Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматыда сарапшылар қауымдастығының және ғылыми-зерттеу институттарының өкілдерімен кездесті.
Бастамалардың орындалу барысын талқылады
1,243
оқылды

Онда Мемлекет басшысының елді жаңғыртуға арналған күн тәртібі мен экономикалық, саяси және әлеуметтік саладағы бірлескен жобаларды іске асыру барысы талқыланды. Сондай-ақ сенаторлар Абай ұлттық мектебінің құрылысымен және жабдықтау жұмыстарымен танысты. Сапар аясында өткен кездесулерде елімізде бочча параспортын дамыту перспективаларына да баса мән берілді.

Мәулен Әшімбаев сарапшылар­мен кездесуде елімізде Мемлекет бас­шысының бастамасымен ауқым­ды жаңғырту бағдарламасы іске асы­­рылып жатқанын атап өтті. Па­лата Спикері Президент жүктеген мін­деттерді орындау үшін мем­ле­кет­тік құрылымдар мен сараптау және тал­дау қауымдастығының күш-жі­герін біріктіру қажет екенін де тілге тиек етті. Мұндай қадам Қазақ­стан­ның сапалы экономикалық өсуіне жә­не Парламент қызметін жетіл­діру­ге тың серпін береді.

«Елімізде саяси, экономикалық жә­не әлеуметтік салаларды қамти­тын елеулі өзгерістер жүзеге асыры­лып жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бірпалаталы Парламентке көшу мә­селесін қоғам мен сарапшылар тал­қылауына шығарды. Сондай-ақ қа­зір кешенді экономикалық ре­фор­малар да іске асырылуда. Соның ая­­­­сында Салық және Бюджет ко­дек­стері қабылданды. Сессия бары­сын­да Парламент Құрылыс және Цифр­лық кодекстерді, сондай-ақ Банктер мен банк қызметі туралы заңды қа­райды. Осы ретте қабылдайтын ше­шімдерді сарапшылармен бірлесіп, сапалы талдаулар арқылы пысықтау­дың маңызы зор», – деді Сенат Төра­ғасы.

Сонымен қатар Мәулен Әшім­баев сарапшылардың бағалауы мен жүйелі талдаусыз сапалы заңнамалық шешімдерге қол жеткізу мүмкін емес еке­нін айтты. Бұл ретте Taldau қауым­дастығы, яғни – Сенат жанын­дағы сарапшылар клубының мүшелері мен Талдау мектебінің түлектері және сарап­тамалық-талдау саласындағы кадр­лық әлеуетті нығайтуға арналған бас­қа да жобалар маңызды рөл ат­қаратыны анық.

«Реформаларды сәтті іске асыру жо­лында сарапшылар қауымдас­ты­ғы­ның рөлі айрықша мәнге ие. Осы­ған байланысты Сенат бірнеше жыл­дан бері кәсіби алаңдар қалып­тас­­­тырып, бұл бағытта белсенді жұ­мыс жүргізіп келеді. Сарапшылар клубы, Талдау мектебі, Taldau Forum, Taldau Talks подкасы сияқты жобалар са­рапшылар қауымдастығын ны­ғайтуды көздейді. Бұл бағыттағы жұ­мысты әрі қарай да жалғастыра бере­міз. Соның аясында Taldau Lab, өңір­лердегі Талдау мектептері сияқ­ты бастамалар арқылы жаңа фор­мат­тар мен алаңдар құруды жоспарлап отырмыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесуде Парламент пен ана­ли­тикалық қауымдастықтың ынты­мақ­тастығын нығайту мәселелері де жан-жақты талқыланды. Соның барысында заңнамалық қызметті сараптамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді жетілдіру және институттар мен басқа да бастамаларды түрлі ба­ғыт бойынша нығайту жұмыс­тарына баса мән берілді. Іс-шарада Taldau Lab талдамалық зертханасын құруға және Taldau Regions өңірлік бағытты дамытуға қатысты ұсыныстар да ай­тылды.

Сапар барысында Сенат Төра­ғасы тұңғыш Абай ұлттық мектебінің құрылысымен және білім ордасын жабдықтау жұмыстарымен де та­нысты. Сондай-ақ ол Өңірлік бочча фе­дерациясының ұжымымен кез­десті. Онда елімізде аталған пара­лим­пиадалық спорт түрін дамыту, соның ішінде инклюзия мәдениетін кино арқылы дәріптеу бағытындағы басымдықтар сөз болды. Бұдан басқа, Парламент депутаттары Almaty Museum of Arts заманауи өнер мұра­жайына арнайы барды.