Министрлік Сюцай ілімінің жалған екенін айтып, одан сақ болуға шақырды

Вице-министр Қанат Ысқаков қол қойған ресми жауапта "Сюцай цифрлық психологиясы" ғылымы негізге ие емес екені айтылған.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарымның эзотерикалық және жалған психологиялық ағымдардың, соның ішінде "Сюцай" ұйымының қызметіне қатысты сауалына ресми жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Вице-министр Қанат Ысқаков қол қойған ресми жауапта "Сюцай цифрлық психологиясы" ғылымы негізге ие емес екені айтылған.

"Яғни, "Сюцай" деп аталатын цифрлық психология – астрология, нумерология және басқа да жалған ғылыми бағыттар секілді, өзін-өзі тану тақырыбын субъективті түрде түсіндіру мен алып-қашпа тұжырымдарға негізделген және ғылыми дәлелі де, діни мәртебесі де жоқ", – делінген құжатта.

Министрлік мұндай ағымдардың барлығы субъективті пайымдаулар мен өзін өзі тану тақырыбындағы алып-қашпа интерпретацияларға сүйенетінін, ал олардың ешқайсысының ғылыми тұрғыдан расталмағанын атап өтті.