Біз осы «ұят боладыны» ұлықтап жүргенде, ұрпақ сауатын уыстан шығарып алған жоқпыз ба? Шындығында, білімсіздің күні ғаріп дегенді бәріміз білеміз.
Асқарбек Құсайынов: Бала оқығанын тұрмыста пайдаланбаса – олқылық
2,212
оқылды

Біле тұра, бұған бас ауыртқымыз келмейтіні соншалық, қазір тіпті жауапкершіліктің өзін күнделікті күйбең тірлікке жаба салатынды шығардық. Ал ел ертеңінің еңселі болмағы – ұрпақтың естілігінде. Оны мұғалімдердің тамыз конференциясына тұңғыш рет қатысқан Мемлекет басшысы да шегелеп тұрып айтты. Оның үстіне, дәл осы білім беру саласы тәуелсіздік жылдары ең көп реформаны бастан өткерді. Сондықтан болар, ағарту саласына айтылатын алғыс та, арыз-шағым да аз емес. Осыны ескергендіктен, біз қазіргі білім беру саласының сапасы мен ағарту саласының ақсап жатқан тұстарын түгендеу үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайыновты әңгімеге тартып, сұхбат құрған едік.

– Асқарбек Қабыкенұлы, білім сапасын көтеру – мемлекеттік маңызы бар міндет. Оған ел Президенті ерекше көңіл бөліп отыр. Қа­зақстандық оқушылардың білім сапасы қазір халықаралық бағалауда қандай деңгейде? 

– Алдымен осы тақырыпты көтеріп отырған Aiqyn газетінің шығармашылық ұжымына алғыс айтамын. Ал нақты мәсе­ле­ге келер болсақ, білім сапасына қазір хал­ық­а­ралық зерттеулер, яғни PISA зерт­теуі негіз болады. Осы зерттеулерді сарала­сақ, қазақстандық оқушылардың PISA 2022 зерттеуіндегі көрсеткіштері 2012 жылғы зерттеумен салыстырғанда, өкінішке қарай төмендеп кеткен. Бұл кейінгі 10 жыл­дағы білім сапасының ахуалы. Ал PISA зерттеулері сапаны оқушылардың оқу, жа­ра­тылыстану және математикалық сауат­тылықтарын 6 деңгейлік тапсырмалар не­гізінде анықтайды. Оның 1-4 деңгейлері, негізінен, алған білім деңгейін анықтауға бағытталса, 5-6 деңгейлік тапсырмалары – оқушылардың алған білімін өмірде қалай пайдалана алатынын және құзыреттерінің қалыптасу деңгейін анықтайды. Өкінішке қарай, PISA 2022 зерттеуінде қазақстандық оқушылардың тек 3-4%-ы ғана 5-6 деңгей­лік тапсырмаларды орындай алған, ал 96-97%-ы мұндай тапсырмаларды орындай алмаған. Осыдан-ақ елдегі оқушылардың білім деңгейін өзіңіз бағамдай беріңіз... 

– Сонда бізде білім сапасы неге төмен, оның себебі неде? 

– Басты себеп, біз балаға білімді оның психологиялық-физиологиялық даму ерек­шеліктеріне сәйкес бермей отырмыз. Біз 2003 жылдан бері жүргізілген PISA зерт­теулерінің нәтижелерін саралап, білім сапасы озық елдерді анықтадық. Олар: Син­гапур, Макао (Қытай), Жапония, Оң­түстік Корея, ҚХР, Гонконг (Қытай), Эсто­ния, Канада, Финляндия және Польша елдері. Алдымен осы елдердің білім беру модельдеріне жүгіндік. Сөйтсек, бұл ел­дерде білім беру моделі балалардың пси­хо­логиялық-физиологиялық даму ерекше­ліктеріне сәйкес қабылданған. Мәселен, 6-11 жас аралығында балалардың бойында назар салу, ойлау, есте сақтау, сөйлеу сияқ­ты танымдық және психикалық процестер дамып, жас өркеннің әртүрлі ғылымның негіздерін меңгеру үшін қажетті қабілеттері қалыптаса бастайды. 12-14 жас аралығында олардың ойлау қабілеттері жетіліп, өз беті­мен жұмыс істеу қабілеттерінің қалыпта­суына байланысты оқу іс-әрекеті жаңа дең­гейге көтеріледі. Ал 15-17 жас аралы­ғын­да оқушы өзін-өзі таниды, өмірлік жос­парлар құрады, оқуға деген қызығушы­лығы артады, соның негізінде қалаған білімін терең меңгеруге талпынады. Жоғарыдағы елдерде балалардың осы даму ерекшеліктері ескеріліп, 6+3+3 делінетін білім беру моделі қабылданған. Демек, олар 6 жыл (6-11 жас аралығы) –  бастауыш мектепте, 3 жыл (12-14 жас) – орта, 3 жыл (15-17 жас) – жоғары мектепте білім алады. Ал Қазақстанда 4+5+2 моделімен жұмыс істейтін 11 жылдық білім беру жүйесі қал­ып­тасқан. Бір қызығы, әлемнің бірде-бір елінде мұндай модельмен білім беретін мектеп жоқ, себебі бұл модель бойынша оқыған балалар жақсы білім ала алмайды деп есептелінеді. 

– Осы айтқандарыңызды нақты бір мысалмен дәлелдей аласыз ба? 

– Әрине! Бізде бастауыштан көшіп, 5-сыныпқа барған оқушылардың білімі күрт төмендейді. Себебі бізде 10 жасында бастауыш мектепті бітірген балалар орта мектептің 5-сыныбына келеді. Онда ғы­лым­ның негіздері берілетін түрлі пән оқы­ты­лады. Ол пәндерде берілетін білім маз­мұны балалардың психологиясы мен фи­зиологиялық даму ерекшелігіне сәйкес келмейтіндіктен, оқушы ол пәндерді түсіне алмай жатады. Мұғалімдер қанша тырысса да, оқушы қанша талпынғанымен, оларды түсіну өте қиын. Бұл –мектеп өмірінде бар шындық, оны барлығымыз да білеміз, көріп жүрміз. Ал 5-6-сыныптарда берілетін білімді дұрыс меңгермеген оқушылар жоғары сыныптарда жақсы оқып кете алмайды, себебі алынбаған білім олқылығы әсер етеді.  

– Сонда біздің елдің білім беру саласында жаңашылдық, өзге елдермен салыстыра­тындай өзгешеліктер жоқ дегіңіз келе ме? 

– Жалпы, балаларға білім беру  педа­гогикалық тұрғыдан аса күрделі процесс. Мысалы, барлығымыз мектепте химия пәнін оқыдық. Менделеевтің периодтық жүйесін жаттадық. Енді осы пәнге қатысты бірер қарапайым сұрақ. Күнделікті өмірде пайдаланылатын сұйық сабындардың сыртында оның химиялық құрамы жазыл­ған. Біз соларға қарап бір сабынның екінші сабыннан қандай айырмашылығы бар екенін айта аламыз ба?! Ойланатын дү­ние... Егер де оқыған-тоқыған дүниені күн­делікті тұрмыста пайдаланбайтын болсақ, онда оны не үшін оқыдық? Көр­діңіз бе?! Дәл осы секілді басқа пәндерге қатысты да көп мысал келтіруге болады. Осы жайларды білген танымал ғалымдар кезінде қатты күйзелген. К.Ушинский: «Біз кез келген жарамсыз қоқысты баланың басына құя береміз, ал бала оны қалай пай­далануды білмейді» десе, В.Бацын: «Бала өмірінің ең маңызды шағында 10-11 жыл бойы мектепте алған білімінің 90%-дан астамы жарамсыз болып қала береді» деп бекерден-бекер жазбаған болар... 

– Ал бұл түйткілдердің түйінін дамыған елдер қалай шешіп отыр? 

– Біз Қазақстан мен Ұлыбританияда биология пәні қалай оқытылатынын сараладық. Бұл пән де күрделі пәндердің бірі. Екі елде де Биология пәнінің «Тыныс алу» бөлімі бар. Міне, осы тақырып бо­йынша Қазақстандық оқулықта 11 тақыр­ып берілген болса, Ұлыбритания оқулы­ғын­да 3 қана  тақырып берілген. Бізде әр тақырыпты оқығанда көп көлемде ақпарат беріледі және олар ғылыми сипатта бол­а­ды, ал Ұлыбританияда көлемді ақпарат бер­іл­мейді, әр тақырып тәжірибеге бағыт­талып, өмірлік жағдаяттармен байланыс­тырылып оқытылады. Бұл тақырыпта оқы­ғанда дұрыс тыныс алу балалардың өмір­іне қаншалықты маңызды екенін түсіндіруге көп көңіл бөлінеді. Бұл біздің мектепте оқушыларға әр пән бойынша көп білім, көп ақпарат берітінімізді, есесіне «оқу­шылардың құзыреттерін қалы­птас­тыр­ып, нәтижеге бағытталған білім беру» парадигмасына өте алмай келе жатқаны­мызды көрсетеді. Бұл – өте өкінішті жағ­дай. Алдағы уақытта енгізілуге жоспар­ланып жатқан жаңа білім беру стандарты мен оқу бағдарламарының сапасына, ғалым­дар мен мұғалімдар тарапынан сыни пікірлер көп айтылды. Бірақ, өкінішке қарай олар ескерілмей келеді.

– Сонда біздің білім беру саласына жау­ап­тылар дамыған елдердің тәжірибесін біл­мей ме, зерттемеген бе, әлде бұның басқа сыры бар ма? Құпия болмаса, айтыңызшы... 

– Біз Қазақстан мен Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия және Канада елдерінің 7-9-сыныптарда оқитын пәндері мен олардың жүктемелерін салыстырдық. Бір ғана жағдайға көңіл аударайық. Бұл елдерде осы сыныптарда 4-6 негізгі пән оқытылса, бізде 7-8-сыныптарда 13, ал 9-сын­ыпта 14 негізгі пән оқытылады. 7-9-сыныптарда химия, биология, гео­гра­фия пәндері бізде жеке-жеке пән ретінде 578 сағат көлемінде оқытылатын болса, жо­ғарыдағы елдерде осы пәндер топтас­тырылып ғылым пәні ретінде 1,8 есе аз, тек 324 сағат қана оқытылады. Осыған қара­мас­тан, бұл елдердің оқушыларының жартылыстану сауаттылығы біздің оқушы­лардың жартылыстану сауаттылығына қарағанда әлдеқайда жоғары екенін PISA зерттеулері көрсетіп тұр. Енді жоғары сыныптарға келейік. Бізде жоғары, яғни 10-11-сыныптарда балалар 2 жыл оқиды, ал бұл елдерде жоғары мектепке 10-12-сынып­тар жатады, яғни балалар 3 жыл оқиды. Біз еліміздің жоғары мектебі мен бұл ел­дердің жоғары мектебін мүлде салыстыра алмаймыз. Себебі олар өзгеше жұмыс іс­тей­ді. Бізде оқушыларға жаратылыстану, математикалық және қоғамдық-гумани­тарлық бағыттар бойынша білім беру қарас­­тырылған. Осы екі бағытта 78-89% көлемінде бірдей пәндер оқытылады, шын­ын айтқанда, бірдей білім беріледі. Ал бұл елдерде 10-12-сыныптардың басты мақсаты – оқушылардың болашақта таңдаған мамандығын университеттерде жақсы меңгеруіне қажетті білім беріледі. Мысалы, инженерлік мамандықты таңда­ған оқушылар мен дәрігерлік мамандықты таңдаған оқушылар 3 жыл бойы бөлек жеке оқу бағдарламаларымен білім алады. 

– Демек, біздегі нақты ғылым мен тех­никалық білім-ғылымның дамымай отыр­ғаны­на осы себеп дегіңіз келеді ғой? 

– Өкінішке қарай, солай. Біздің техни­калық университеттерді тәмамдаған жүз­де­ген-мыңдаған инженердің бірде-бірі осы күнге дейін бір қарапайым кір жуатын ма­шина жасап шығарды ма?! Немесе «Қа­зақстанда жасалған» деген бізде әлем­дік брендтер бар ма?! Жоқ. Себебі техника­лық уни­верситеттерге келген жас түлек мек­тепте ешқандай арнайы білім алмаған­дықтан, университеттерде берілетін білімді терең меңгере алмайды. Ал дамыған елдерде техникалық университеттер бір мамандықтың өзін екі түрлі оқу бағдарла­малары негізінде даярлайды. Бірі өндірісте жұмыс істейтін инженерлер, екіншісі ғылыми-инженерлер. Бізде тек өндірісте жұмыс істейтін инженерлер дайындайды, бірде-бір университет ғалым-инженерлер дайындамайды. Оларды оқыту бағдарла­ма­лары университеттердің оқу процесіне енгізілмеген. Себебі ондай оқыту бағдар­ла­маларын мектептен келген түлектер меңгере алмайды. Біз, өкінішке қарай, бұл елдерден техникалық кадрлар дайындауда бір саты артта қалып келеміз. Бізде әлі ғалым-инженерлер дайындау жұмыстары басталған жоқ. Елдің ғылыми-техникалық дамуда кенже қалып келе жатуының басты себебі – осы. 

– Қазір елімізде көптеген шетелдік ЖОО-ның филиалдары ашылып жатыр. Енді осы оқу орындарында оқыған жастары­мыз жақсы білім алатын болар? 

– Жоқ, ала алмайды. Рас, кейінгі жыл­дары елімізде шетелдердің танымал универ­ситеттерінің филиалдары ашылып жатыр. Біз қазірдің өзінде осы филиалдарда оқитын жастарымыз сол елдерде оқитын студенттер сияқты жақсы білім ала алмай­ты­нын, ауыр да болса, ащы шындық рет­інде ашық айтуы­мыз керек. Себебі ол ел­дер­де бұл универси­тет­терге мектепте 12 жыл оқыған және оның соңғы 3 жылында, сол университеттерде оқы­тылатын күрделі пәндерді терең меңгеру­ге қажетті арнайы білім алған түлектер келеді, ал біздің түлек­тер мектепте ондай білім алмайды. Сон­дықтан олар универси­тетте жақсы білім ала алмайды.  

– Түсінікті. Асқарбек Қабыкенұлы, Мемлекет басшысы 2020 жылы Түркістан қала­­сында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кең­е­сінің отырысында: «Қазақстан оқу­шы­лардың білім деңгейін халықаралық баға­лауда дамыған елдерден айтарлықтай артта қалды. Оның басты себебі – осы аса маңыз­ды салада жүйелі және ойластырылған ре­фор­малардың жоқты­ғы» деп атап көрсетті. Сіздіңше, қазір елімізде қандай реформа жүр­гізілу керек және оны қалай жүргізу керек деп ойлайсыз? 

– Иә, расымен, Мемлекет басшысы айтқандай, жүйелі және ойластырылған реформа жүргізу керек. Біз Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың орта білім сапасын көтеру мақсатында ойластырылған жүйелі реформа жүргізу туралы айтқан ұсынысын толық қолдаймыз. Білім сапасын көтеру үшін басқа да шешілуі қажетті проблема­лардың бар екенін білеміз. Бірақ жоғарыда айтылған проблемалар шешілмей білім сапасын дамыған елдердің сапасы дең­гейі­не көтере алмаймыз. Еліміздің мектептер­інде жүздеген-мыңдаған дарынды жақсы ұстаз бар. Біздің балаларымыздың білім алу қабілеті өте жоғары. Әрі оны әлем мойын­дап отыр. Ал осы оқушыларымыздың білім сапасының әлемдік деңгейде төмен болуы­на олардың да, оларды оқытып отырған мыңдаған мұғалімнің де ешқандай кінәсі жоқ. Оған білім сапасының идеологиясын жасап отырған идеологтар кінәлі. Олар еліміздің орта білім беру сапасын көтерудің дұрыс жолын көрсете алмай келеді. Сон­дық­тан жүйелі реформа жүргізгенде алды­мен оқушыларға жас ерекшеліктеріне, яғни олардың психологиялық-физиоло­гия­лық даму ерекшеліктерін ескере отырып, олар меңгере алатын білімді ғана беру керек. Сонымен бірге олардың бо­йын­да бар қабілетін, құзыретін дамыта отырып, алған білімін өмірде пайдалана алатындай етіп беру керек. Бір сөзбен айт­қан­да, оқушылардың құзыретін қалып­тас­тыра отырып, нәтижеге бағытталған білім беруге негізделген, 12 жылдық білім беру моделіне көшу керек. Бұл – әлемнің дамыған елдерінде іске асырылған дүние. Бізге жаңа бір дүние ойлап табудың қажеті жоқ. Сол елдерді зерттеп, сол зерттеу нә­тижелерін өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді, ұлттық қарым-қабілеттеріміз бен қасиет­тері­мізді ескере отырып қана іске асырсақ болды. Ниет болса, бұл жұмыстар да іске асар. Мұндай зерттеулер жүргізу үшін көп қаражат қажет емес. Бұл техника саласында емес, педагогика саласында жүргізілетін зерттеулер ғой. Оған атом электр стансасын салуға қажетті қаражаттың мыңнан бір бөлігі ғана жетеді. Ал соның негізінде, жас ұрпаққа әлемдік деңгейде сапалы білім беретін болсақ, онда озық білім алған жас­тарымыздың ел экономикасына беретін пайдасы қазіргіден мыңдаған есе артық болар еді. Әлемнің барлық озық елдері «білім – білік – дағды» парадигмасынан кетіп, білім берудің жаңа парадигмасына өткеніне 30 жылдай уақыт болса да, біз әлі бұл парадигмаға өте алмай, оқушыларға сапалы білім бере алмай отырмыз. Демек, білім сапасын көтеруде осы елдерден осын­ша уақыт артта қалып келе жатқаны­мызды мойындауымыз керек.  

– Сіздіңше, сонда қазір не істеуіміз керек? 

– Қайталап айтамын, 6+3+3 моделімен жұмыс істейтін 12 жылдық мектепке көшу керек. Болды. Ал қазір бізде 12 жылдық мектеп туралы әңгіме көтерілетін болса, біраз жұрт қаражат жоқ деп бұл мәселенің шешілуін кейінгі сырып, кешеуілдете береді. Мен бұны ел келешегін, ұрпақ бола­шағын ойламайтын және білім беру проблемасын мүлде түсінбейтін жандардың пікірі деп есептеймін. Шетелдердің озық тәжірибелерін ескере отырып, 12 жылдық мектепке өтуді 4 кезеңде іске асыруға бола­ды. Алдымен 2 жыл көлемінде тиянақты ҒЗЖ жүргізіп,  бастауыш мектептің білім мазмұнын жасап, 1-сыныптың оқу құрал­дарын дайындау керек. Екінші кезеңде, жыл сайын бір сыныптан жаңа оқу бағдар­ламасына көшу және 7-9-сыныптардың білім мазмұнын жасау қажет. Үшінші кез­еңде 7-9-сыныптардың өтуін қамтама­сыз етіп, 10-12-сыныптардың білім бағдар­ла­масын жасау керек. Сосын төртінші кезеңде 10-12-сыныптардың өтуін қамта­масыз етсек болды. Сонда мектептерге 12-сыныпта оқитын оқушылар 12 жылдан кейін ғана келетін болады. Ол уақытта елімізде қосымша бір сыныпты оқытуға қажетті жағдай болады деп есептейміз. Осындай реформа жүйелі түрде жүргізілетін болса, онда алдағы 7-8 жылда бастауыш мектеп оқушыларына озық елдер дең­гей­ін­дегі білім бірілетін болады. Бастауыш мек­тепте алған білім жалпы білімнің мық­ты тұғыры болады да, алдағы уақытта қа­зақ­стандық оқушылардың білім сапасы жо­ғары деңгейге өзінен-өзі сатылап көтері­ле береді. Балаларымыз сапалы білім алатын болса, еліміздің ғылыми-техни­калық әлеуеті мен экономикасы өсіп, халық­тың әл-ауқаты да түзелері сөзсіз. 

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан Бекәлі ЖӘДІК