Естеріңізде болса, осындай гала-кеш алғашқы екі жылда Алматыда өткен. Ал осы жолы ұйымдастырушылар еліміздің елордасы Астанада марапаттауды шешті. Әдеттегідей, бұ кешке жасөспірім футболшылар ғана емес, олардың ата-аналарымен бірге, жаттықтырушылары да қатысады. Сонымен қатар гала-кешке спорт мамандары, қоғам белсенділері мен кәсіпкерлер шақырылған.
Өткен екі маусымда QJL Awards өзін марапаттау рәсімі өткізетін гала-кеш ретінде ғана емес, сонымен қатар спортқа жанашыр әрі футбол жанкүйерлерінің бас қосатын ортаға айналды. Оған қоса, ұйымдастырушылар кештің марапаттау рәсімімен шектелмейтінін жеткізді. Олардың айтуынша, өткен жылдағыдан да қызықты әрі ауқымды деңгейде өтпек.

Ал салтанатты кешті өткен жылдағыдай Freedom Media-да тікелей эфирден көруге болады.
- Биылғы тікелей эфир былтырғыдан сапа жағынан да, мүмкіндік жағынан да асып түспек. Мысалы, 6 камера жабдықталып, кәсіби комментаторлардың араласуымен өтпек. Сондықтан QJL Awards-ты тікелей эфирден жіберіп алмаңыздар, өкінбейсіздер! Жаңа есімдермен танысып, олардың жетістігі мен қуанышын бөліскенге не жетсін?!, - деп жауап берді кеш ұйымдастырушылары.
«Үлкен – құрмет, кішіге – ізет, жақсылықтың нышаны» демекші, QJ лига жасөспірім футболын дамытып, үлкен белестерді бағындыру ғана емес, марапттау кешінде аға ұрпаққа құрмет көрсетуді меңзейді. Соны ескерген Freedom QJ League наградаларының әрқайсысы қазақстандық футбол ардагерлерінің есімімен атады. Оның үстіне салтанатты кеште ойыншылар мен жаттықтырушылар ғана емес, клубтардың басшылары, менеджерлері мен медиа-маркетинг бөлімдері де марапатталады.

Freedom QJ лигасы биылғы маусымның жабылуын мұндай форматта өткізуі бекерден-бекер емес. Біріншіден, жоғарыда айтып кеткендей, ел қызыға қарайтын, спорт саласындағы ауқымды әрі беделді шараның бірі. Екіншіден, лиганың демеушілері мен серіктестері ынтымақтастық орнатып, одан әрі тығыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Салтанатты кешті ұйымдастыруға Freedom Media-дан бөлек, Mastercard және Changan Kazakhstan секілді әлемдік брендтер қатысады деп күтілуде.
Бұл ең алдымен марапат иегерлері ынталандыра түседі деп сенеміз. Себебі, бұл тек жасөсіпірім спортшыларды марапаттау гала-кеші емес. Маусым бойы ерік-жігерін аянбастап, тынымсыз жаттығып, еңбектенген спортшы өз ортасының үздігі атанады. Негізі статистика бойынша спортшының бәрі бірдей жасөспірімдер футболынан кәсіби футболға сәтті ауыса бермейді. Бірақ құрамаға кіру немесе осындай ауқымды әрі беделді марапатқа ілігуі әр спортшының өмірінде ұмытылмас сәтке айналатыны анық. Кім-кімнің алдағы мансабы қалай қалыптасатыны белгісіз, десе де жылылықпен еске алатын күннің біріне айналатыны даусыз.

QJL Awards алғашқы рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан құрамасының қақпашысы Игорь Шацкий былай деп еді:
"Балалар үшін өте қуаныштымын. Қызыл кілемнен жүріп өтудің өзі бақыт. Шынымды айтсам, өз басым бұрын-соңды қызыл кілеммен жүрмеппін. Сол себепті Freedom QJ League ұйымдастырушыларының жастарға ұмытылмас көңіл-күйді сезінуге мүмкіндік бергендеріңізге алғысым шексіз".
Осы шараға қатысушылар бұл кешті "Алтын доп" рәсімімен теңдес дейді.
Кештің тағы бір артықшылығы – қайырымдылық аукционында. Былтыр алғаш енгізілген шара - QJL Awards-тың тағы бір әлеуметтік жобасы. Кештің салтанатты рәсім басталғанға дейін кеш қонақтары аукционға қатыса алады. Оның ішінде ең бағалысы - Лионель Мессидің қолтаңбасы бар "Барселонада" ойнағандағы ойын футболкасы. Ал аукционнан түскен қаражатты Қостанайдағы "Жанұя" балалар үйіне жиһаз және электротехника сатып алуға жұмсаған болатын. Биыл да аукционға осындай бағалы дүниелер қойылмақ.
Салатанатты шара 1 қараша күні өтеді. Әзірге "Үздік қақпашы" (Александр Убыкин сыйлығы), "Үздік қорғаушы" (Евгений Яровенко сыйлығы), "Үздік жартылай қорғаушы" (Антон Шох сыйлығы), "Үздік шабуылшы" (Эдуард Сон сыйлығы) және "Үздік жаттықтырушы" (Джордж Хутиди сыйлығы) номинациялары табысталатыны белгілі. Алайда қай үміткердің мыңнан жүйрік атанатынын салтанатты кештен білесіздер.