Атырауда колледж студенттері топтасып төбелесіп, бірнешеуі түрлі дене жарақатын алған. Бұзақылыққа барған ер баланың бәрі де қаладағы агроколледж студенттері болып шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Аlmaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Жаппай жұдырықтасқан жігіттер бір-бірін таяқ астына алып, тіпті ұру үшін бөтелке пайдаланған. Соның салдарынан екі жеткіншек зардап шегіп, дәрігерлер бақылауына алыныпты.
Әзірге ұлдардың не үшін төбелескені белгісіз. Тәртіп сақшылары мән-жайды анықтап жатыр. Оқиғаға қатысы бар төрт жасөспірім полиция бөлімшесіне жеткізіліп, ата-аналарына әкімшілік хаттама толтырылды
«Олардың кәмелетке толмауына байланысты заңды өкілдерінің қатысуымен жауап алынатын болады. Қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайлары анықталуда. Сондай-ақ құқықбұзушылыққа жол берген жасөспірімдер ішкі істер органдарының есебіне алынып, оларға қатысты іс-құжаттар кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияға ұсынылатын болады», – деді Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.