Президент Қызылорда қаласындағы 11 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионын аралап көрді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Нысанның құрылысы биыл қазан айында аяқталған. Жаңа спорт кешені UEFA талабы бойынша IV санатқа сай келеді.
Аренада халықаралық сайыстармен бірге мәдени іс-шараларды өткізуге болады.
Кешенде бокс, күрес, спорттық гимнастика, ауыр атлетика және басқа да спорт түрлеріне арналған залдар бар.
Мемлекет басшысы «Қайсар» футбол клубының ойыншыларымен әңгімелесті.
– «Қайсар» – елімізде жеке меншікке өткен алғашқы клубтардың бірі. Алдағы уақытта футбол академиясы салынады. Клубтың келешегі жарқын болады деп ойлаймын. Баршаңызға табыс тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында Президент футбол добына қолтаңба қойды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының тарихи-өлкетану музейінің қызметімен танысты.
Президент өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен танысып, археология, этнография, Қазақстанның бұрынғы және қазіргі тыныс-тіршілігінен хабар беретін залдарды аралап көрді.
Биыл жазда бой көтерген музейде 12 тақырыптық зал жабдықталған. Қазір мекеме қорында 70 мыңға жуық жәдігер бар.