? Ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолында жасанды интеллектінің әлеуе­тін қалай тиімді пайдалануға болады? Елордадағы Ұлттық му­зейде өткен кездесуде зиялы қауым өкілдері мен сарап­шылар осы мәселелерді талқылады.

Мәулен Әшімбаев қатысушыларға ілти­пат білдіріп, жаһандық цифрландыру мен жа­санды интеллектіні енгізудің қоғам өмі­рі­не және барлық салаға ықпалы зор екенін айт­ты. Бұл үдеріс әлемнің бет-бейнесін, адам­дардың ойлау жүйесін, мінез-құлқын жән­е құндылықтарын да өзгертетіні анық. Се­нат Төрағасы мұндай тарихи кезеңде та­бан тірейтін құндылықтарды айқындап, олар­ды жаңа заманға бейімдеу және тың те­тіктер арқылы уақыт талаптарымен үн­дес­тіру жолдарын анықтау маңызды міндет еке­­ніне назар аударды. Сондай-ақ ол Мем­ле­кет басшысы үнемі осы бағыттағы идеоло­гия­лық жұмысқа баса мән беріп келе жат­қа­нын атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауда Қазақстанды үш жыл ішін­де жаппай цифрлық елге айналдыру жөнінде нақ­ты міндет жүктеді. Мұндай қадам ұлттық біре­гейлігімізді одан әрі нығайтуға тың сер­пін береді. Кездесу барысында аталған ба­ғыт­тар мен ұлттық құндылықтарды дәріп­теу­де цифрлық технологияларды қолдану мә­селелері жан-жақты талқыланып, тың ұсы­ныстар айтылады деп сенеміз», – деді Мәу­лен Әшімбаев.

Палата Спикері атап өткендей, бүгінде адам­зат жаңа технологиялық дәуірге қадам басты. Былтыр бизнес жасанды интеллект са­ласына 250 млрд доллардан астам инвес­тиция құйса, биылғы көрсеткіш одан бір­не­ше есе жоғары. Сонымен қатар былтыр әлем­дік компаниялардың 78 пайызы жасан­ды интеллектіні қолданатынын растаған. Бұл аталған бағыттың аса жоғары қарқынмен да­мып, қоғам өміріне жаппай еніп жатқанын көр­­­сетеді. Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев цифрлық дәуірді қауіп емес, мүм­кін­дік ретінде қарастырып, ұлттық және цифр­­лық иммунитетті одан әрі нығайту маңыз­­ды екенін тілге тиек етті.

«Ұлттық құндылықтар заман көшіп, дәуір­лер алмасса да, шайқалмайтын негіз, құбыл­майтын бағдар болып қалуы керек. Сонымен қатар адалдық, еңбекқорлық және ор­тақ жауапкершілік секілді жалпыадам­зат­тық ұғымдар да айрықша мәнге ие. Осы орай­да ұлттық құндылықтарымызды цифр­лық кеңістікке алып шығып, заманауи тә­сіл­дермен дәріптеген абзал. Яғни, цифр­лан­дыру – қазіргі таңда ұлттық құндылықтарды насихаттаудың тиімді тетігі. Сондықтан цифр­лық дәуірді қауіп емес, мүмкіндік ре­тін­де қарастырған жөн», – деді Мәулен Әшімбаев.

«Ұлттық мүдде» диалог алаңында сена­торлармен қатар Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы, Қазақстан Жазушылар ода­ғының Басқарма төрағасы Мереке Құл­кенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері Баянғали Әлімжанов, Темірбек Жүр­ге­нов атындағы Қазақ ұлттық өнер ака­де­миясының ректоры Арман Жүдебаев, Жастар театрының көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай, IT визионер, CEO CodiPlay Данабек Қалиаж­даров, Президент жанындағы ҚСЗИ бөлім меңгерушісі Салтанат Ермаханова, суретші Сыр­лыбек Бекботаев, Astana IT University «Жасанды интеллект» ғылыми-инновация­лық орталығының директоры Бейбіт Әбдіке­нов, Сенат жанындағы Сарапшылар клубы­ның мүшесі Жанерке Кочйигит және тағы басқа қатысушылар сөз сөйледі.

Сонымен қатар «Ұлттық мүдде» диалог алаңының отырысы аясында шығарма­шылық индустрия өкілдері, оның ішінде ÓzgeEpic, лингвистер, студенттер, өнертану­шылар, суретшілер және басқа да түрлі сала ма­мандары жаңа технологиялардың көме­гі­мен әзірлеген жобалар көпшілікке таныс­тырылды. Олардың қатарында визуалды жә­не интерактивті технологиямен жабдық­талғ­ан E-museum веб-порталы бар. Аталған жо­ба әлемнің кез келген бұрышындағы аза­мат­тарға 3D үлгі арқылы ұлттық мәдени мұра­мызды тамашалауға мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ отырысқа қатысушылар руна жа­зуын оптикалық және интеллектуалдық тану арқылы оқып, талдауға, Steppe Games мо­бильді ойыны арқылы қазақ тілін оқытуға, «Қа­зақ әдебиетінің аудиоқоры», Қорқыт, Oyu Resonance бастамалары арқылы ұлттық әде­биет, тарих және өнерді тануға арналған жаңа жобалармен танысты.