Жаһандық климат жыл сайын өзгеруде, осыған байланысты парниктік газдарды азайту жөніндегі халықаралық міндеттемелер бар екені белгілі. Бұл жағдайға қарамастан карбонды егіншілік аграрлық секторды дамытудың стратегиялық бағытына айналып отыр.
Алғашқы көміртек полигоны ашылды
3,342
оқылды

Қазақстан Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Мемлекет бас­шысының климаттық тұрақтылықты қам­тамасыз ету және Қазақстанның 2060 жыл­ға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында 2025 жылғы 30 қазанда еліміздегі алғашқы агроклиматтық карбон полигонын – KAZ AGRO CARBON-ды ашты. Полигон А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталы­ғының базасында орналасқан, ал серіктес ретінде Ресей ғылым академиясының Аграр­лық экология федералдық ғылыми орталығы қатысуда.

Полигон типтік агроландшафттық аумақ­та орналасып, экожүйелердің жағ­дай­ын жыл бойы бақылауға мүмкіндік бе­ретін заманауи жабдықтармен қамтама­сыз етілген. Мұнда топырақтағы көміртегі теңгерімін, CO₂ және CH₄ ағынын өлшейтін камералар мен сенсорлар орнатылған, сон­дай-ақ температура, ылғалдылық пен жауын-шашын көрсеткіштерін тіркейтін метеорологиялық бекеттер жұмыс істейді. 

Сараптамалық бағалаулар бойынша, Қазақстанда көміртекті секвестрлеу әлеуе­ті жылына 535 млн тоннаға дейін жетуі мүм­кін. Негізі, көміртекті офсеттер сауда­сы жыл сайын ел экономикасына 25 млрд долларға дейін тартуға мүмкіндік береді. Яғни, орнықты даму мен экономикалық әлеуетті нығайту үшін жаңа перспективалар ашады. Полигон фермерлер үшін тәжіри­бе­лік алаңға айналып, олар жиналған көміртегіні сертификаттау және көміртегіні квоталау жүйесіне қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл – Қазақстанның көміртегі квоталары нарығына ресми түрде шығуына және экологиялық нәтижелерді нақты эко­но­микалық табысқа айналдыруға жол ашады.

Карбон полигонының ашылуы аясын­да карбонды егіншілікті дамытудағы негізгі сын-қатерлер мен полигон жұмысының басым бағыттары талқыланған көшпелі кеңес өткізілді. Өз сөзінде Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күр­іш­баев көміртегі бейтараптығына қол жет­кізу Қазақстан үшін климаттық мақ­сат­­тарды жүзеге асырудың басты бағыты екенін атады. 

– Біздің елімізде топырақ пен биомас­сада көміртегіні жинақтау әлеуеті зор. Кең жайылымдар мен игерілмеген жерлерді қалпына келтіріп, оларды тиімді көміртегі қоймасы ретінде пайдалануға болады. Осы тұрғыда Ресей ғылым академиясының Аграрлық экология федералдық ғылыми орталығымен бірлесіп құрылған бұл кар­бон полигоны азық-түлік қауіпсіздігі мін­деттерін ұлттық климаттық стратегия мақ­саттарымен біріктіруге мүмкіндік бе­реді. Kaz Agro Carbon карбон полигоны – көміртегі теңгерімі мен парниктік газдарды өлшеу, модельдеу, болжау және басқару бойынша бірегей ғылыми-тәжірибелік база әрі тиімді алаң болады. Екі елдің ға­лым­дары ауыл шаруашылығы экожүйелер­інде парниктік газдар шығарындыларын азайту және көмірқышқыл газын сіңіру технологияларын әзірлеп, сынақтан өт­кіз­е­ді. Полигон Қазақстанда ашық мони­торинг пен сертификаттау деректеріне негізделген көміртегі бірліктері нарығын қалыптастыруға мүмкіндік беріп, ішкі сауданы дамыту мен халықаралық кли­мат­тық механизмдерге интеграцияланудың негізін қалайды, – деді.

Күрішбаевтың сөзінше, ауыл шаруа­шылығы өндірушілері үшін полигон эко­логиялық және экономикалық артықшы­лықтарды біріктіретін маңызды құрал болмақ. Ол оларға ғылыми-зерттеулер мен сынақтардың нәтижелерін нақты өндіріс­тік жағдайларда қолдануға, жиналған көміртегіні сертификаттау жүйесіне және квоталау механизмдеріне қатысып, көмір­тегі несиелері мен қосымша табыс алуға мүмкіндік бермек.

Көміртекті егіншілікті табысты дамыту үшін Қазақстанда агроэкожүйелердегі көм­ір­тегіні басқарудың жүйелі моделі қажет. Осы бағыттың маңыздылығын мой­ындай отырып, академия ұзақмерзімді ғылыми-техникалық бағдарламаға арнал­ған «Карбонды егіншіліктегі топырақ көмір­тегін және парниктік газдарды бас­қарудың кешенді және интеграцияланған тәсілдері: топырақ құнарлылығын арттыру және аграрлық сектордың климаттық тұрақ­тылығын қамтамасыз ету стратегия­сы» атты техникалық тапсырма жобасын әзірлеген.

Ресейлік әріптестер екі ел арасындағы карбондық «полигонын» ашу жөніндегі келісімдердің маңыздылығын және оны іске асырудың нақты қадамдарын жоғары бағалап отыр. Бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы бірлескен ғылыми-зерттеу, климаттық және агротехнологиялық бас­та­маларды дамытуға жаңа серпін береді.

Басқосуға тиісті ведомство өкілдерімен қатар, шетелдік ғалымдар да қатысты. Алдағы уақытта полигон Қазақстанда көміртегі бірліктерін сертификаттау және квоталау жүйесіндегі орталыққа айналып, көміртегі нарығын қалыптастыру және халық­аралық климаттық жобаларды бір­лесіп іске асыру бағытында практикалық ынтымақтастық алаңы болмақ.