Атырау облысы Құрманғазы ауданында өз-өзіне қол жұмсаған мемлекеттік қызметшінің қазасы туралы жаңа деректер шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
Құрманғазы ауданында әкімдіктің жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Қуаныш Имашевтің қаза болуы тексерілуде. Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 105-бабы ("суицидке жеткізу") бойынша қылмыстық іс қозғалды.
31 қазанға қараған түні Құрманғазы ауданы Қадырка ауылында қайғылы оқиға болды. Алдын ала ақпарат бойынша, аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің 36 жастағы бастығы Қуаныш Имашев үйінде аңшылыққа арналған мылтықпен өзін атып өлтірген.
29-31 қазан аралығында шенеунік отбасылық жағдайлар бойынша жалақысы сақталмайтын демалыста болған. Оқиғаны Құрманғазы ауданының әкімдігі растады.
"Әкімдік ұжымы Қуаныш Мұсаұлы Имашевтің қайғылы жағдайда қаза тапқанын өкінішпен растайды. Марқұмның отбасына, туыстарына, жақындарына және әріптестеріне шын жүректен көңіл айтамыз. БАҚ пен жұртшылықтан тексерілмеген ақпарат пен негізсіз болжамдарды таратудан бас тартуды сұраймыз", – делінген ресми хабарламада.
Полиция бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы ("суицидке жеткізу") бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Қазір трагедияның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Атырау облысы