Мұз айдынындағы мәрмәр майданы

Керлингтен ұлттық құрама барлық құрлық чемпио-натында күміс жүлде иеленді. «Мұз үстіндегі шахматтан» қазақ жастары дес бермей келеді. Біле-білгенге олардың еңбегінің құны жоғары. Неге десеңіз, бапкерсіз топқа түсіп, жүлде алып, бір үйден қос спортшы шығарып жүр.

АҚШ-тың Миннесота штатында өткен керлингтен барлық құрлықтағы елдерді қам­титын чемпионатта (Pan Continental Championships) Қазақстан ерлер және әйелдер құрамасы жүлделі орыннан көрінді. 

Ерлер құрамасы сапында Абылайхан Жүзбай (скип), Әділ Жұмағожа, Айдос Алиар, Дмитрий Гарагул, Ибрагим Тастемір бар. Қарсыластары Бразилия, Қытайдың Тайпейі, Гайана, Гонконг, Үндістан, Мексика, Нигерия, Пуэрто-Рико, Сауд Арабиясы, Тайланд болды. Команда В дивизионында топтық кезеңде 9 жеңіспен (1 жеңіліс) 2-орынға ие болды. Жарты­лай финалда Гайанадан 10:7 есебімен басым түссе, финалда Гонконгқа 9:10 есебімен есе жіберді. 

А дивизионындағы 9 елдің арасында Қазақстан әйелдер құрамасы да бар. Ұлттық құрама ойыншылары: Ангелина Эбауер (скип), Тылсымай Аллиярова, Мерей Тастемір, Ан­гелина Пеняева, Кристина Рахманова. Қар­сыласы Бразилия, Қытайдың Тайпейі, Гонконг, Филиппин, Пуэрто-Рико, Таиланд болды. Біздің спортшылар топтық кезеңде 4 жеңістің арқа­сында (2 жеңіліс) 2-орынға ие болды. Жартылай финалда Пуэрто-Риконы 11:4 есебі­мен ұтқанымен, финалда Филиппинге 2:11 есебімен жол берді.

Тізімді бақсаңыз, Мерей мен Ибрагим Тастемірге көзіңіз түседі. Бір үйдің балалары жасөспірімдер арасындағы ақ Олимпиадада бақ сынаған-ды. Талантты спортшы Мерей Тас­темірдің айтуынша, ол керлингке 6 жасында келген. Астанада керлинг үйірмесі ашылғанын естіп, жаттығуға асыққан. Тынымсыз еңбектің арқасында 2022 жылы жасөспірімдер құрама­сына қабылданған. Өзі ғана емес, інісін де спортқа баулып, бірге мұз үстінде шахмат ойнауды үйреткен. Сөйтіп, үйірмеден басталған қызығушылық екеуін әлемдік додадан бірақ шығарған. 

Елімізде 2000 жылдан бері Керлинг федерациясы жұмыс істейді десек те, кейінгі екі жыл көлемінде аталған спорт түрі туралы кеңі­нен айтылып жүр. Иә, ойын ережесі қарапайым көрінгенмен, ақыл-ой мен ептілікті қажет етеді. Шарт бойынша төрт адамнан құралған екі команда жарысады. Әрбіріне сегіз тас беріледі. Мұзайдынының ортасында сызылған шеңбер нысаны бар. Қатысушылар алма-кезек тасты қолындағы ысқыш көмегімен нысанаға жақын­датуы керек. Соған сай командадағы әрбір ойыншы өз позициясынан жаңылмай, жеңіс жолында тер төгеді. Қызығы сол, тастың сал­ма­ғы 19-20 келі тартады. Ал ұпайды қалай ен­шілейді десеңіз, нысанаға қарай кім көбірек тас жеткізеді, соның ұпайы түгел. Сол үшін стра­тегияны дұрыс құрып, ақылын кәдеге жарата алған команда ғана алға шығады. Содан да болар, бұл спорт түрін «мұз үстіндегі шахмат» деп атайды. 

«Командалық ойынның басты ерекшелігі – ортақ стратегия, тактика және бірлесе жұмыс істеу. Әр ойыншы өз міндетін жауапкершілікпен атқарып, нәтижеге үлес қосады. Бұл жерде әр нөмірдегі ойыншының нақты бір рөлі жоқ. Себебі тактикаға байланысты міндет өзгеріп отырады. Мысалы, мен төртінші нөмірде ой­най­мын, менің рөлім – команда капитаны ретінде ойынның тактикасын жүргізу. Такти­каны ойынға, эндқа қоямыз, ол әр тастан кейін де өзгере береді. Себебі нұсқау қалағаныңдай болмаса тактиканы да өзгертуге тура келе­ді», – дейді керлингтен ерлер құрама­сының капитаны Абылайхан Жүзбай.

Керлингтен ұлттық құрама басшысы Гауһар Үмбетбаеваның айтуынша, қазір 12 аймақта федерация бар. Дегенмен нақты жұмыс істеп жүргені – 10. Бір өңір алға озды, кейінгісі оза шапты дей алмайтыны тағы бар. Өйткені бәрі бір деңгейде дамып жатыр. Негізгі құрамға келсек, Алматы облысынан – екеу, ШҚО-дан – екеу, Астана қаласынан – үшеу, Алматы қа­ласынан – біреу, Қостанай облысынан – біреу, СҚО-дан бір спортшы бар. Ерлер, әйелдер, жасөспірімдер мен паралимпиадалық коман­да спортшылары Алматыдағы ұлттық керлинг орталығында жиналады. Сондай-ақ бұл спорт түрімен айналысатындардың жас шамасы – 16-60 жас. Білікті жаттықтырушы Абай Нұрбаевтың айтуынша, керлингке 7 жас­тан бастап қатысуға болады. 

Осындайда керлингтің қысқы Олим­пиада ойындары тізіміне енгенін айта кету керек. Спортшылар биыл бақ сынай ма десеңіз, жауабымыз – жоқ. Себебі құрама жетекшісінің айтуынша, қаржыландыру дұрыс жүрмеген соң, алдағы ақ Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік жоқ. Оған қоса, федерация уақытылы өтінім бермеген соң ұлттық құрама Әлем чем­пионатынан да тыс қалған. 

«Елімізде керлингке арналған арнайы мұзайдыны жоқ. Қазір құраманың қыз-жігіттері аренада еркін жаттыға алмайды. Өйткені мәнерлеп сырғанау, шорт-трек сияқты спорт түрімен шұғылданатын спортшыға да мұзай­дыны керек. Бұл дайындық сапасы мен жиілі­гіне кедергі келтіреді. Сондай-ақ аймақтардағы жеткіліксіз инфрақұрылым, жергілікті жердегі жаттықтырушы тапшылығы мен қаржылан­дырудың азы – спортшылардың жүйелі жат­тығуына және халықаралық деңгейде нәтижесін көтеруге кедергі болып тұр», – дейді Гауһар Үмбетбаева. 

Соған қарамастан, Қазақстан құрамасы кейінгі жылдары Панконтиненталдық чемпионаттарда (Pan Continental Curling Championships) тұрақты түрде жақсы нәтиже көрсетіп жүр. 2024 жылы әйелдер құрамасы 3-орын ие­ленсе, биыл 2-орынға көтерілді. Ерлер құрамасы 2024 жылы күміс жүлдегер атанса, биыл да екінші орынға тұрақтаған. 

Қазір спортшылар әлеуметтік желіде ойын нақ әрі өткір жазып жүр. Әсіресе, керлингші қыздар құраманың бірнеше жарыста бапкерсіз бақ сынағанын, демеуші іздеп сандалғанын ақтарып салды. Мұны құрама жетекшісі де мақұлдап отыр. Оның сөзінше, бәрі айналып келгенде бапкер тәжірибесінің азына келіп тіреледі. 

«Әр аймақтың өз бапкері бар, десе де, олардың тәжірибесі жеткіліксіз болып тұр. Шетелден консультант шақырдық, бірақ қаржыландыру болмаған соң, қазір ұлттық құрама қыз-жігіттері бапкерсіз жаттығып жүр. Жақында Америкада өткен бәсекеге қағаз жүзінде Қостанай облысының бапкерін тіркеп, жібердік. Шынтауайтында, құрлық асып топқа түсуге кәсіпкерлер демеуші болды. Мысалы, VILARSO крипто-бренді тұрақты демеушіге айналып, жарысқа қатысуға үлес қосты. KazServiceAvia туристік агенттігі кепілдік хатымен әуе билетін уақытылы алып берді. Спортты дамыту дирекциясы мен Қостанай облысының спорт басқармасы спортшылардың іссапарға шығуына атсалысты», – дейді құрама жетекшісі Гауһар Үмбетбаева. 

Расымен, қыз-жігіттер мұзайдынында тек ауыр тасты сырғытып жүрген жоқ. Өзінің сонша жыл төккен терін, ақ Олимпиадаға қатыссам дейтін арманын, еленбей жатқан еңбегін сүйреп жүр. Алтынға нық қадам жасайын десе, демейтін білікті бапкер тапшы. Маманды шетелден шақырайын десе, қол қысқа. Кейбірі 20 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан федерацияның жыртығын жамай алмай келе жатқанын түсін­бей әлек. Себебі әлем де, ел іші де керлинг­шілердің құрлықаралық додаға бапкерсіз барып-келгенінен бейхабар. 

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ