Авторы: Yerke777
Таласбек қай тақырыпта, қай жанрда қалам тербесе де, жетеріне жетіп, түп тамырына сүңгіп, санаңды сілкітіп, оятып жіберетіндей, жадыңа төңкеріс жасайтындай жазады, сезіндіреді, бойлатады. Оның фольклор, мифтік таным, тарих, философия, өнер тұрғысынан зерделенген қай-қай еңбегі де бір қаралық дүние. Оның бізді қызықтыра түскен Абай туралы зерделеулерін сөз етуді жөн көрдік. Қазақ әдебиетінде Абайды зерттемеген, бір ауыз сөз арнамаған қалам иесі жоқ десек болады. Алайда әркімнің өз Абайы болатыны секілді, Таласбектің де ешкім бойлай бермеген Абайдағы «жар» тақырыбы мен «ұлы жұмбағы» мәселесі көп әдебиетшілер мен философтар бойлай бермеген жайт деп есептейміз.
Таласбек танымындағы Аюп және Абай.
Т.Әсемқұлов «Аюп һәм Абай» атты мақаласында Абайдың бір ғана «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» атты өлеңін философиялық негізде талдап, «көңілімізді қойып, көзімізді ашады». Осы уақытқа дейін махаббат лирикасы, оның ішінде қосыла алмаған сүйіктісі Тоғжанға арналған, сыртқы формасы жағынан да көңіл-күй мен сезімнің алауынан туындаған өлең деп келдік. Алдымен бұл өлеңге ену үшін Таласбек Әсемқұлов Аюп пайғамбардың (Інжілдегі Иов бейнесін алады) тұлғасынан хабардар ететін әпсананы алдымен беріп алады. Көркем шығармаларына тән постмодернистік сипатты қаламгер мақалаларына да герменевтикалық, интермәтінділіктің аясында метамәтіндік түзілім құрады. Абай шығармашылығын танытуда Аюп пайғамбардың гносеологиялық бейнесін аллюзиялық жолмен келтіреді. Жалпы Аюп пайғамбар – философиялық тұрғыдан алғанда, көптеген ғалымдардың назарын аудартқан бейне. Серен Кьеркегор Гегель туындыларына қарағанда Иов бейнесінен мол даналықты көрді, тіпті Сократ және басқа да философтардың ақыл-ой, яки рационалистік идеясынан гөрі Иовтің құдайлық еріктік интуитивті пайымын қолдады. Өйткені Иовтің «рационалды» көзқарасы шынымен де құдай ісін тану мен бағамдаудағы асқан биіктікпен өлшенгендігінде. Таласбектің Інжілдегі бейнесін алып, оны үш пірадармен қатар салыстыра отырып, өзінің интерпретациялай талдаған бұл еңбегі оның философиялық ірі ойларынан хабардар етеді. Сол кезде ел арасында тараған «қанға-қан», «жанға-жан», «жақсылыққа жақсылық», «жамандыққа жамандық» деген секілді құдайды «жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен» деген пікірмен танудан бұрын, «жақсылық көрсем - құдайдан, жамандық көрсем – өзімнен» деген принциппен қабылдау, сондай-ақ құдай мен пенде арасындағы өзара «есеп», «келісім» секілді көне этикалық көзқарастардың қаншалықты қайшылықты екенін мынадай есті пікірімен дәлелдейді: «Құдай ісін бағамдауға адамдық, фәнилік өлшемдер жетімсіз. Яғни» Жаратқанның еркі, әмірі адамдық категориялардан тыс, адам үшін беймәлім, тылсым қайнардан өрістеп жатыр. ... Алайда Құдайдың берген аянын Иов басқаша, биік деңгейде таниды. Иов ер болатын. Осы ерліктің арқасында, ол тәнін де, жанын да күйдірген оттың ішінде отырып, Жаратқан ие жайлы жалпылама түсініктің құлы болған жоқ» [1, 183]. Орыс ғалымы С.Г.Комаров архетиптік мәнде зерттеу келе былайша түсінік береді: «Специфика стратегии библейской Иов-ситуации определяется тем, что исходная точка, на которой находится главный герой, и завершающая, финальная точка сюжета фактически тождественны друг другу. Действительно, на начальном этапе Иов представлен как праведник, человек, который по нашим, мирским представлениям, не заслуживает бед и страданий. Причём, этот праведник живёт в идеальных условиях — в счастье и богатстве. Заключительная точка классической Иов-ситуации полностью дублирует исходную позицию: Иов как был праведником, так праведником и остался, богатство вновь вернулось к нему, а вместе с тем и ощущение счастья и гармонии. При этом главным моментом, «нервом» рассматриваемой ситуации является потеря всех жизненных благ и поведение самого персонажа в этот период своего существования. Именно этот «нерв» и позволяет соотнести ту или иную авторскую схему с библейским архетипом» [2]. Құдайдың алдындағы пайғамбарлықтың «құны», яки болмысын асқан биіктікпен бейнелеуін де жазушы-сыншы Абай шығармашылығының шыңымен байланыстыруды аңдатады. Осылайша Таласбек аллюзиялаған метамәтіннен біз ақиқат әлем мен данышпандық идеясын байқаймыз. «Абайдың кітабы» деген тақырыппен аталған мақала жалғаса түседі. Екі мәтін қатар салыстырылып, Аюп пен Абай екі бөлек салғастырылуында үлкен мән бар. Алдымен Таласбек оқырманын ойлантып, санасына серпіліс беріп алды да, әпсаналық-танымдық шеңберді философиялық түйсікпен ұластырады. Әдебиеттегі бұл «маневр» Абайды тереңірек тануға мүмкіндік ашуды мақсат еткен тәсіл десек те болады.
Таласбек танымында ақиқатқа жету – құдайды тану, ақиқат – дін. Ал ақиқатты тану – адамның ішкі бостандығы. Кез келген адам «бостандық» концептісін түрліше пайымдайды. Психологиялық, әлеуметтану тұрғысынан жан бостандығы, тән бостандығы, ақыл бостандығы деген секілді ұғымдарды толтыра беруге болады және басқалар да осы сөзімізді одан әрі өрбітіп алып кетуі де мәлім. Алайда Таласбектегі бостандық – ілкітанымдық, стихиялық, яки жан бостандығынан одан әрі өрбитін космостық еркіндік. Біз іштей бостан, азат, тәуелсізбіз, жан мен тән иесі ретінде жеке шекарамызды ешкімге бұздырмайтын индивид ретінде атап жүргенімізбен, шындығына келгенде, ақыл деңгейінде ғана азатпыз, жүрек құрғыр оны мойындамаса керек. Себебі түсінікіз, тылсым, адам өзі түсіне бермейтін, жұмбақ күй кейде санамызды шарпығаннан бұрын, жанымызды ауыртады кейде іштей екіге жарылып, қосарлы тұлғаға айналамыз. Қаламгердің осы мақаласын оқып отырып, осындай ойға келдік. Таласбек шығармаларының құндылығы осында, бір ғана өлеңнің тағдырымен адам болмысын дүр сілкіндіре алуында. Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңін осы сыни ойдан кейін қолымызға алдық. Ол Абайдағы «аспандағы ай мен күннің шағылысуын» Махшар күні деп алады да, құдайдан «әділеттік сұрау», «түсінік беру» секілді мәндермен байланыстырады. Яки адамның көңілін оның айнасы деп алар болсақ, ақылға сыймас ерекше стихиялы бөлшек ретінде «шартарапқа құйқылжыр» ән, көк дөнендей жүйрік бейнеде қарастырады. Таласбектің пікірінше, Абай бұл өлеңде трагедиялық диалогке түседі. Өзі екі шумақтан тұратын өлең болса да, адами бостандық, авангардтық азаттық желі есіп тұрады.
Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да [3, 90], - деген жолдардың сыртқы пошымына қарасақ, бір жанға ғашық болып, өмір бойы жүрегінде сақтап, тіпті басқаның жетегінде кетіп, өзінен артық адам табылса да осы пікірден айнымай қалатындай дәрежеде жазылған адамның монологы дерсіз?! Тіпті, қазіргі психологиялық-коучтық түнісік тұрғыда алып қарағанда қандай жиіркеніштілік, адами намыстың тапталып, бүтін бір намыссыздық жайлап, ездік, пәстік, пасықтықтың желі еседі. Өзді-өзін төмен санаған, титтей де абыройы жоқ, өресі мен санасы өте төменге кеткен бір жанның деградациялық «жан жарақатын» көреміз. Ал Абайдың лирикалық кейіпкері осы ойға лайық па еді?! Мына пікірді алып қарайық: «...Бұл тұста алдымен ауызға ілінетін туындылар – «Қор болды жаным» мен «Жарқ етпес қара көңілім...». Бірінде жігіт зары, екіншісінде – қыз мұңы. ...Жігіт берген сертін жұтып, бойын аулақ салған қыз қылығына шағынып, бебеу қағады. Қыз жүрегінің салқын тартуын тағдырдың қатар үкімі деп қабылдаған жігіт өзінің шарасыздық халін айта келіп, әлі де үзілмеген үмітін көңіліне талшық етеді. Сол зары жар құлағына барып шалынса, қайтадан «ойы оңалып, бойы түзеліп кететіндей» дәрмен сезінеді» [4, 162]. Бұл пікірді жалғастыра келе, белгілі абайтанушы Ж.Ысмағұлов «Жар етпес...» өлеңінің халық арасында Тоғжанның атынан «жазылған» Абай туындысын махаббат сезіміне толы лирика қатарына жатқызады. Жалпы көркемдік, идеялық мағына деңгейінде дұрыс шығар, біз бұл жерде іргелі ғалымның ойына қарсылық көрсетіп немесе жоққа шығарайын деп тұрған жоқпыз. Алайда Т.Әсемқұлов талдауынан кейін, Абай өлеңдеріне басқаша көзқараспен зерттеу жұмыстарын жүргізу керек деген ойға келіп отырмыз. Сонда Абайдың лирикалық қаһарманының соншалықты көңілі пәс, өзін жалыныш пен жалбарынуға малдатып, манипуляцияға берілтіп, «құрбан» рөліндегі бейнеге айналатындай деңгейінде болмағаны рас деген пікірге қосыламын. Себебі Абай тек қана жаратқанның, құдайдың алдында ғана бейшара күйге түскен аюптық-пайғамбарлық деңгейге жеткен поэзия патшасы деуімізге болады. Ақынның жоғарыда атаған “ай мен күн шағылысқан” қиямет-маһшары да Аюптікінен кем болмады. Көзі тірісінде “талаптың тұлпарын мінген”, үміт еткен баласы Әбдірахманнан, одан қалды бауыры Оспаннан, досы Ерболдан айырылуы былай тұрсын, өмір бойы өштесіп, соққыға жығып, сабап, елдің алдында сағын сындырған Оразбай сықылды надандардан қорлық көруі, тіпті айта берсек жетерлік тым ащы, тым ауыр, тым қатыгез жайттары тозақ отынан кем болмады. Осыншалықты сыналып тұрып, Абай да Құдайын ұмытпайды. “Саған жар менен артық табылса да” деген сөйлемнен ұлы ұлағаттықты көреміз. “Менен артық” дегені – өзін төмен санауы немесе кемсітуі емес, сол құдайлық деңгейге жету-жетпеу жолындағы немесе жетеқабыл сәтіндегі парасаттылық болмысының көрінісі, жаратқанның мейіріміне лайық болатындай деңгейге жете алдым ба, жетпедім бе деген іштей үздіксіз дамудың көркем сипаты. Бұл Абайдағы өзіне сенімсіздіктің көрінісі емес, өзіндік ар-ұждан болмысын жаратқан иесіне аманатпен артуының белгісі деп білеміз. “Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да”, “Шыдайды риза болып жар ісіне” [3, 90], - деген жолдардағы да «тірі адамның ең аяулы жері – жүректің» айтқанына көнген, адами бостандықтың рухына табынған пенде табиғатындағы жаратқанның шексіз тылсымдығына мойынсұну, бағыну, сол арқылы азаттығында шалқу идеясын басты назарда ұстанады.
Енді Таласбекше өзіміз «Қор болды жаным» өлеңін талдап көрелік. Жазушымыз: «Өлеңдегі эмоция ғана алдамайды. Мен өз пайымымда Абайдың трансценденттік, мистикалық тәжірибесіне ғана сендім. Абайдың мистикасын талдау қиын. Талдаудың қиындығы оның түсініксіздігінен емес. Бұл жерде ақын көп ақыннан анық. Мәселенің қиындығы – Абайдың мистик ретінде адамзат ұмытып кеткен, ақиқаттың көне жолдарымен жүретіндігінде» [1, 189], - дейді. Шындығында, біз Абайды әлі жете түсініп, эстетикалық-мистикалық болмысына үңіле алмай жүрміз. Бұл Ахметше айтсақ: «Олардың сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерін, ойланып, дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі» [4, 141]. Әрине, Таласбек Әсемқұлов секілді әр өлеңнің тарихын осылай соқырға таяқ ұстағандай етіп ұқтыратын болса, қаншама өлеңдерін одан кейін талдау мүмкіндігі туар еді. Себебі Абайды тану – толыққанды зерттелді деген сөз емес. Зерттелді деген дүниелердің өзінен осыншама астарлы мазмұн шығып жатса, қалайша «болдық» дейміз. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, Абайды тануға, оның өлеңін түсінуге әркімнің әрқалай мүмкіндігі бар. Алайда біздің әлі де түйсіне алмай жүргеніміз – Абайдың жаза алмағандығынан емес, біздің оны тануға деген деңгейіміздің жетіліп өспегендігінде. «Қор болды жаным» өлеңінде де жоғарыда аталғандай, «жігіт сөзі» деп көп арасында тарап кеткенімен, махаббат лирикасын «жамылған» үлкен философиялық ұйғарым десек те болады. Өлеңдегі адам жанының таусылуы, пенденің әлсіздігі, шарасыздығы, тағдырдың жазғаны, Алланың дегені, жүректің тозуы, тән жарасынан гөрі жан жарақатының басымдығы – барлығы пенденің адами азаттықпен абыройлы негізде кез келген сынағын көтере білу идеясы, яки сыңаржақ, зарлану, күпірлік ету, қарсылық ету емес, «жеңіл» жан бостандығымен құдайды тану болмысы. «Бүгілді белім, Жар тайған соң әр серттен» дегені – фәнилік сынақты қабылдау. Ал:
Бұл қылған зарым
Барса жардың маңына,
Ол – қылған дәрім
Барса ғашық жанына.
Оңалдырып ойды,
Түзетпей ме бойды? [3, 84], - деген жолдардағы ақынның лирикалық кейіпкерінің «зары», яки тағдырмен бетпе-бет келе отырып, құдайға жасаған «мәлімдемесі» - оның жанына керек дәрумені, себебі адам барлық сынақты тек қабылдаушы, ішіне жұтушы аузы мұрны жоқ жәндік емес, ішіндегі бар ой-түйгенін сыртқа шығара отырып, тепе-теңдікті ұстаушы болмыс иесі. «Ғашық жаны», яки әр адамның өз «құдайымен» сырласуы – бой түзетер, ой салмақтар бағдаршамы.
Абайдың «ұлы жұмбағы» һәм Таласбек. Таласбек Әсемқұловтің Абай туралы ендігі бір салмақты туындыларының бірі – «Абайдың ұлы жұмбағы» мақаласы. Абайдың жұмбағы осы уақытқа дейін шешілді ме? Шешілсе, қандай деңгейде және қалай шешілді? Алдымен осы сұраққа жауап іздеп көрелік. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан кейінгі, Абай туралы іргелі көркем шығармалардың бірі – Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» роман-хамсасы. Абайдың дүниеге келмей тұрып, яки Кенесары дәуірінен басталатын бұл шығармадағы басты идея – ұлттық құндылықтар, ұлттық болмыс, ұлттық код деңгейінде Абайдың өміріне, жанына бойлау. Бұл шығармадағы үлкен жұмбақ – Абайдағы рухани бостандық, жоғарыда Т.Әсемқұлов келтірген адам жанының азаттығы. Бұл турасында зерттеуші М.К.Әйтімов «Абайдың жұмбағы» романындағы Абай және оның айналасындағы рухани байланысты тарқата отырып, әсіресе Мағауияның бейнесін сипаттауда ақынның «жұмбағын» былайша аңдатады: «Әкесі Абайды да, фәнидегі бүкіл тіршілікті ғашық көңілімен құшудан айнымаған Мағауияның жан әлемін түйсінеміз: Әсіресе Мағауияның фәниден кетер сәттегі әкесі Абаймен өткізген соңғы сұхбаты да ұрпақтар жалғастығына негізделген тіршілік заңдығын мойындаған дос еді. Осы дидарласу сәтіне дейін ауылдағы ағайындарының киіз үйлерін жағалап, түгел аралап шыққан Мағауияның іс-әрекеттері адамдармен, тіршілікпен мәңгілікке қоштасудай екендігін оқимыз. Ауылының балаларына бір күн дәріс оқығаны да, өнерпаздарды (сырнайшы, күйші, әнші) жинап сауық кешін өткізгені де, әкесімен бақұлдасып жатып сандырақтағанда да фәни д.ниеге құштарлығын жоғалтпаған арманшыл, асыл ой иесінің жан әлемі жарқырай түседі» [6, 20]. Мақалада Абайдың «жұмбағы» толық ашылмағанмен, зерттеуші Мағауияның бейнесі арқылы Абайдың тұлғасын да көрсетеді. Себебі ұрпақтар сабақтастығын басты өзек ретінде алынған бұл романдағы басты кредо – фәнилік өмірдегі бостандық, ар бостандығы, сана азаттығы. «Абайдың жұмбағы» деген тіркес кезінде сәнге айналғанымен, ешбір сыншы, әдебиетші нақты бір шешімін айтпапты. Роман – көркем дүние, тарихи шындықтан гөрі көркемдік шешімге айналған өнер туындысы ретінде шығармашылық пафосқа, эвристикалық еркіндікке, рухани эйфорияға құрылған, сол себепті «абайдың жұмбағы» бұл туындыда кешенді түрде жеткізілген. Ал ақын Ұ.Есдәулет бір сұхбатында осы мәселе төңірегінде былай дейді: «Абай жұмбағы – қазақ жанының құпиясы да осы тектес құбылыс. Біздің ұлттық санамыз алдымен Абайды жете танып, ол қалдырып кеткен қазақ құпиясын – ғасырлардың ұлттық жұмбағын толық түсініп, түгел шешкен жағдайда ғана әлемнен өз орнын ойып ала алады. ...Абай өзі көп ашпаған ұлттың жұмбағын сыртқа көп әйгілей бермей, қазақ жанының құпиясын қымтап ұстағаны жөн деп білемін» [6]. Қарап отырсақ, қай жерде де Абайдың «жұмбағы» әлі күнге дейін нақты бір шешімге келмей, дәлелденбей, оның нүктесін Т.Әсемқұлов қойған секілді. Енді дәлелдейік. Жазушының бір ерекшелігі – «бір өлең – бір тағдыр» қағидатын ұстануында. Ақынның бір ғана өлеңі арқылы күллі бір шындықтың бетін ашатындай. Абайдың «жұмбақ» ілімінің шетсіз екенін, тек «ұлысын» ғана талдауды мақсат еткен мақаласында ол тек бір ғана «Сен мені не етесің» өлеңі арқылы дәлелдейді. Таласбекше айтсақ, әр халықтың, әр адамның даму фазасында үш түрлі этаптың болатыны мәлім. Алғашқысы – ілкі періштелік (тазалық), қиянат-күнә және қайта өрлеу (түлеу) [1, 190]. Соның ішінде ортаншы белес – ең ауыр, аты айтып тұрғандай, қиын кезең. Міне, Абай дәуірі де осы кезеңмен тұспа-тұс келді, себебі Қ.Жұбановша айтсақ: «...Абайдың алды жоққа жуық та, арты ғана бар: ол – соны дәуірдің басы, жаңалық желісінің шат бұршағы сияқты. ...Абайдың алды жоқ емес, жоққа жуық. Өткені Абайдың алдында да әдебиет болды» [8, 35]. Міне, Абай да осы қазақ қоғамының жаңа даму белесінің ортаңғы кезеңіне тұспа-тұс келді. Қ.Жұбанов сонымен қатар өзінің «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты ең тұңғыш ғылыми-методологиялық еңбегінде Абайдағы ерекше «ғашықтық» туралы айтады: «Шағатай әдебиетінің алдымен көзге түсер ерекшелігі – мистицизм, диуаналық лирика. Онда бастан-аяқ өртенген ғашықтықтан басқа нәрсе болып жарымайды. Оның ғашықтығының түрі де бөлек, объекті кім екені белгісіз: құдай ма? Әйел ме? – тіпті, еркек пе? Ғашықтығы жыныссыз ғашықтық» [8, 37]. Міне, сонау ХХ ғасырдың басында тек Қ.Жұбанов айтып кеткен идеяны Т.Әсемқұлов одан әрі тереңдете түсіп, тұңғиығына үңіледі. «Сен мені не етесің» өлеңін ала отырып, Абайдағы «мен» мен «менікі» тартысын, яғни альтер-эголық танымды зерделеуге бойлайды. Өлеңнің пішімінен сорлы ғашықтықты көргенімізбен, бұл жердегі «мен» - лирикалық «эго». Абайдың лирикалық образы физикалық тұрғыдан емес, психологиялық негізде бостандықты қалады, осылайша «меннен» қаша отырып, «менікінің» құлы болды, соның нәтижесінде өз-өзін «алдап», қақпанға қалай түсіп қалғанын байқамай да қалды.
Шын ғашық мен саған!
Кейіп жүрсем,
Сені көрсем,
Ләм-мим деп
Бір сөз айтар хал жоқ,
Еріп кетер бой сол заман.
Ойыңды сен маған
Бір бөлмедің,
Тез келмедің
Мені іздеп.
Ішінде ыстық
Қан жоқ,
Тас бауыр жар, қош аман! [3, 87]. Таласбекше тарқатсақ, бұл өлеңдегі «бай», «тас бауыр жар», «сен», «жолдас» сөздерімен келген метафораланған бейнелеулердегі архетип – «көлеңке» архетипі, яки міндетсінуден, мәжбүрлікпен қаратудан, шарасыздан көндіруді мақсат еткен садистік таным. Абайдың да «ессіз ғашығы» - рухани қорланған, тапталған, өз-өзін алдаған «эго». Әдебиеттануда, психологияда «шизофрениялық дискурс» деген тіркес бар, сондай-ақ шизоидтық тұлға деген атау да бар. Яки белгілі бір тұлғаның аясындағы тұйық, тек сыры өзіне мәлім, сыртқы форма мен ішкі мазмұны бір-біріне кереғар, әрқашан қайшылықта, әрдайым бір-біріне «өшпенді» қарсыластықта келетін «бұзылыс». Бұны психологияда «бұзылыс» дегенмен, біз онымен келіспейміз. Себебі әрбір саналы адам осы «бұзылысты» түгендеп, жұмыс жасап, әрқашан «эгосымен» сырласып, өз-өзіне сын көзбен қарап, жөндесе, көркем мінезділікке демесек те, шынайы «меніне» жетері хақ. Себебі, ақынның өзі айтқандай, адам – өз мінезін өзі түзете алатын саналылық иесі.
Неге әуре етесің?
Қосылыспай,
Басылыспай,
Байыңа
Және жаттан
Бай тап,
Өмір бойы қор өтесің [3, 85], - деген жолдардағы «бай» ұғымындағы мән «меншіктік», «эголық тұстастық» ұғымдарына келіп саяды. Осылайша Абай кейіпкеріндегі «қорқыныш» - «мен»-нен қорқу, үрку, оны «тәңірлік карма» ретінде көріп, онымен күресу. Шындығына келгенде, эго – қасіретті де қайғылы оқиғаларға душар ететін жайттардың бірі. Себебі “эгоның” соңына түскен жүрек дүниеауи-заттық мәселелерден көз ашпай қалады. Табиғаттың жазылмаған заңы өйткені. Адамның рухани көзіне шөп қаптаса, жүрегі қараяды. Абайдағы “эго” да – жүрек жалғыздығына апарар жол. Таласбек Абай жұмбағын талқылай келе, адамдағы “азаттық” тақырыбын жақсы қаузайды. Ол қарапайым тілмен ғана түсіндіреді: “Адамдар бір-біріне байланғаннан басқа ештеңені білмейді. Бірақ сіз басқаға жармасқан сайын, ол сізден қашады? Неге? Себебі бостандық сезімі, азаттық түйсігі адам жанымен бірге жаратылған” [1, 192]. Психологиядағы жаттану (отчуждение) процесі секілді, адамдар бір-біріне жабысқан сайын арасы ажырай береді, керісінде арасы алшақтаған сайын жақындай түседі. Себебі адамзат баласында бейсана түрде сана бостандығы жеке-даралық сипатты сүйеді, өз шеңберінде, өз аясында ешкімді кіргізбей, өз биігінде дамиды. Оны әлеуметтік жалғыздық ұғымымен шатастырмауымыз керек, бұл жердегі жалғыздық – «рухани жалғыздық». Рухани жалғыз адамның ойы, санасы, танымы бірқалыпты келеді, осылайша «өмір сүру» тенденциясы «таза» деңгейде дамиды. Осы ретте пікірімізді А.Кемелбаеваның «Әуе шарларына қонған көбелек» повесімен сабақтастырсақ. Повестегі Айжан есімді қызға барлық «өмірін», «тағдырын» байлаған Жәмилә атты құрбының ессіздігінен жиреніп, безінген кейіпкердердің халі тап Абайдікімен ұқсас. «Ат құйрығын мүлде кесуге бекінген Айжан ниетін білдірмекке оқталып Жәмиләнің жүзіне қарап еді, еріксіз аяғаны. Оның көзінен керемет бір елжіреуді көріп зәресі ұшып кетті. Айжан қатты шошып, іштей Жәмиләнің өзін жақсы көретінін қарғап сіледі. ...Бірақ өзі Жәмиләні жек көріп алғаны соншалық, оның жүзіне қараса-ақ жыланша жиырылып, қаны басына тасып қағынып, дүлеу бір ашудың қылқындырып тұрғанын сезінеді» [9, 280]. Бұл жерде біз повестегі кейіпкер портретін тектен-тек алып отырған жоқпыз. Яки Абайдағы «жирену», «жаттану» идеясын ұғындыру мақсатында образдылық негізде адамның қаншалықты деңгейде махаббаттан жеккөрінішке дейінгі бір-ақ қадамның қаншалықты екенін бағамдатқымыз келді. Өмірде бір нәрсеге байлану, бір нәрсеге телу – қасіреттілік дедік қой, себебі ол жерде даму да болмайды. Даму болмаған жер – шіру, құру, әр жағы апатқа апарады. Абайдағы «қорқыныш» - осы.
Бір нәрсеге байлану, қадалу, өмірін соған «бағыштау», «өліп-өшу», яки сол жолда құрбан болатындай мықтап берілу – даму диалектикасына, құдайдың құдіретіне шек келтіру деген сөзбен пара-пар. Осы ойымызды Т.Әсемқұлов мына әдемі бейнелеумен дөп етіп көрсетеді: «Алтын күннің қызарып қалай батқанын тамашалаңыз, бірақ байланбаңыз, себебі, ол сурет емес – тірі дүние. Артынан түн келеді. Түннің өз сұлулығы бар. Бірақ байланған пенденің ақымақтығы сондай – ол осы кештің мәңгі тұрғанын қалайды, осы кешті жоқтайды, «аһ» ұра отырып, қара барқыт түнін, жұлдыз жапқан сұлулығын байқамай қалады» [1, 192]. Біздің бүгінгі мақаламыздың түйіні де, Таласбек Әсемқұловтің «ұлы жұмбақ» деп атаған түйіткілі де осы пікірде. Шындығында, бір нәрсеге байланған адам иа қасірет шегеді, себебі бір нүктеге қадалып, тек сол нүктелік шеңберде ғана жүріп, кеңістік пен уақытты, онейрикалық мекешақты бағамдай қалуы ләзім. Сыншының бір ерекшелігі – Абай танымын қарапайым ғана өмірлік жайттармен жай ғана миыңды ашып, құйып қойғандай түсіндіретінінде. Лирикалық кейіпкердің сезім трансындағы монологтық айтысуы, жалынған, зарланған сезім, ішкі «менмен» бетпе-бет келуі – адамдық «қорқынышты» бойына сыйғызуында. Махаббат деген ұғымды әркім әрқалай түсінеді. Ол әр адамның бейсана түсінігінде түрліше өрістеп жатады. Махаббат категориясын айтқан кезде, біз «құмарлық», «ынтызарлық» мәндері еске түседі деп ойлаймыз. Себебі санамызда «менікі» деген заттық-иемденгіштік, меншіктік ой басым. Себебі жоғалтып алудан қорқамыз. Меншіктіктен бұрын бұл жерде адамның өз «меніне» сенімсіздігі мен құрметсіздігі жатыр деп ойлаймыз. Өйткені «меніне» сенбеген адам «менікін» де ұшпаққа шығармасы анық.
Таласбек Әсемқұлов осылайша адамдағы махаббат ұғымының мәнін градациялық леппен сипаттайды. Таза махаббаттың мақсаты белгілі болғаннан кейінгі жайт оның қай сатыда өрбуінде деп көрсетеді. Бір ғана «махаббат» сезімімен екі түрлі мақсатқа жетуге болады. Махаббатқа мейірім мен тектілікті, дархандық пен кеңдікті, сенімділік пен бостандықты теліп, биік шыңды да бағындыруға болады. Немесе қызғаныш пен өзімшілдікті, өркөкіректік пен үстемдікті пайдаланып құрдымға кетуге болады. Көп адам «жақсы көрем» деген сөзді желеу етіп, өз «менінің» құлына айналып кеткенін білмей де қалады. Ақыры соңында өз «эгосы» адамдық «меннен» ажырап қана қоймай, өз-өзінің жауы атанады. Ақынның:
Махаббат, ғадауатпен майдандасқан,
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?
...Екі күймек бір жанға әділет пе?
Қаны қара бір жанмын, жаны жара.
...Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті,
Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!
...Мен келмеске кетермін түк өндірмей [3, 225], - деген жолдарына үңілетін болсақ, бұл жерден де Абайдың жұмбағының шешімін бағамдаймыз. Ақынның «махаббат пен ғадауаты» - адамның өзіне деген сүйіспеншілігі мен дұшпандығының өмір-бойғы шарпысуы, таразы бетіндегі дихотомиялық, экзистенциалдық тартысы. Осы өлеңге қатысты Ш.Ыбыраев та мынадай пікір ұсынады: «Трансценденталды сана белгілі бір дәрежеде эмпирикалық «менін» жоғалтып, өз-өзімен қалған жағдайда бұрынғы «мені» радикалды түрде өзгеріске түседі, мәнін жоғалтады» [10, 159]. Осылайша адамның саналылық пен даналықтың шыңына жету барысындағы, жаңа сатыға көтеріліп, адами құндылықтардың шыңына жақындаған сайын бұрынғы «менін» жолдан сызып отырады да, тәу ету, кешірім сұрау идеясына ауысады. Бұл жердегі тәубе ету – кішіреюдің белгісі емес, керісінше саналылықтың ең биік категориясы десек те болады. Бұл өлеңдегі «майдандасу» – тіршіліктегі фәнилік «меннің» бақилық «менмен» тартысы. Ал «сен» деп отырғаны – махаббаттың мейірімге шомылған формасына қарата айтқаны. Себебі Абайдағы ең биік инстанция – жүрек, қамқорлыққа, бостандыққа, азаттыққа толы жүрек. Сайып келгенде, Абайдың жұмбағы – адамның кез келген азат махаббаты деп көрсетеді сыншы. Себебі махаббатқа толы жүрек – «шын жүрек – бір жүрек». Себебі махаббаты мол адам – әділетті, хақ жолын, ақиқатты жақтайтын жан. Бірақ ол қандай махаббат? Әрине бостандыққа, азаттыққа, тәуелсіздікке құрылған ғашықтық. Абай көп өлеңдерінде «жалғыздық» ұғымын көп қолданады. Қарап отырсақ, әрине, «жалғыздық көрер жайы жоқ». Алайда, Абайдағы жалғыздық – бостандық алаңы, жетілген, кемеліне келіп, арнасынан асқан толысқандықтың белгісі. Ақынның «моласындай бақсының – жалғыз қалдым тап шыным» деген жолдарындағы «жалғыздық» - мүсіркеп, аяп, күстәналайтын күй емес, керісінше құмарлықпен астасқан адамгер-рухани жалғыздық.
Сайып келгенде, «Сен мені не етесің» өлеңіндегі кейіпкер – өз-өзін таба алмаған, сана биігінде өзін тани алмаған, әлі де жетілуді қажет ететін, өз «эгосына» өзі былғанған бейне. Сырттай махаббатқа тойғандай көрінгенмен, рухани ләззаттан жырақ, дүниеауи «мінсіздікті» тәни ынтызарлықпен алмастырған жан. Ең әдебиеттанушылардың байқамайтыны деп көрсетеді Т.Әсемқұлов, бұл өлеңдегі бірегейлік (уникальность) – әйел үнсіздігі. Әрине, үнсіздік болғанда, ер мен әйелдің ортақ тартысынан туындаған «диалогтік» унижыныстық «айтыс». Яки әйел үнсіздігіндегі басты фишка – оның әлсіздігі мен нәзікжандылығында емес, сезе білген адамға «философиялық-симфониялық үнсіздік».
Қорытындылайтын болсақ, бұл сыни мақаланың құндылығы Т.Әсемұлов Абай тудырған лирикалық қаһарман бойындағы бостандық идеясының адами-рухани азаттық танымымен сәйкестігінде деген тұжырымымен дәйектелгенінде. Ақындық «мен» және альтер-эголық «қорқыныш» идеялары қатар сипаттала отырып, Абайдағы авадгардтық танымды, гносеологиялық, аксиологиялық мәнді көреміз. Осылайша Абай қазақ жаңа қоғамының қалыптасуының ең кульминациялық белесінде «адамдық бостандық», «әйел шекарасы», «пенде азаттығы» тақырыбын терең толғады. Және оны дидактикалық мәнде емес, рационалды-эмоционалды, экспрессиялы негізде түсіндірді. Сөзімізді түйіндесек, Т.Әсемқұловтің Абайдың «жұмбағына» қатысты ойларын осылай жүйелейік және өз түсінігімізше тарқатып көрелік:
1. Абайдағы лирикалық қаһарман (жыныссыз) өз-өзін жоғалтқан, үрейі басым, рухани дағдарысқа, қорқынышқа ұшыраған жан.
2. Кез келген адамның өмірдегі орны ақиқат өмірмен (дін) өлшенеді және осы жолдағы оның басты құралы – жүрек. Жүрек қалауы, жүрек тыныштығы, жан тазалығы секілді рухани-тазару құралдары.
3. Адамды өсірмейтін, оны кері тартатын нәрсесі – «эгосы», яки бейсана тұрғыда өзінен-өзі бөлініп шыққан «менікі» ұғымы.
4. Адам қандай нәрсеге қатты байланса, сол затпен сыналады және тек сыналып қоймай, соның күйігі мен зардабын тартады. Мәселе күйік те емес, тіпті оны адамдардың «тағдырға» жаба салуы да ғажап емес. Алайда сол «өтірікке» өзі былғана отырып, қаншама әдеміліктен, дүниенің тылсымдығынан, кереметтігінен, Алланың сұлу жаратылыстарынан ада болып, рухани жұтаңданады.
5. Адам өз «менін», яки тән мен нәпсінің қалауын орындаймын деп, махаббаттың қалай құлына айналғанын білмей қалады. «Құл» - бір нәрсені қатты құдай сүйіп, қол жетпес арманға ұмтылу, мақсат қою, діттеген мұратқа жету деген рационалды идея емес. «Құл» - санаңды тәнге билету, өз жүрегің мен ақылыңды бағындыра алмау.
6. Рухани жалғыздық – махаббат туындайтын әдемі күш. Ол – әлеуметтік-психологиялық мәндегі декаденттік, сентименталдық жалғыздық емес, кемеліне жетіп, арнасынан тасыған, өмірге ерекше құлшыныс пен махаббаттан туындаған жан рахаты.
7. «Жар, сенің көңілің тоқ, Ақ етіңді, Нұр бетіңді / Меншікті қылмаған соң, Алла, өзі сорлы етсе, амал жоқ» деп келетін жолдардағы әйелге қарата айтылған салқынқандылық, үнсіздік – оның тұрақсыздығы мен жауапкершіліксіздігін білдірмейтін, сөзбен айтып жеткізе алмайтын ұлы сезім. Бұл жердегі әйелді күстәналау – әйелге жасалған қиянат, тепе-теңдікті бұзып тұрған тосқауыл. Себебі Абай шығармаларындағы әйел бейнесі біртоғалықпен, сыртқы пішіні жағынан қатыгездікпен суреттеледі, ал бұл жердегі «қатыгездік» - адалдық, ар, ұждан, абыроймен ұштасқан сана биігіндегі парасаттылық категориясы.
Міне, осы сыни мақалада Таласбек Әсемқұлов жоғарыда аталған біз өзімізше интерпретациялаған тұжырымдарды дәлелдермен, көптеген аңыз, әпсана, өлең секілді интермәтінділік әдістерімен зерделейді. Осылайша сыншы ризоматикалық шытырман (ризоматический лабиринт) тәсілімен Абай танымындағы «адами бостандық» тақырыбын идіріп әкеліп, оның ұлы жұмбағын жалғастырушылар ретінде М.Әуезов пен М.Мағауиннің шығармаларын атап өтеді. Алғашқысына «Қаралы сұлу», екіншісіне «Күтпеген кездесу», «Өмір жыры» атты шығармаларын жатқыза отырып, Абайдың «ұлы жұмбағы» идеясын жалғастырушылар ретінде қарастырады. Алдымен ол адал жар деңгейіне дейін көтерілген Қарагөз образының аномалиялық патологияға ұшыраған бейнесінің трагедиясын негізге ала отырып, фәни тіршіліктегі «өлу», яки уақытша «құрбан болу» идеясына қарсы шығады. Ол әрине махаббатты «сату», адал жарды ұмыту, дәстүрге қарсы шығу секілді «қоғамдық пікірлер» емес, керісінше адамдықты жоғалтпау, жаратқанның әр күніне шүкіршілік етіп, «уақытты», «адамдықты» қорламау идеясы деп түсіндіреді. Бір сөзбен айтқанда, табиғаттың заңдылығына қарсы шықпау. Былай қарағанда, екі пікір де, екі ұстанымда дұрыс секілді көрінгенімен, филсофиялық, өмірлік, діни тұрғыда алып қарайтын болсақ, екіншісі шындыққа жанасады. Ал Мағауиннің «Күтпеген кездесуіндегі» идеяны Абай жұмбағының жаңғыртылған «рецитациясы», «реактуализациясы» деп қарайды. Сондай-ақ М.Мағауиннің «Өмір жыры» шығармасындағы өз «эгосына» өзі нанып, қызға «сүйем» деген сөзді айтқызуды мақсат еткен, махаббатты қатыгездікпен сездірген, құдды бір вампир секілді әрекеттерімен өзінен жирендірген бейнеде келген, яки махаббатты имитациялаған образды байқаймыз. Осы ретте М.Мағауиннің эпилог орнына берілген мына бір түсініктемесіне көз жүгіртсек: «Адамды homo sapiens дәрежесіне жеткізген ізгі де қасиетті сезім – махаббат туралы сыр шертпеген ақын-жазушы жоқ. Хикаяның түп тамыры бұдан бір, бес, он мың жылға, бәлки, одан да көне дәуірлерге тіреледі» [11, 22], - дей келе, жаңа бір сөз айтам деп емес, осы уақытқа дейін айтылған тақырыпқа тереңірек мән беруді мақсат еткендігін айтады. Сыншы Т.Әсемқұлов та, қос махаббат иесінің, қос ғашықтың, белгілі бір некелі тағдырдың қосылуына кездейсоқтық емес, тағдырлылық тән деген идеяны алға тартады. «Еш нәрсе жоқтан пайда болмайды» деген грек ойшылдарының гумантистік сөзін еске алатын болсақ әрі өмірдегі кез келген нәрсенің өз сәтімен болатынын, тіпті бірде-бір жапырақтың тәңірдің қалауынсыз жерге түспейтінін ескеретін болсақ, әрине шын ғашықтық, шын махаббат, шын үйлесімділік – бір тәңірден.
Таласбек Абайдың «ұлы жұмбағын» танытушы ретінде. Таласбек Әсемқұлов Абайдың «ұлы жұмбағын» жалғастырушылар ретінде Әуезов пен Мағауинді айта отырып, мынадай қорытындыға келеді: «М.Әуезов пен М.Мағауиннен кейін Абайдың бұл психологиялық жұмбағын шешкен, интерпретациялаған былай тұрсын, ұарасын алыстан шалған адам болған емес. Шығыс данышпандығын, Батыстың этикалық ойын барынша таныған Абай төл әдебиетте ұлы үрдіс қалыптастырды. Бұл үрдіс әдебиетке ұласты, бейнелеудің жаңа құралына айналды. Әрине, Абай салған жол өзінің ұшығына жеткен жоқ. Мерейлі шақ алда» [1, 204]. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, осы ретте Т.Әсемқұлов та Абайдың ұлы психологиялық «жұмбағына» өзінше үлес қосты. Сыншы әрі жазушы ретінде Таласбек осы бір бейнелеу түрді өз шығармашылығына арқау етті. Таласбек әңгімелеріндегі постмодернизмнің, метамодернизмнің, неоромантиканың нышандарын анық көргендіктен, бұл бейнелеу дәстүрін сәтті қолданып шықты деп толық айтуға негіз бар. Жазушының көп әңгімелерінде психологизмнің терең иірімдері, адам жанының ерекше сырлары, түпсанадағы тылсымдық күштер шебер суреттеледі ғой. Соның ішіндегі осы тақылеттес әңгімесі – «Арылу» шығармасы.
Әңгіме Балжігіттің сұрықсыз өмірімен, Пират атты иттің де бейшара күйімен басталады. Автор қосарлы психологиялық параллелизм негізінде Балжігіттің «ит-өмірін» суреттеуді мақсат етеді. Шығарманың композициялық-сюжеттік негізі «ойнақы», яки оқырманын «алдаусыратып», түрлі лирикалық шегіністер арқылы, кейіпкердің иллюзиялық, қиялдық негіздегі монологтары, ойлары, ішкі күйініш-сүйініштері арқылы баурап алады. Алдымен әкесінен, одан соң шешесінен қайтыс болған бала Балжігіттің сонау балалық шақтағы жан «жарақаты» есейе келе жазылмай, керісінше өрши түсті. Яки «жоғалтып алу», «айырылып қалу» жарақатымен өмір сүрген Балжігітте «эголық», бейсана тұрғыдағы қорқынышты ой мазалап қана қоймай, санасында қатталып қалады. Уақыт өте келе, үйленіп, бала сүйіп, жанұялы болып, апталдай азамат болса да, оның сана саңылауынан, ой елегінен өткізілмеген (проработка) «жарақаттары» жаннан бөлініп кете алмайды. Аяқ астынан басына сынақ келіп, түрмеде отырып шыққаннан кейінгі тағдырында жан жарынан, одан қалды енесінен айырылып, «өлімдер шеруіне» одан сайын таптала келе, өз «эгосын» тереңге батырып жібереді. Тап «Карагөздегідей» өз болмысын, өз бейнесін аномалиялы тұрғыда «құбыжыққа» айналдырады және оны өз еркінен тыс бейсана тұрғыда жасайды. «...Кеше алмады. Осыншама уақыт енесін де, бір хат жазбаған балаларын да. Әрі-беріден соң Гүлбанудың өліміне себепкер осы балалар сияқты көрінетін болды. Одан кейін бәрі де кері кетті» [12, 95], - деген сюжеттегі кульминациялық белестерден Балжігіт пен оның «эгосы» арасындағы арпалысты көреміз. Өз балаларына «шешесін жұтқан жалмауыздар» деп қарғануы – тағдырға шағым айту, құдай ісіне қарсы келу идеясы екенін біле тұрса да, бейсана түсінік бұған бағынбады. Тіпті балаларын нағашылары алып кетіп бара жатқандағы Балжігіттің іштей «кетпеңдер» деген бір ғана сөзіндегі тұнық ойынан – түпсанадағы жасырынған кішкене ғана мейірімнің тозаңдай ғана бөлшегінің саналылық деңгейіне жетпеген тұсын байқаймыз. Бұл шығармадағы ессіздік, ақымақтық, көзсіздік – адам санасындағы серпіліс пен ішкі беріктіктің тұрақсыздығына, өз «эгосынан» әрі аса алмаған жан қорқақтығын байқаймыз. Балжігіт ақылсыз да, тәрбиесіз де емес еді, ол жары мен балаларын ойлайтын, жылулық пен жанұяның қадірін білетіндей ауыр сынақтан өткен образ, алайда ол өз арманына, өз қолындағы барына сене алмады, тәубеге келуден жасқанды. Өйткені барды «жоғалтып алу» жарақаты оның санасынан әлі тазармаған еді. Алайда қаламгер өз шығармасында адамзат өмірінде бір өзгеріске әкелер тылсым күшті, ойына, санасына, жүрегіне «бастау» (пуск) пернесін орнатар бір кішкентай ғана ғұмырлық детальдар мен штрихтардың болатынын «ит» образы арқылы көрсетеді. Өлген итті көму мақсатында оның өлексесін алып, үйшігін қарау барысындағы көргені – оның өмірін, санасы мен ойын түбегейлі өзгертеді. Жазушы жайдан-жай адамдық мінездің дұрыс арнаға бұрылуын кездейсоқтықпен немесе ақылға қонымсыз (сверхестественный) фантазммен емес, жай ғана «ит үйшігі» арқылы шебер береді: «Балжігіт қолына күрек алып, ауланы аралады. Қолайы жер табыла қоймаған. Ақыры ұясын аударып тастап, шұңқырды сол арадан қазбақ болды. Жауын шайып, жел қағып, әбден тозығы жеткен үйшікті ырғап-ырғап бір жағына жыға салған Балжігіт таң қалып тұрып қалды. Ұяның іші сірескен тамақ. Көзінде жас, көкірегін елжіреген мұңлы күлкі билеген Балжігіт үйіндіні ақтара бастады. Қатып қалған, көгеріп кеткен нан. Әртүрлі күресіндерден табылған шала мүжілген сүйектер. Жарты жүні жұлынған тауықтың өлексесі. Тіпті кеуіп қалған үш-төрт алмаға дейін бар екен. Пират келе жатқан қысқа өзінше дайындалса керек» [12, 98]. Көркем шығармада К.Юнгтік тәжірибеге негізделген түрлі архетиптердің қалыптасқаны мәлім. Архетиптік образдар – халық, адам санасында бірнеше жылдан бері қатталып келген бейсана образдар. Солардың бірі ретінде бұл шығармада «үй» архетиптік бейнесі осы сюжетте көрінеді. «Дом обозначает одну из базовых потребностей и положительных цен ностей человека, а бездомье – одну из отрицательных ценностей либо положительную ценность в значении пути к дому. Архетипы «Дом» и «Бездомье» играют методологическую роль по отношению к гуманитарному знанию, характеризуя различные сферы духовной культуры [13, 15], - деген пікірді ұстана отырып, ғалым Е.В.Шутова көптеген мақалаларында жалпытүркілік, көркем шығармадағы, басқа да діни наным-сенімдер мен философиядағы, мәдениеттанудағы, өнердегі «үй» архетипіне осындай баға береді. Шындығына келгенде, бұл шығармадағы басты өзек – «үй» архетипі арқылы Балжігіттің «эгосын» қалыпқа келтіру, тәубесіне түсірту. Жануар болса да, адами тірлікпен «өмір кешкен» Пираттың әрекеті кез келген саналы адамды ойландырмай қоймаса керек. Сол себепті осы уақытқа дейінгі барлық ой-санасы бір ғана сәттен өзгере шыға келеді де, адами бостандыққа ұмтылады. «Жар» ұғымына азаттық береді де, «үй» танымы арқылы өз «менін» табуға аттанады. Оны біз шығарма шешіміндегі «пеш салу» деталінен бағамдаймыз. Кез келген символ, дәйек шығармада қызметсіз болмайды. Жазушы отбасылық, жалпыадамзаттық құндылықтарды адам санасы арқылы елеуіштен өткіздірте отырып, тағдырдың, қоғамның түрлі ситуациялары мен стереотиптерінен бой алдыра келе, «азаппен» емес, «жүрек саналылығы» арқылы жеткіздіртеді. «Осы кеште ат ізін салмай көрші шал келген. Едендері жуылған тап-таза үйді аралап шығып, толқын-толқын жылу шашып тұрған пешке келді.
- Ой, азамат, - деді құдықтарды сипалап көріп. – Ал енді не істемексің?
- Не істеуші едім, - деді Балжігіт. – Балаларымды алып келемін. Оларға мама тауып беру керек. Шаруа көп» [12, 99]. Шығарма тап осындай ырғақпен аяқталады. Шығарма шешіміндегі «үйшік», «пеш», «жаңа мама» ұғымдары Балжігіттің «эголық» санасынан жаңаша тыныс алған өзгерісті «меннің» диалектикалық сипаты. Сайып келгенде, Таласбектің талдауындағы Абайдың «ұлы жұмбағының» психологиялық аспектісі оның «Арылу» әңгімесіне де өзек болды. Алайда Таласбек Әуезов пен Мағауиннен алыстап кетпегенмен, адам санасындағы төңкерісті доппельгангерлік сипаттағы архетиптік негізбен нығыздады. «Көлеңке» архетипінің бір сағасы ретінде қарастырылып жүрген әдебиеттанудағы доппельгангер-бейнеде адамның «көлеңке» тұсы, жеке тұлғаның «қараңғы» белесі, адамдық таза ойдың «зиянкес» сұлбасы көрінетіні анық. Міне, шығармадағы Балжігіттің «көлеңке» архетипінен шығу жолы адамдық бостандық идеясымен өрбиді.
Сайып келгенде, өзінің саналы ғұмырында Таласбек Әсемқұлов Абайдағы «жар» мен «ұлы жұмбағы» мәселесін екі өлеңнің тағдырын негізге ала отырып, әдебиеттің барлық жанрларымен (миф, әпсана, өлең, проза) сабақтастыра отырып зерделеді. Оның бүгінгі күнмен байланысын, тіпті әдебиеттану тарапынан берілген бағаларын да атап өтті. Осылайша өзі де сол соқпаққа өзіндік қолтаңбасын да қалдырды.
Әдебиеттер:
1. Әсемқұлов Т. Шығармалары. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2016. Т.4. Музыка. Әдебиет. – 412 б.
2. Комаров C. Г. К вопросу о библейских архетипах в драматургии Эдварда Бонда: основные стратегии развития архетипического образа Иова // Информационный гуманитарный портал «Знание. Понимание. Умение» / 2008 / №5 2008 – Филология. Комаров C. Г. К вопросу о библейских архетипах в драматургии Эдварда Бонда: основные стратегии развития архетипического образа Иова
3. Абай. Шығармалар жинағы. – Алматы: Brand Book, 2021. – 380 б.
4. Ысмағұлов Ж. Абай: даналық дәрістері. – Алматы: Өнер, 2007. – 400 б.
5. Байтұрсынұлы А. Алты томдық шығармалар жинағы. 1-т. – Алматы: Ел-Шежіре, 2013. -384 б.
6. Әйтімов М.К. Тарихи көркем бейненің халықтық сипаты (Жазушы Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» роман-хамсасы негізінде) // Известия НАН РК. Серия филологическая. 2009. №3. 16-20 б.
7. Есдәулет, Ұ. Ұлы Абайдың жұмбағы - қазақ жанының ұлттық құпиясы [Мәтін] / Ұ. Есдәулет; Е. Жүнiс; әңг. Е. Жүнiс // Айқын. - 2010. - 4 қыркүйек (№ 162).-3 б.
8. Жұбанов Қ. Шығармалар мен естеліктер. – Алматы: Өнер, 1990. – 208 бет.
9. Кемелбаева А. Таңдамалы. – Нұр-Сұлтан: Фолиант, 2021. – 392 б.
10. Ибраев Ш. Абай феномені. Ғылыми зерттеу. – Нұр-Сұлтан: Алашорда, 2021. – 240 б.
11. Мағауин М. Көк кептер. – Алматы: Жалын, 1979. 296 б.
12. Әсемқұлов Т. Шығармалары. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2016. Т.2. Проза. Киноромандар. – 400 б.
13. Шутова Е.В. Архетипы «Дом» и «Бездомье» и их объективация в духовной культуре. – Омск: РГБ ОД, 2011. – 174 с.