Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Әдеби сын» номинациясы: Абай – өмір сыншысы
954
оқылды

Авторы: Mergen

 

1. Абай-қазақ әдеби сынының атасы.

2.Абай-қазақ әдеби тілін қалыптастырушы.

3. Абай өлеңдеріндегі әлеуметтік сын

4.Қортынды

5.Пайдаланылған әдебиеттер

   1. Абай-қазақ әдеби сынының атасы.

«Абай өзі өмір сүрген дәуірді әралуан жағынан суреттеген реалист ақын. Ол дәуірін шығармаларында айқын суреттеп,заманның айқын айнасы бола білді[1, 60-31 бб.],»- деп жазды белгілі сыншы-ғалым Қ.Жұмалиев. Абай шығармалары  әлеуметтік қарым-қайшылықтарды дәл суреттеп, боямасыз бейнелеген туындылар. Сонымен қатар, оның шығармаларындағы ұшқыр ой, ұтымды пікірдің ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі де зор. Данышпан ақынның парасатты ой-толғамдарының ұлттық әдебиетіміз бен төл мәдениетіміздің дамуы, өркендеуіндегі алар орны ерекше бағалы. Абай қазақ поэзия тілінің құрамына зор өзгеріс,тың серпін тудырған ақын. Ол өзіне дейінгі жыраулар поэзиясының тілінде сирек қолданылған қарапайым сөздерді өлең тіліне қосты, оларды поэзияның сенімді құралына айналдырды. Абай шығармаларына ең алғаш әдеби сыни көзқарас тұрғысынан баға беруші қазақ халқының белгілі қоғам қайраткері А.Байтұрсынов:«Абайдың сөзі сол замандағы ақындардың сөзінен оқшау, олардың сөзінен артық. Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына сыншылық керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған. Бұлардың үстіне Абай көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған»[2],- деп ұлы ақынның шығармаларының ұлттық әдебиетіміздің асыл қазынасы екендігіне тұңғыш жоғарғы баға  берген еді.

    Абайдың өлеңдерінен ұлы ақынның азаматтық позициясы,арманы,күйініші мен сүйініші айқын аңғарылады. Әдебиет пен өнер қай халықтың болса да, рухани және әлеуметтік бейнесінің айнасы екені белгілі. Ал оларды дамытып, бағыттаушы күш әдебиет пен өнер сыны. Абайдың сыншылық көзқарасы әдебиет пен өнер сыншылығы, қоғамдық-саяси сыншылығы, қоғамдық-саяси сыншылығы  болып бөлінеді. Ұлы  ақын  өзі өмір сүрген кездегі  қоғам өмірінде орын алған қайшылықтарды тамыршыдай дөп басып, қабырғасы қайыса күйзеліп, тебірене толғаған  болатын. Абай-қазақ әдеби сынының атасы. «Сөз өнері-өлең жөнінде қазақ елінде бұрын-соңды Абайдай асқан құнды пікірді ешкім айтқан емес»,-дейді Қ.Жұмалиев[1, 96-б.]. Ол өзіне дейінгі жырауларға, замандастарына  да, тіпті, өз өлеңдеріне де сыншыл көзқараспен қарады. Ақынның «Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы», «Мен жазбаймын өленді ермек үшін» т.б. өлеңдерінде өлеңге деген талабы айқын аңғарылады.

-Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, 

Жоқ-барды ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.- деп өлең туралы ойын  жас ақындарға  түсіндірді. Ол өлеңді «өнер» деп таныды.Абайдың поэзияға сыншыл көзқарасын, өлеңге деген талабын бейнелеген өлеңінің бірі- «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы». Бұл өлең мен ақынға талап туралы жазылған жыр. Абай өткір жыр семсерін қоғамдағы кемшіліктерді жоюға жұмсады. Өлеңнің құнын түсірушілермен күресті. Ол мұндай ақындардың атағына қарамай  кемшілігін  сынады. Өзі ақындар мектебін (Мағауия, Көкбай, Ақылбай) қалыптастырған Абай  осы өлеңі арқылы жыр жазудың жаңа үлгісін жасап, оның мағыналық, көркемдік алғы шартын бекітті. Абайдың бұл өлеңіне дейін қазақ әдебиетінде поэзияға сын айтудың  айқын үлгісі бола қойған жоқ. Ендеше, Абайдың бұл өлеңі-өлеңмен жазылған көркем поэзия сыны. Абайдың бұл өлең сыны-қазақ жазба әдебиетінің тұңғыш  қарлығашы. Ал, «Абай- қазақ әдебиеті сынының негізін салушы» деуге  негіз бар.

Ол:

...-Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы,

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы-, деп өлеңде мазмұн мен түрдің бір болуын ең басты талап етіп қойды. Абай мұны басты алғышарт деп белгіледі.

...-Бөтен сезбен былғанса сөз арасы,

Ол- ақынның білімсіз бишарасы.

Айтушы мен тындаушы көбі надан,

Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы,-дейді ақын сол кездегі қазақ әдебиетінде өзге тілдерден (парсы, араб, татар, орыс т.б.)енген сөздердің қазақ әдеби тілін шұбарлауына наразылығын білдірді. «Әдеби тіл жай тіл емес, көркем тіл, сұлу сөз» деген тұжырымға сәйкес, Абай өлеңнің көркемдігін де басты негіз етіп қояды. Өзіне дейінгі қазақ әдебиетіне сыни көзқараспен қараған Абай сол дәуірдегі белгілі, ақын-жыраулар поэзиясына да көңілі толмағанын жасырған жоқ.

...-Шортанбай, Дулат пенен  Бұқар жырау,

Өлеңі бірі- жамау, бірі- құрау.

Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,

Кемшілігі әр жерде көрініп тұр-ау-,деп,Бұқар жыраудың толғауындағы кемшіліктің бетін ашып көрсетті. Сондай-ақ, «көмейінен өлең ақтарылып, жыр төгілген» ақындар-Дулат пен Шортанбайдың өлеңдерінде байқалған кемшіліктерді де осы өлеңі арқылы сын тезіне салды. Әдебиет үшін, сөз өнерінің өміршеңдігі үшін еңбек еткен ұлы сыншы Абай осы жолда ешбір қиындықтан   бас тартпады. Абайдың өлең жазудағы ең басты мақсаты-жас ақындарға үлгі беру, олардың сана-сезімін ояту болды. Ол өнер туралы, өлеңнің табиғат туралы жырлары арқылы өзінің осы пікірін жұртқа  ұсынып, сөз өнерінің жаңа, тың сырларын, құпияларын ашып түсіндіруге тырысты.

...-Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,

Мақалдап айтады екен, сөз қосарлап.

Ақындары ақылсыз надан келіп,

Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.,-деп көркемдігі нашар, әлеуметтік мәні аз өлең жазып, өлеңнің қадірін кетіруші ақындарға қарсы күрес ашып, өлеңнің мазмұны жағына да,түріне  де нақты талап қойып, бағалады.

...-Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,

Сендерге де көлейін енді аяндап,- деп өлеңнің мазмұнды, сөздің саралы болуы үшін құйма құлақ, көкірегі ояу, көзі ашық тыңдаушының талқысы да қажет екендігін ескертті. Ақын-жырауларға тек қана «жұртқа үлгі беретін өлең шығару керек» деген талап қойса, елдің де сол өрнекті жыр, өнегелі өлеңдерді үстірт тыңдап, құлаққа тисе де жүрегімен қабылдай алмауына алаңдаушылығын білдірді. Сондықтан, оның өлеңдерін А.Байтұрсынов: «Абайда сөз аз, мағынасы көп, терең  бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қалдырмай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң  сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыны сынайды. Абай сөзі заманындағы ақындардың сөзінен үздік, артық. Абай өлең жазудың, өлең жақсы болуға керек шарттардың бәрін сілген. Сондықтан өлеңі қай тарапынан болса да толық» [2]-, деп бағалады.

    Абайдың ақындық жолы, өскен ортасы  күрделі болғаны белгілі. Оның ақындығы сол ортада қалыптасып, дамыды. Ақын өзінің қолындағы ең басты құралы-өлеңіне осы ортада кездесетін кемшіліктерді жою үшін қолданды. Бұл туралы М.Әуезов: «Әрине, Абайдың өзінің  алдында,өзінің тұсында болған кейбір ақындардың жиренуі- бүкіл қазақ халқына біткен ақын атаулыдан торығып, аулақсынуы емес. Ендігі тарихи кезеңде қауым тіршілігі басқаша, жаңаша болып өзгеріп құрылуы керек деген Абай ақындық міндетті жақсы түсінді. ...Сол талаппен қараған Абайдың сыншыл пікірі «Өлең-сөздің патшасы, сарасы» өлеңінде бейнелегендей поэзияны жағымпаз ақындардың әсерінен ажыратып алмақ болды. Осылармен қатар, Абай халықтың өзіне жақын, елдің мұңын айтатын ақындарды да ескерді. Оларды өзіне қуат көріп, оларға енді қандай өлең жазу шарт, міндет екендігін ұғындырмақ болды»,- [3, 141-б.]-. деп жазды.

   Абай өзінің 1888 жылы жазған ақындық өнерге арналған «Біреудің кісісі өлсе, қаралы-ол» деген өлеңінде де өлеңнің қазақ халқының рухани өмірінде орны туралы пікірін білдірді. Шыр етіп дүниеге келген жас сәбиге айтылатын ананың әлдиінен бастап, жарық дүниемен қоштасар сәттегі жоқтау жырына дейінгі өмір мен өлеңнің құстың қос қанатындай қатар жарасым тауып, жанды байланыс жасайтындығы туралы терең түсінік береді.

...-Бала туса, күзетер шілдеқана,

Олар да өлен айтар, шулап жаңа,-деп жарық дүниені есігін жаңа ашқан жас нәрестенің өмірмен қатар өлеңмен де танысатындығын бейнелейді. Халқымыздың асыл мұрасы-сөз өнерінің ғасырлар белесінен бастау алып, ауыз әдебиеті арқылы жалғасып келе жатқанын білдірді.Көненің көзі, халықтың сан ғасырлық өмір тәжірибесінің түп негізі- мақал-мәтелдердің де тәрбиелік мәнін жете аңғарып,оны  жиі еске алып отыруды ескертті.

...«Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,

Ойлансаңшы бос қақпай елең-селең,- деген терең толғамды ойы арқылы   болашаққа сенім көзімен қараған ол адамзатқа,тіршіліктің тар аясына тоқталып қалмай, өнердің өнегелі биігіне жетуді де мақсат етіп қоюы қажет екендігі туралы ой бөлісті.

-Қарын тоқ, қас надан ұқпас сөзді,

Сөзді ұғар, көкірегі болса көзді,- деп көзі ашық, көкірегі ояу,саналы  жандарға сыршыл жүректен шыққан мағыналы ойдың ұшқынын жолдады. Абай халыққа айтар ойы, өзіндік пікірі бар, ел мұңына ортақтасып, жақын бола алады деп санайтын ақындарға да аса жоғары талап қойған болатын.                 

 

2. Абай-қазақ әдеби тілін қалыптастырушы.

    Абай өз өлеңдерінде тіл тазалығын  сақтауды-ең басты талап етіп ұстанған. Ақын өмір сүрген дәуірдегі әдебиет үлгілерімен салыстырсақ, ұлы  Абайдың туындылары  тілдік тазалығымен дараланады. Ол өлеңнің «іші алтын, сырты күміс» болуын қалағанда, әсіре қызыл сөзден аулақ болуды да берік ұстанды. Сол дәуірде өмір сүрген ақыңдардың шығармалары өзге тілдерден(араб, парсы) енген сөзбен шұбарлануы жиі кездесетін.Олар шағатай, араб, парсы сөздерін көп қолданса өздерін білімді  сезінді. Мұны Нұржан Наушабаев:

...-Парсы, ғараб ұлағатпен келтірер ем,

Ғалымдық дариясынан ішсем қанып.

Көңілге келген дәтті нұсқалайын,

Жоқ алтынды, қазайын қайдан тауып,-деп өзінің араб, парсы сөздерін аз білгеніне қынжылған болатын. Бұл сол кездегі біраз ақындардың ортақ арманы еді. Осындай араб, парсы т.б. әр алуан тіл, сөздермен қазақ әдеби тілі шұбарланып, бұл кей ақындар үшін дәстүрге айналған кезде Абай қазақ тілін ластаушыларға қарсы шықты. Ол өз ана тілін  жоғары бағалап,оны таза сақтауға тырысты. Ғалымдардың зерттеуінше, Абай өлеңдері мен қара сөздеріндегі араб, парсы сөздерінің жалпы саны -374 екен. Ал,бұл сөздер оның өлеңдерінде 162 рет кездеседі. Бұл шағатай, араб, парсы әдебиетімен жете таныс болған, діни оқудан дәріс алған Абайдың 20 жылдан астам жазған шығармалары үшін аса көп емес. Абай өлеңдерінде өзге тілдегі сөздер мүлде кездеспей,неге тек  қазақ сөздері ғана болмады десек  қателескен болар едік. Себебі, біріншіден, ол тілдің даму заңына қайшы келеді,екіншіден, сол дәуірдегі әлеуметтік жағдайдың әсерінен кейбір өзге тілдерден енген сөздің Абай өлеңдеріне  кіруі табиғи құбылыс еді. Демек, Абайдың шығармаларына өзге тілдердегі сөздердің кіруін дұрыс түсінген жөн. Абайдың  шағатай, араб, тілдеріндегі әдебиет үлгілерімен 13-14 жасынан таныс болғаны белгілі. Оның араб, парсы сөздерін көбірек қолданған өлеңдері де осы кезде жазылған.Ол шығыс жыр өнеріне еліктеп: «Физули, Шәмси, Сайхали», «Әлиф-би», «Шығыс ақындарынша»  т.б. өлеңдерін жазған еді. Бұл  оның  шағатай әдебиетіне   еліктеген өлеңдері болатын. Ақмола, Нұржан, Ақан серілердің   10-15 шумақ өлеңдерінен көптеген араб, парсы сөздері табылса, Абайдың 20 жыл бойы  жазған қара сөздері мен өлеңдерінен барлығы 300-дей өзге тілден енген сөздің кездесуі оның тіл тазалығын сақтай білгенін көрсетеді. Абай, көбінесе, орысша жеке сөздерді сол күйінде қолданған немесе, жалғау, жұрнақ жалғау  арқылы олардан жаңа сөз жасаған:

...-Балам закон білді деп,

Қуанар ата-анасы.

Осы мысалдан Абайдың өзге тілдерден енген сөздерді ретсіз қолданбай, тек тиісті жерінде ғана қолданғанын байқаймыз. Демек, Абайдың тіл қолдану тәсілі де қазақ әдебиетшілері үшін  өнеге болып табылады. Оның тіл тазалығы туралы тағы да бір өлеңі – «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін». Ақын бұл өлеңінде өлеңнің сапасы мен жыр жазудың жауапкершілігі туралы өз ойын өрбіте келіп, тіл тазалығына тағы да тоқталады.

...-Сөз айттым «Әзірет Әлі, айдаһарсыз»,

Мұнда жоқ «алтын иек, сары ала қыз»,

Кәрілікті жамандап, өлім тілеп

Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз.

Түбі терең сөз артын, бір байқарсыз,- деп, өлендеріне араб, парсы сөзін қосқан ақындарға қарсы болды. Оның бұл өлеңі Көкбай Жанатайұлы мен Әріп Тәңірбергенұлының дастанындағы кемшіліктерді жою үшін жазылған. Ұлы ақын «ұлт әдебиетіне жол көрсету-міндетім» деп сезінді. Сондықтан Абай:

...-Өлеңі бар өнерлі інім, сізге

Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге,

Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ,

Есіл өнер қор болып кетер түзге,- деп, жастарды әдеби айқын бағыт, сара жол ұстануға шақырды. Жас буынның үлкен мақсат, келелі тақырыптарды игеріп, қалам тербеуіне қозғау салды. Абайдың бұл өлеңі туралы М.О.Әуезов:«Абай өз тұсында болған әдеби ағымдардың ескі мен жаңасын,пайдасы мен залалын саралап,екі айырды. Бұл тек өзінің ақындық жолдағы ізденісі емес. Мұны ақындық, жайындағы өзгеше мәні бар өлең деп ұғынуымыз керек», -» [3, 141-б.]-. деп жазған болатын. Абайдың әдебиет сыны,өлең сыны туралы өлендері-қазақ әдеби сынының алғашқы туындылары болды. Оның әдебиет сынына арналған өлеңдері жайлы А.Байтұрсынов:«Айтушы мен тыңдаушының көбі надан болғандықтан, өлең болып айтылып, тыңдалып жүргендердің көбі өлең емес екені, өлең жазушылар болса да, келістіріп жазушылары ішінде бірен-саран таңдама екені, жұрт  мағыналы, маңызды, терең сөзден гөрі, мағына жоқ,желдей гулеп құлаққа дыбысты тиіп,өте шығатын жеңіл сөздерді тыңдауға құмар екені Абайдың өлең жайынан жазған сөзінде көрсетілген. Сол сөзінен Абайдың сыншылығы, өлеңнің жақсы болуға не керек екендігін білетіні де көрініп тұр. Абайдың өзі тексергіш болған соң, оның өлеңін тексеріп, қате шығарып ешкім де жарыта алмайды»-, [2]деп жазды. Абайдың әдебиет сынына арналған өлеңдері-қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетіне жаңа бағыт  көрсетті. Бұл туралы М.О.Әуезов: «Дүние жүзінің алдыңғы қатарлы ақындық дәстүрін үлгі еткен Абай қазақ әдебиетін, оның ішінде өз халқының мәдениетін жоғарғы тарихи сатыға көтере білді. Ол өз халқының рухани кезеңі болашақ  алысты көре білді, халық үшін ойлап, халық үшін сезіне жүріп, оның тарихи келешегін көрсете білді»-, [3, 141-б.]  деп жазды. 

 

3. Абай өлеңдеріндегі әлеуметтік сын.

    Сыншының міндеті тек қана әдебиет сынымен айналысу емес, ол қоғам өміріңдегі кемшіліктердің де бетін ашып,оған сын айтудан тұрады. Ақын-қоғамдағы кемшіліктерді көрсетуші, оның сыры ашушы. Абай да  өлендері арқылы өзі өмір сүрген дәуірдегі қоғамның кемшіліктерін анықтап, «қалың елі, қазағы, қайран жұртын» өмірдің тоқырауынан шығаратын жолды іздеді. Абай өзіне дейінгі ақындарға қарағанда халықтың мұңын жете түсініп, оны үнемі  жырына асыл арқау етіп қосты. Ол өзі түсінген  өмір шындығын «улы сия, ащы тілмен»ашып көрсете білді. Абай  қоғамның рухани өмірінде ғылым мен өнердің зор міндет атқаратындығын  өзінің шығармаларына үнемі басты тақырып етіп ұстанды. «Абай және оның шәкірттері өз шығармаларында өмірдің барлық саласын қамтыды. Көркем өнер, халық ағарту, тәлім-тәрбие, қоғам құрлысы, тағы басқа салаларды түгел қамтыған шығармаларының бәрін Абай да, оның шәкіртері де сол кездегі қазақ аулының ескі   салтына қарсы жұмсады; ел арасында ру жігін қоздырған болыс-билерді, атқамінер қуларды, осылар арқылы патша үкіметінің бүкіл әкімшілік тәртібін батыл мінеп,өткір сезімен, ащы тілімен аяусыз қатты түйрейді»[3, 141-б.]- деп жазды М.Әуезов. Ол осы мақаласында  Абайдың халықтың тағдыры мен трагедиясы туралы саяси-әлеуметтік сынға арналған лирикалык өлеңдеріне терең талдау жасаған еді. Абайдың қоғамның саяси-әлеуметтік саласына ащы сын айтқан өлеңдерінің басым көпшілігі 1886-1889 жылдары  жазылғаны белгілі. Олар ақынның қазақ халқының сол дәуірдегі қоғамдық өміріндегі орын алған надандықтың, қанаушылықтың ауыр салмағын, ел өміріндегі керітартпа мінездерді сынаған сыни көзқарасының айқын айнасы болып табылады. Абай  өзінің «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Бойы бұлғаң», «Сегіз аяқ», «Байлар жүр», «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» т.б. өлеңдерінде  қоғам өміріндегі кемшіліктерге сыншылық көзқарасын білдірумен қатар,надандықтан жәбір көріп жапа шеккен жандардың, жан жарасының рухани емшісі де бола біледі. Ол өз дәуіріндегі әлеуметтік қайшылықтардың түп төркіні-озбырлық пен надандықта екендігін жақсы түсінді. Сондықтан да осыларға қарсы ашық күрес ашып, қатты шенеді.

...-Сабырсыз, арсыз, еріншек,

Керсе қызар жалмауыз,

Сорлы қазақ сол үшін,

Алты бақан алауыз,

Өзін-өзі күндейді,

Жақынын жалған міндейді,- деп,жат мінездің бет пердесін улы сатира тілімен сыпырған Абай тығырыққа тіреліп тұралаған қоғам қысымынан құтылатын жолды іздеді. Бұған тек  білім мен еңбек арқылы ғана жетеміз-,деді. Ол қазақ әдебиетінде надандыққа, өтірік-өсекке, парақорлық, жалқаулыққа қарсы әлеуметтік өткір сын жанрын қалыптастырды. Өзінің «Интернатта оқып жүр» атты өлеңінде  ғылымды күнкөріске айналдырып «Я тілмаш, я адвокат» болуды армандаған шалағай жастардың қылығына қатты ренішін білдірді.  Билікке таласып, елдің берекесін кетіргендерді ол «Қалың елім,қазағым, қайран жұртым»өлеңінде өлтіре сынады. Бұл өлеңінде Абай билік үшін елдін  берекесін қашырғандарға деген сыни көзқарасын ашық білдірді. Ол ел ішіндегі арызқой жандардың жағымсыз әрекеттерін де сынады. Сол кезде билікке таласқандар    патша үкіметінің дем беруімен парақорлық пен арызға  бой ұрған еді. Олар Абайдың үстінен арыз жазып,тіпті,оны түрмеге де қаматқан болатын. Абай өлеңдерінде қазақ халқының қайырсыз тағдыры жөніндегі терең өкініш сезіліп тұрады. Ақынның бұл өкініші әсіресе, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген өлеңінде күшті бейнеленді,- [3, 142-б.]-  деп , жазды М.О.Әуезов  бұл туралы. Осы өлеңінде ақын алты бақан алауыздық берекесін кетірген қазақ халқының қайғылы,өкінішті бейнесін айқын көрсете білді.

...-Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузына түсті мұртың,

Жақсы менен жаманды айырмадың.

Бірі қан, бірі май боп, енді екі ұртым,-деп,бірлігі аз ел өміріне назаланды. Абай сұрқия би-болыстарды, байларды,қазақ арасындағы зиянды әдеттерді аяусыз сынады. Абайдың 1899 жылы жазған «Болыс болдым мінекей», Мәз болады, болысың» өлеңдері бұған нақты дәлел. «Болыс болдым, мінекей» өлеңін Абай Күлембай болыстың теріс қылығын әшкерелеуге арнаған. Ақын осы өлеңінде екіжүзді болыстың ішкі жан дүниесіне терең бойлап, оған  психологиялық талдау жасағаны байқалады.

...-Болыс болдым мінекей,

Бар малымды шығындап,

Түйеде қом, атта жал,

Қалмады елге тығындап,- деп, парақор болыстың сайлау кезіндегі  айласын айқын бейнелейді. Абай өзіне дейінгі қазақ ақындарын сынап қана қойған жоқ, олардан өнеге де алды. Ол Дулат Бабатайұлының 1880-жылы Қазан қаласында шыққан «Өсиетнама» өлеңдер жинағымен танысуы мүмкін. Сондықтан, Абайдың әлеуметтік сынға арналған кейбір өлеңдерінің Дулаттың  жырларымен байланысының барлығы да байқалады.

...-Майордың алса бұйырғын,

Борбайға қысып құйрығын.

Ел пысығы жортады,

Одан өзі қорқады-деп, Дулат ақын патша әкімдерінің алдында құрдай жорғалаған би-болыстардың жағымпаз тірлігін айтса, Абай да қоғамдағы осы келеңсіз істерді өткір сынға алған еді. Дулат бұл кемшілікті жоятын жолды білмеді.

 Ал, Абайдың  әлеуметтік теңсіздік туралы түсінігі толығырақ болды. Сондықтан да Абай өлеңдерінде бұл  тақырып айқын суреттелген болатын.

...-Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап,

Әлсіздін сезін салғыртсып,

Шала ұғамын қырындап.,-деп,Абай қазақ арасында қыр көрсетіп, әкімді көрсе, жылмаңдаған ел билеушісінің жұрт жиіркенетін қылығын өткір сатира тілімен әшкереледі. Ол «Мәз болады болысың» өлеңінде де жағымпаз би-болыстардың сатиралық бейнесін жасады. Ақынның қоғамдық сатирасының жарқын үлгілерінің бірі болып саналатын бұл өлеңнің де  мазмұны терең.

...-Мәз  болады болысың,

Арқаға ұлық қаққанға,

Шелтірейтіп орысың.

Шенді шекпен жапқанға-деп, ұлыққа жағынып,ар-ұятын шен-шекпенге айырбастаған мансапқұмар болыстың бишара тірлігін бейнеледі. Ол«Бай сейілді», «Байлар жүр»атты өлеңдерінде   байларды да күлкіге айналдырды.   Оның 1894 жылы жазған сыншыл өлеңінің бірі- «Қайтсе жеңіл болады жұрт билемей». Бұл да байлардың аяр мінезін шебер суреттеген туындының бірі. Абай байларға  ақыл қосқан болып,оларды улы сатира тілімен шенейді:

-Жат елде жадағайда сөйлеп шәркез,

Тар жерде тайпалудан таңба әр кез.

Халықты «жау» деп еліңді үрпитіп ап,

«Жауға жабдық» деп жиып, пайда қыл тез,- деп олардың сұм мінезін  ашудың жаңа жолын тапқан. М.Әуезов: «Бұл өлең Абайдың өзі жауыққан топты сын соққысына ұшыратуда шебер қолданған сатирасының бірі-деп жазды[3, 142-б.]. Абайдың 1836 жылы жазылған «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» өлеңінде де оның қоғамдық көзқарасы айқын байқалады.

...-Бай алады кезінде көп берем деп,

Жетпей тұрған жеріңде мен берем деп.

Би мен болыс алады, күшін сатып,

Мен қазақтан кегімді әперем деп-, деген өлеңі арқылы ол халықты сүліктей сорған байларды әшкереледі. Оның поэзиясы үнемі қоғам кемшіліктерін сын тезіне салды. Ол халықтың кемшілігін де, би-болыстардың озбырлығын да ашық сынап, беттеріне басты. Сондықтан, өткір жыр семсерін қоғам кемшіліктерін жоюға қолданған Абайдың үлгісі қазақ ақындары үшін мәңгі өнеге. Қоғам кемшіліктерін әшкерелеген сыни өлеңдерімен Абай өзі сүрген дәуірдегі өзге әдебиетшілерден оқ бойы озық, алда тұрды.  

 

ҚОРТЫНДЫ

    Абай шығармалары ең алғаш 1909 жылы Петербургте баспа жүзін көргені белгілі. Осыдан бастап Абай шығармаларын зерттеу де басталды. Қазақ халқының тұңғыш әдебиетшілерінің бірі  М.Дулатов та кезінде ұлы ақынның шығармалары туралы ой толғаған еді.Ол 1908 жылы Орынборда шығатын «Уақыт» газетінде «Ибрагим ибн Құнанбай», 1914 жылы «Қазақ» газетінде /67-саны/ «Абай» [4]атты зерттеу мақалаларын жазып, бастырды.

    Абайдың әдеби мұрасын зерттеп,оған әдеби сын тұрғысынан лайықты зор баға берген қазақ халқының ұлы ғалымы Ахмет Байтұрсынов. Ол Абайдың шығармаларын зерттеп, оған «Қазақтың бас ақыны»,-[2]деп, жоғарғы баға берген еді. А.Байтұрсыновтың бұл мақаласы «Қазақ» газетінде  жарық көрді. Сондай-ақ, өзге қазақ әдебиетшілері де ұлы ақынның шығармашылығы туралы өз ой-пікірлерін жариялаған болатын.

      Қазақ әдебиетінде «Абайтану» тақырыбында  жазылған   ерекше туындылар -М.О.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы мен «Абай әні» кино фильміне жазған сценарийі. М.О.Әуезов сондай-ақ, «Абайдың өмірбаяны» (1939-жылы), «Абайдың мәдениеттік зерттеулері»(1945 жыл), «Абай және орыс әдебиеті» т.б. ғылыми зерттеулерін де жазды. Абайтануға М.Қаратаевтың («Пушкин мен Абай»), М.С.Сильченконың («Творческая биография Абая»), Қ.Жұмалиевтың («Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі»), Р.Сыздықованың («Абай шығармаларының сөздігі»), Қ.Салғариннің («Таным баспалдақтары»), Қ.Мұхамедхановтың және басқа ғалымдардың  зерттеу еңбектерінің  қосқан үлесі aca зор болды.  

     М.О.Әуезов ұлы ақын  шығармалары туралы: «Өлмес, өшпес қасиеттердің өзі-ақ Абайға қазақтың классикалық әдебиетінің атасы деген, қазақ поэзиясының асқар биігі деген атақты бергізе алады дейміз»,[3, 142-б.]-деп жазған болатын.

...-Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын оны ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма,- деп өзінің караңғылықтың қара дауылына қасқиып қарсы тұрған жалғыз бәйтеректей тағдырын жырына қосқан ұлы Абай атамыздың өлеңдерін  ғасырдан астам уакыт өтседе уақыт тозаңы басып көмескілей алмайды. Себебі, ол-қазақ  халқының  рухани асыл мұрасы болып саналады.

«...-Өлді деуге сия ма, ойландаршы,

Өлмейтұғын артына сөз калдырған?.» - деп,  өзі айтқандай, Абай поэзиясы  ерекше өміршеңдігімен де дараланады.

     Ұлы ақын жайлы жазылған қазақтың белгілі классик жазушысы М.О.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы әлем халықтары тіліне аударылды. Бұл туынды дүние жүзінің көптеген елдерінде Абай шығармашылығы туралы, оның ұлты- қазақ халқы туралы терең түсінік қалыптастыра алды. Қазір қазақ халқының ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы Абай Құнанбай ұлының шығармашылығы адамзатқа тегіс таныс десек артық айтқандық болмас. Өйткені ұлы Абайдың өлмес туындылары-адамзат баласының мәдени қорына қосылған асыл қазына болып саналады.

   Кезінде, М.Дулатов:«Біз бүгін ардақты ақынымыз, Абайдың рухына дұға қылып, қараңғы заманда шырақ жаққан басшымыздың есімі, құрметі, терең мағыналы асыл сөзі атадан-балаға,немереден-шөбереге үзілмей сақталуын тілейміз. Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухани сонша жақындармыз. Үнемі бұл  күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абайға құрметі күннен-күнге артылар. «Бірінші ақынымыз»деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халықпенен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар..»[4],-деп, жазған еді. Абай «ақынның борышы-халықтың ой-арманын жырлау»,-деген талапты үнемі басшылыққа алды. Оның әлеуметтік сынға арналған  өлеңдері қоғам өмірін шынайы бейнелей білді. Өзі өмір сүрген кездегі кемшіліктерді көркем суреттеді. Абайдың сатиралық өлеңдері ащы әжуәға толы. Қазақтардың 19 ғасырдағы тұрмысын Абай ғана сыншыл түрде дәл  көрсете білді. Өмірді боямасыз ашық бейнелеген Абай шығармалары халықтың жүрегінен берік орын алды. Абай сынының ғасырдан астам уақыт өтсе де мәні мен мазмұнын сақтауы да сондықтан. Ол поэзиялық  мұрасын жас ұрпаққа, халыққа рухани жан азығын беретін көркем әдебиеттің бір саласы ретінде сомдай білді. Өлеңдері арқылы  сол дәуірдегі қоғамның кемшіліктерін сынады. Оның поэзиясының дидактикалық тәрбиелік мәні де зор болды. Абай-«поэзияның мақсаты -халыққа қызмет ету,жас ұрпақты жаңашыл рухта тәрбиелеу, жаңалыққа үйрету» деп түсінді. Ол «елдің келешегі-жас ұрпақтың тәрбиесіне байланысты»деген тоқтам жасады. Оның шығармаларының тәрбиелік, тағылымдық мәнінің басым болуының себебі осында.

     Абай-қазақ әдебиетінде тың бағыт ашқан жаңашыл ақын. М.Дулатов «Қазақ»газетінің 1914 жылғы 367 –санында жарияланған «Абай» атты мақаласында:«әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш-Абай сөзі, Абай аты боларға керек. Бәлки, мұнан кейін Абайдан үздік, артық ақын, жазушылар шығар,бірақ қазақ халқына сәуле беріп, алғаш аткан жарық жұлдыз-Абай»[4]-, деп жазған болатын. Абай шығармалары -тұтас бір дәуірдің көш басшылық міндетін атқарды. Жалпы Абайдың шығармаларын қазақ халқының тарихында атқарған міндетіне байланысты төрт салаға бөліп қарастыруға болады.

    Біріншіден, Абай жастық шағынан бастап өмірінің соңғы сәтіне дейін, «Атаның емес, адамның баласы» болып, «Қалың елі, қазағы, қайран жұртының» қайғы-мұңын бөлісіп,оны замана тұйығынан шығаратын сара жолды іздеді. Туған халқын аш қасқырдай талаған озбыр би болыстар мен, байлармен өзінің өткір, уытты жыр семсерімен шайқасып өтті.

   Екіншіден, Жас ұрпақтың саналы білім, сапалы тәрбие алуы үшін білім мен өнердің атқаратын міндеті зор екендігін Абай жақсы түсінді. Сондықтан ол халықты оқуға,білім алуға шақырды. Өзінің аударма өлеңдері арқылы өзге халықтардың   мәдени-әдеби үлгілерін халыққа таныстырды.

   Үшіншіден, Абай поэзиясын бұрынғы қазақ ақындарында болмаған тың бағытқа бағыттай алды. Ол поэзияны әлеуметтік тартыстың құралына айналдыра білді. Халқының өміріндегі түрлі кемшіліктерді әшкереледі. Саналы азаматты тәрбиелеуге, өз  ұлтының өркенниетті елдермен терезесі тең болуын қалыптастыруға тырысып,халықты өмірдің өнегелі биігіне жеткізуді армандады,осыны өмірлік мақсаты етіп қойды. Оны жүзеге асыруға өзінің бүкіл шығармашылық күш-қуаты мен саналы өмірін арнады.

   Төртіншіден, Абай үнемі ізденісте болды. Ол шығармашылықтың жаңа, мазмұнды түрін жасады. Соны  дамытуға  тырысты. Ол өлең жазудың жаңа тәсілін қалыптастырып, өзі де ақындық мектептің тәлімгері болды. Қазақ әдебиетінде өлеңді «өнердің құнды  саласы» деген жаңа көзқарас туғызды. Өлеңге деген сыншылық көзқарастың негізін жасады.

     Абай-әлемдік деңгейдегі ұлы ойшылдардың қатарындағы ерекше тұлға.Абайды таныту арқылы біз қазақ халқының төл мәдениеті мен әдебиетін әлемге   танытамыз. Абай шығармашылығы әрқашан біздің ұлттық рухани  қазынамыз болып саналады. Ұлы Абайдың  180-жылдық мерей тойы тұсында онын мәңгі өлмес, ойшыл шығармаларын кеңінен насихаттау, үйрену мен үйрету ұлтын,ата дәстүрін қадірлейтін, Отанын сүйетін, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азаматтың  қасиетті борышы болып табылады

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Жұмалиев Қ. Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай

поэзиясының тілі.- Алматы, 1948. 

2. Байтұрсынов А. Қазақтың бас ақыны. // «Қазақ» газеті. 1914-ж. №41-44

3. Әуезов, М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы : мақалалар, очерктер, киносценарий, балет, дибреттолары, пьесалар. 1927-1943. 20-том / М. Әуезов. - Алматы : Дәуір, Жібек жолы, 2014.

  4. Дулатов М. Абай. //  «Қазақ» газеті.1918 ж. №67.