Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Әдеби сын» номинациясы: «Жансебіл» туралы бірер сөз
1,209
оқылды

Авторы: Көкжиек

 

Қазіргі қазақ прозасындағы қоғамдық өзгерістер мен рухани ізденістер, адам санасындағы ішкі күйзелістермен тығыз байланысты. Жазушылар шығармаларында адамның жан дүниесін, сезімін, ішкі психологиялық жағдайын терең әрі шынайы жеткізу тенденциясы арта түсті. Бұл – қазақ прозасындағы психологизм құбылысының өзектілігін айқындайды. Бүгінгі әдебиеттануда кейіпкердің «мен» табиғаты, ішкі монолог, сезім мен сана күресі секілді мәселелер кеңінен қарастырылып, жаңа теориялық талдауды қажет етеді. Мақаламызда Жүсіпбек Қорғасбектің «Жансебіл» әңгімесі талданатын болады. Бұл мақаланың мақсаты – «Жансебіл» әңгімесіне қатысты сынға жаңа серпін беру. 

Шығарманың символистік мәні қазақ елінің еркіндіген, қайсар рухынан айырғысы келген сол кезеңдегі үстем таптың ісі. Қазақтың тікесінен тік тұрып, ұлтына қызмет ете алмағанына күйінген жанның дерті. Оның физикалық денсаулығынан қоя бергенде, одан да қасіретті күйініші елінің алдындағы парызын орындай алмауы.  

Автор әңгіменің басында флешбек тәсілін қолданады, өйткені бірден негізгі кейіпкердің қоларбаға таңылған сәтінен бастайды. Осы флешбек арқылы әңгіме желісі ары қарай жалғасып кетеді. Қаламгердің айтпағы басты кейіпкердің өң мен түстің арасында өтіп кеткен өмірі. Оны автор келесідей сипаттайды: «Сол күйі қоларба тал бесіктей тербетіп, жол бойы қалай қалғып кеткенін өзі де аңдаған жоқ. Әйтеуір, өң мен түстің арасында: «Сарыөзекке баратын кім бар?» - деп сандырақтай берді». Сарыөзек жер атауы болғанымен, астарлы мәні өзегіңді талдырған сары уайым, мұң, шер. Сарыөзекке барғысы келген тек шал ғана. Туған жерге деген сағыныш тұла бойда жиналған буырқанған алапатқа айналғанын аңғарамыз.

Әңгімедегі кейіпкер – күрделі образ. Оның басына түскен ауыр жағдай Р.Тогордың «Сіздің өміріңіз уақыт пен кеңістік аралығында болғандықтан, жапырақ ұшындағы шықтай жеңіл тербетілсін» деген сөзіне қарама-қарсы. Жеңілдігі көбіктей болса бір сәрі, қара жолдың үстінде қоларбаға байланып қырық жылға жуық уақытын өткізген кейіпкердің азап ауырлығы табыттай, ертеңгі күні беймәлім. Негізгі кейіпкер кезінде айдауға кетіп, қос қол-аяғынан айырылған бейбақ. Ол өзінің бұндай күйге түсерін де алдын ала ішкі әлемі сезіп  жүретін. Бір маңызды жайт қарттың үнемі өзімен-өзі құмығып, ебіл-дебіл жылайтын көңіл-күйі ұшырасады. Психоаналитик К.Г.Юнгтің «адам көңіліне әсер ететін төрт функция-  ойлау, сезіну, сезу және интуиция» деген пікірін еске алсақ, кейіпкер айдалып келе жатқан сәтте үнемі ойдың үстінде, қайда барып бұл азабы тоқтар екен деген сезімді сезінеді, бұнымен бітпей өзіне қара киім киген жолбастаушы жанарымен тіктей қарағанда аяқ-қолы жансызданып, жоқ адамдай сезінуі оның болашақтағы аяқ-қолсыз қалған адамның кейіпін түпкі санасында жасырынған эмоциялары арқылы білдіретіндей.  

Кезінде Уолт Уитмен «Мен бұл әлеммнің шөл бетінде қалқып жүрген бір түйір атомындаймын» деп айтқанындай, әңгімедегі шал да өзін Сарыөзектің бір бөлшегі ретінде сезінеді. Шын мәнінде адам санасы атом секілді таза, дербес басталып, өмір ағымымен араласқанда біздің сенімдерімізге арпалысқан түрлі шындықтар енеді. Қарттың ертеңгі күніне сеніммен қарайтыны соншалықты, өзінің қорқынышын «Сарыөзекке» кетемін деген үмітімен көлегейлеп жауып тастағысы келеді. Осы арада  өзін З.Фрейдің ізбасарларының бірімін деп санаған ғалым К.Хорнидің «базальды үрей» концептісімен байланыстырсақ, кейіпкер бойындағы үрей сезімін байқаймыз. Аталған концепті бойынша адамның өзін қауіпсіз сезінуге кедергі келтіретін үрейді айтамыз. Осыншама жыл өзін іздемеген еліні жазғыруға кейіпкер психологиясында үрей бар. Өзін іздеусіз қалған бір жан екенін мойындауға қорқатын кейіпкердің үрейі. Иә, бұл қорқыныштың ең үлкені – өз шындығыңды мойындау.

«Жансебілдегі» қартың ішкі әлеміндегі «мені» екіге жарылған. Бірі – рухани дағдарысты бастан кешірсе, екіншісі – өзінің физикалық тұрғыда құбылған сәтімен байланыстыра аламыз. Осы арада Герман Гессенің «Дала қасқыры» шығармасындағы негізгі кейіпкер Гарри Халлердің ауыр ішкі дағдарысы секілді, ұқсайтын себебі, романдағы басты кейіпкердің болмысы екіге жарылып, бірі – рухани адам, екіншісі – қасқыр кейіпіндегі жануарға теңеледі. Бұндай сюжеттер бұнымен бітпейді, Ф.Кафканың «Құбылуымен» де байланыстыра кетсек орынды болар. «Құбылудағы» Грегордың таңертең оянғанда өзін өрмекші кейіпке айналғанын көруі, қарттың аяқ-қолсыз қалған сәтіндегі өзгерісіне ұқсас. «Құбылудағы» Грегор қатігез замандағы сансыз құрбандардың символына айналды. Иә, сол секілді «Жансебілдегі» апа да, қарт та сол заманның ауыр мазағына айналған адамдардың сипатын танытады.

Шығармада  келетін: «Көкейінде есейген шағынан бергі бар ғұмырын бірге өткізген кемпірін бөтенсінгендей, соншама жыл жіпсіз байлаған суық өлкені жатсырағандай тосаңдау бір сезім пайда болды. Бұдан қырық-елу жыл бұрын өлім жазасына кесілген он адамның түн ішінде тап осы стансаға жеткізілгені де қос қабат есіне оралған», - деген жолдарда өздері күнде келіп «Сарыөзекке баратын кім бар?» деп сұрастырып жүретін стансада тосаңдау сезімнің пайда болуын нарратордың шешкен шешімі деуге негіз бар. Кейіпкердің бойында тосаң сезім орнамағаны анық, себебі, ол күнде бұл стансаға келеді. Бұл жерде оқырман мен шығарма арасындағы жеткізуші делдал – нарратордың жеке субьективті көзқарасы. Автор кейіпкерлерімен қосылып жыламайды, қарымды қаламгер  Ж.Қорғасбек «Шығармада сезімдердің топан суы басып кетпеуі керек» дейтініндей, туындыда кейіпкерлердің сезімдерін көзге көріне бермейтін сәттерден, символдар мен метафоралардан, психологиялық сыңарластықтан, монолог пен диалогтан, түстен, көркемдік детальдан, т.б. іздейміз. 

Әңгімеде табиғатпен мидай араласып жатқан адам тағдыры өзгеше суреттелген. Қара киім киген жолбастаушының он тұтқынды айдап, соңында өлтіруге бірер мезет қалғанда ғана табиғат ананың мейір төгіп, күн сәулесінен шашыраған күннің өзі бұларды аяп, өлімге қимағанын байқаймыз, немесе қаншама күн айдауға сүйретіліп келе жатса да аспанның ала-құла бұлтқа оралуы, түнеріп тұруы бұлардың жан-дүниесіндегі үрейді, арпалысын танытады. «Көкжиекті алба-жұлба бұлт жаулап алыпты. Атып келе жатқан таң да ала-құла», «Күн бұлыңғыр, ауаны дымқыл сыз жайлаған. Алба-жұлба бұлт, ала-құла таң» - осы табиғат көрінісі әңгіменің басында және аяғында келеді. Бастапқыда алба-жұлба болып бұлт жайлап жататын аспан қарттың аяқ-қолынан айырылар сәтте ерекше шуақ шашқан күйіне түрленеді. Жол бойы тек қана «алба-жұлба бұлт пен ала-құла таңды» көріп келе жатқан басты кейіпкерге табиғаттың өзі жаны ашығандай.  «Иә-ә, бұл жарық дүниемен сөйтіп қоштасқан» деген жолдардағы жарық әлем, яғни өзінің жан дүниесіндегі ыстық естеліктер мен сәттермен, сезімдермен қоштасқан. Өзін мылтық ұңғысы кезеніп тұрған шағында, ол барлық ауылдастарымен, жан-жарымен қош айтысып, ақтық сөзін айтады. 

Адамның рухани өмірінің күрделілігін бейнелейтін тынымсыз қарсылық, жан әлемін әр тараптан көрсету үшін табиғат құбылыстарымен салыстыра суреттеу психологизмнің зерттеу нысандарына кіреді. Қарт бұған дейінгі болған сәтін есіне жиі түсіреді. Бұл күйге қалай тап болғаны, не үшін айдауға кеткеніне эксплицитті акцент қойылмайды. Әңгімедегі пайымдауларды, авторлық позицияны анық түрде біле алмаймыз, тек қана шығармадағы кейіпкерлердің қарым-қатынасынан алынған ақпараттың визиуалды интерпретациясынан біле аламыз. Шығармадағы қара киім киген жолбастаушының мойнын қушита беретіні, көзілдірік киген ақ сары жігіттің көзіндегі жалыны, кемпірдің бұны құтқарып қалуындағы мотивтерін, өзінің  Сарыөзекке кеткісі келуіндегі түрткілерді анық байқау оңайға соқпайды. 

Қара киім киген қолбастаушының негізгі кейіпкерге жасаған қатігездігі факт, бірақ оның жасаған әрекеті туралы үкім шығару оқырманға жүктеледі. Әңгімедегі кейіпкерлердің жан дүниесіндегі позиция ашып айтылмағандықтан, шығарма мен оқырманға жеткізуші нарратор қарттың санасын барлауға кіріседі. Кезінде Дженнеттің «ішкі жан дүниеге бағытталған фокализациясы» деген тұжырымын осы жерде байқауымызға болады. Яғни, жан дүниеге үңілу.  М.Әуезовше тіл қатсақ, прозада адам жан дүниесін өрнектелмесе, «өзгенің бәрі сылдыр су, жабайының тақ-тақ жолы», ал  Л.Я.Гинзбургше айтсақ,  «жан түкпірінің соңғы нүктесіне жету». Демек шығармадағы қарттың кемпірінің келесідей ойы бекер емес: «Бір есептен жан күйзелісін түсінуге де болар. Қырық жыл қоларбаға таңылып жату оңай деймісің?».

Постмодерннің ризоматикалық пәлсапасы тарапынан шығармадағы басты кейіпкер қарт әңгімедегі бір кейіпкер ғана болып шығады. Бұл әңгіменің ерекше қыры да осында. Аталған әңгіменің күретамыры мынау деп айту қиын. Демек, қарт шығармада орын алып жатқан оқиғалардың басты куәгері. Әңгімедегі барлық кейіпкерлер мен сәттер, сезімдер «ризома» секілді тамырластыққа теңелсе, сол ризомаларды бір-бірімен байланыстырушы қантамыр – қарт. Ж.Делез бен Ф.Гватариден қалған ризомалық концептке сүйенсек, шығармадағы қарттың бағыты – ризомаларды жалғастырушы линия. Әңгімедегі жекелеген әлемнің біте қайнасып жатуын, ризомалық тамырлардың байланысып күретамырға апаруымен салыстырып қарасақ, шығараманың идеясы ашыла түседі. Себебі, ризома бойынша айтар болсақ, Қарт – қантамыр. Бұл жерде арбаға таңылған қарт коллективті сананың жиынтығы. Қарт – ол бәрі. Бәрі – қарт. Шығарманың ризомалық сипатын тұтқындалған он адамның оққа ұшуымен байланыстыра аламыз. Бәрі дейтініміздің сыры – өлген тоғыз адамның ізгілік үмітін өзіне ала кеткен қарттың жаңа сипатта ұйқысынан оянуы. Мылтық атылған сәттен кейін, негізгі кейіпкер үш күннен соң «кеспелтек томардай» болып өмірге қайта келуі. Иә, бұл Делез бен Гватари концептілеген ризомалық философияның дәл өзі. Осы ризомалық тұжырымның әсерінен әңгімені оқыған оқырман ойында да  бұл өмірмен қоштасқан тұтқындардың  аянышты халі мен жан әлеміндегі ізгіліктің лебін аңсаған тәтті мұң қалады. 

 «Әйтеуір мына жарық дүниеде қара күш пен қаскөйліктен басқа қайырымдылықтың барына да көздері жетсе, көңілдері тыншығардай болады». Айдалушылардың ізгілікке сенетіні, өмірдегі қимайтын қазынасы – ізгілік. Қара түн көрпесін ашып, күннің саумалдап құйған нұрындай ізгілікті аңсайтын сәті әңгіме соңында өздерінің оққа ұшар сәтіндегі мылтыққа күн сәулесінің түсуі, әншейінде түнеріп, ала-құла болып ататын таң, тап сол күні жарқырап шығуының өзі симол. «Ол үшін енді жан дүниесін сәулелендірген ізгілік нұрынан қымбат ештеңе жоқ» деген сипаттаудағы басты кейіпкер жан дүниесіне фокус қоюын аңғарамыз. Жоғарыда келтірген «фокализация» тұжырымы сәтті қолданылған. 

Өзін-өзі кінәлі сезінетін бір кейіпкер – жол бастаушы қара киген адам. Әңгіме басынан бері бұл қара киген жолбастаушы айдалушылардыңң біріне де тура қарамай, үнемі еңкейіп, жанарын ала қашатыны бекер емес, иығын қушитып, тұтқындарды алыстан орағытып жүруі де бекер емес. Оның да жан дүниесін үрей жайлаған. «Қарғыстан қорқа ма, онысы несі. Өмірде қайтып кездеспейтіндері де анық. Қан сасыған қарау тірлігінен жиіркенер, бәлкім». Жоқ, бұл кейіпкер аталған тірлігінен жиіркенбейді, өзін тек солай ақтап алғысы келеді, тұтқындалушыларды атар мезетте ғана барлығының жүзіне тіке қарап, қан-сөлсіз бет әлпеті тірі әруақтай көрінгені сөзсіз өзінің де жан дүниесін жегідей жеген эмоциялардың қақтығысы, күйзелісін танытады.

Әңгімеде айдалушылардың ішінде қуанып шаттанатын бір ғана кейіпкер бар. Оның көзінде оймақтай көзілдірігі бар ақсары жүзді адам. Оның  санасында өмірмен қоштасып кетемін деген қорқынышы жоқ. Бәлкім, оның мәңгілік өмірге деген ұмтылысы бар. Он тұтқынның ішінде көзі жалын атып, әруақтай тісі ақсиып тұратыны бекер емес. Қолында темір шынжыр байланып, өзін қашан еркіндік бақытына ие боламын деген ойы   арқылы ол болашаққа деген үмітін білдіреді. Көзге іліне бермейтін бұл кейіпкер санасы шектеулі шекараға түсіп қалған адамдардың жиынтық бейнесін танытады. Алдарындағы белгісіз жолдардың қайсысы оның жанына жақын, қайсы бұрылыста бұл азаптан құтылар екенмін деген ойы оның көңіл-күйіне әсер етіп тұрғаны белгілі жағдай.

Орман ішіндегі бір үйге алып келгенде қарттың кемпірі өзін құтқарып қалған жан екенін аңғарамыз. Қарттың жас кезінде шойқара ірі денелі жігіт болғаны еске тағы да түсіріледі. Өзіне жақын келіп жұмыр иығымен бейтаныс әйел бұған келіп сүйкеніп өткенінен кейінгі өзін сергек сезінуі, он тұтқынның арасынан өзінің ғана ұйықтай алмай, әлгі әйел мен жолбастаушының бірігіп қылмыңдасқаны сол арада оның намысына тиеді. «Өмірде заттың өзінен атауы қымбаттырақ» дейтін Гогольдің пікірінің жаны бар, себебі әңгімеде негізгі кейіпкердің келесі бір әрекетінен іздесек: «Аттай жарап, жұтына қалыпты. Әлде әйел баласы сүйкеніп өткенге қунақ тартты ма.  Әйтеуір, жарық дүниеде ас ішіп, аяқ босатқаннан басқа да бір қимасының бар екенін түйсінді». Жолбастаушы мен әлгі өзіне көз салған әйелдің диалогынан «ішіне шоқ түскені содан». «Емексіген көңілін қытықтаған бірдеңе бар. Өкшесін көтеріп, құлағына сыбырламақ болған келіншекке еріксіз еңкейген».

«Келсін де алып кетсін керек қылса. Менің нем кетеді оған?!.» деген кемпірдің сөзіне сену қиын. Кемпірдің жоғалтатыны өзіне байлаулы бір жаннан айырылуға деген қорқыныш. Ол шалының осы кембағал кейіпі оған еш ыңғайсыздық туғызбайды. Оны өлімнен арашалап, өмірге жаңадан алып келген адамдай өзін құтқарушы сезінеді. Кемпірдің де жан дүниесіне үңілсек, оның жалғыздықтан қорқатыны сезіледі. «Жаны темірден жаралған шығар тегі. Қап, манағы иттің алдап кеткенін қарашы. Сорлы шал бір қуанып  қалатын еді. Қап!..» деген өкініші арқылы кемпірдің ішкі әлеміндегі «ескірмейтін ризалық» ұғымын анықтаймыз. Бұл ұғымды А.Маслоу өзінің «Мотивация және тұлға» еңбегінде атап өткен.  Кемпір жас күнінде алғаш шойқара ұзын қазақ жігітіне көзі түсіп таңданысын жасыра алмағаны, оның жігітті құтқаруын құтқарса да, аяқ-қолсыз қалғанына еш өкінбей  сол күйінде қабылдап, өз ризашылғын білдірген. Иә, кемпір сөзсіз жансебіл, оның санасындағы «ескірмейтін, өзгермейтін ризалығы» оны осындай ауыр тағдырға көндіктірген. Шалын күнде стансаға әкеліп, қоларбамен қаздаңдап жүріп таситыны оның шын мәнінде «ескірмейтін ризалық» сезіміндегі жан екенін, бір сөбен айтқанда жансебіл екенін танытады. Шал мен кемпірі қанша ұрсысып, тақ-тұқ етіп келіспей қалса да ішкі жан әлемінде бәрібір татуласып үлгереді. Бір қарасаң екеуі стансада пойыздың өтіп кеткеніне ұрсысып отырады, ал бірде бір-біріне жаны ашып, өзін не үшін кезінде құтқарып қалғанын сұрай береді.

Сөз соңы. Біз бұл мақаламен не айтқымыз келді, біз көркем шындықтың өмірден алынатындығын тағы да еске түсіргіміз келді. «Жансебіл» деп әңгіме атауы айтқандай шығармадағы жансебіл кейіпкердер өмірде де бар, жалғасын да таба береді. Әдебиет – өмірдің өзінен алынған туынды. Ал сөз өнерінде адам тағдыры суреттелетіндіктен, оның ішкі халі, жүрегіндегі үні, сана-сезімі, жан айнасы, рухани әлемі қашан да көкейкесті. Әңгіме қазақтың ауыр тағдырын сипаттайтын оқшау туынды. Жансебіл азаматтардың қилы замандағы арман-мұраты, жан айғайы, жанкешті ерлігі.