Кеше түнде Тараз қаласында полицейлер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу дерегін анықтады. Патрульдік полиция экипажы жол қозғалысына қауіп төндірген BMW автокөлігін байқап қалған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Алайда жүргізуші полицияның заңды тоқтату талабына бағынбай, қашуға әрекеттенген. Құқық қорғау қызметкерлері көлікті тоқтатып, жүргізушіні ұстаған.
– Тексеру барысында ер адамның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Оның әрекеті ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін еді, алайда полицейлердің қырағылығы мен кәсібилігінің арқасында ықтимал жол апатының алдын алынды, – делінген хабарламада.
Жүргізушіге көлікті мас күйде басқарғаны, полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны және қарсы бағытқа шыққаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелді. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.
Полиция тұрғындарға ескерту жасайды: мас күйде көлік басқару – адам өміріне қауіп төндіретін, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу болып саналады. Әр азамат өз өмірі мен өзгенің қауіпсіздігі үшін жауапты екенін ұмытпауы тиіс.