Financial Times материалының негізінде Aikyn.kz смарт-сағаттардың жаңа мүмкіндіктерін талдайды.
Бұл әдіс жүрек ауруларын ерте скринингтен өткізу тәсілін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Фото vademec.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Freepik.com
Ғалымдар жасанды интеллекті пайдаланып, Apple Watch смарт-сағатынан алынған электрокардиограмма (ЭКГ) деректері арқылы жүректегі ақауларды анықтай бастады. Бұл – кардиологиялық диагностика саласындағы соңғы жетістіктердің бірі.
Жаңа әдіс күрделі медициналық құралдарды қажет етпейді. Apple Watch-тың артқы бөлігіндегі сенсорлар мен цифрлық тәждің көмегімен жазылатын ЭКГ жеткілікті. Алғашқы нәтижелер Америкалық кардиологиялық қауымдастықтың Жаңа Орлеанда өткен жыл сайынғы ғылыми сессиясында таныстырылды.
Зерттеу әлі рецензиядан өтпегенімен, авторлар бұл әдістің «жүрек ауруларын ерте скринингтен өткізу тәсілін түбегейлі өзгертуі мүмкін» екенін атап өткен.
Жаңа технология жүректің сорғы функциясының әлсіреуі, қақпақшалардың зақымдануы мен бұлшық ет қабатының қалыңдауы сияқты ауытқуларды анықтай алады.
Йель университетінің жүрек-қан тамырлары деректері зертханасының директоры және зерттеу жетекшісі Рохан Кхера: «Бұл технология көптеген адамдарда бар смарт құрылғыларды пайдалану арқылы жүректің құрылымдық ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік береді», – дейді.
Ғалымдар 2015-2023 жылдар аралығында Йель ауруханасының 110 006 пациентінен алынған 266 000 күрделі 12 арналы ЭКГ өлшемдерін пайдаланған. Осы деректер жасанды интеллект алгоритмін үйретуге негіз болған.
Алгоритмнің мақсаты – тек бір арналы ЭКГ деректері арқылы 12 арналы ЭКГ анықтай алатын құрылымдық ақауларды тану. Үйрету кезінде зерттеушілер модельдің сенімділігін арттыру үшін сигналдарға әдейі «шу» да енгізген. Осылайша, смарт-сағаттардан келетін шынайы деректердегі кемшіліктерді имитациялаған.
Кейін алгоритм 600 амбулаториялық науқасқа тестіленді. Барлық қатысушылар Apple Watch арқылы 30 секундтық бір арналы ЭКГ жазып, сол күні жүрек ультрадыбыстық зерттеуінен өтеді. Нәтижесінде, жасанды интеллект жүрек құрылымдық аурулары бар науқастарды 86% дәлдікпен анықтап, ауруы жоқ адамдарды 99% жағдайда дұрыс ажырата алған.
Зерттеу тобы әдістің әлеуетін мойындағанымен, кейбір шектеулер де бар екенін атап өтуде. Мысалы, құрылымдық жүрек аурулары бар науқастардың саны аз және кейбір жағдайда ЖИ нәтижелері қате болған.
Лондондағы Империялық колледждің кардиология профессоры Фу Сыонг Нг бұл тәсілді ЭКГ деректерін жасанды интеллект көмегімен клиникадан тыс жағдайда, қарапайым халық арасында қолдану жөніндегі жаһандық бастамалардың бір бөлігі деп атады.
«Қазір жасырын жүрек жеткіліксіздігі мен қақпақша ақауларын анықтау үшін жасанды интеллектпен ЭКГ талдау алгоритмдерін әзірлеуге үлкен қызығушылық бар. Біздің де зерттеу топтарымыз смарт-сағаттардың осындай жасырын жүрек ауруларын ерте анықтау қабілетін сынап жатыр», – дейді ол.
Apple Watch және басқа да киілетін құрылғылар тек фитнес немесе аритмияны бақылауға арналған құралдардан гөрі толыққанды кардиологиялық скрининг платформасына айнала бастады. Ғалымдар бұл технология алдағы жылдары ауруларды ерте анықтауды жаппай қолжетімді етіп, әсіресе шалғай аймақтардағы медициналық тексерулерді жеңілдететініне сенімді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.