Жақында ҚР Қорғаныс министрлігінің Ақпарат және коммуникациялар департаменті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін баспасөз-турын ұйымдастырды. Сапарымыз Шығыс өңірлік қолбасшылығына қарасты Аягөз гарнизонына түсті. Ондағы мақсат – Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың тыныс-тіршілігімен, әскери тәртіп пен талаптың өскелең жастарды шыңдап, қару-жарақ пен әскери техниканы қолданудағы машықтанғанына көз жеткізу. Міне, сонда көрген-түйгенімізді оқырманға ұсынуды ұйғардық.
Отан алдындағы борышын өтеген сарбазға оқуға түсуге жеңілдік беріледі
2,785
оқылды

Қабанбай батыр атындағы 11-танк бригадасының өткен жолы

Бұқаралық ақпарат құралдарына арналған пресс-тур «Оңтүстік» әскери қалашығындағы 10810 әскери бөлімінен басталды. Тарихы тереңнен басталған Қабанбай батыр атындағы 11-танк бригадасына биыл – 76 жыл. Сонау Ұлы Отан соғысынан, яғни 1942 жылы бүгінгі әскери бөлім 78-танк бригадасы болып құрылған. Бір жылдан кейін Үшінші соққы беретін дивизия құрамасына кірген. 

Соғыстан кейін 1949 жылы 15 қыркүйекте Кеңес үкіметіне қарасты Өзбекстанның Самарқан  қаласына ауыр өздігінен жүретін танк полкі ретінде бөлініп шыққан. Ал 60-жылдардың аяғында Кеңес үкіметі мен Қытай елінің арақатынасының нашарлауына байланысты Орта Азия әскери округі қайта құрылып, жаңа округ үшін жаңа құрамалар жасақталған. Сөйтіп, Аягөз қаласына көшірілген танк полкі ол уақытта «180-танк полкі» деп аталған. 

Қатардағы жауынгер Қаламқас Дәулетова 10810 әскери бөлімінің тарихымен таныстыра отырып, оған Қабанбай батыр атауы қашан берілгенін айшықтап кетті. 

 – 2000 жылдары 180-танк полкінің атауы 31-танк полкі деп ауысады. Келесі жылында полкке Қабанбай батыр атауы беріледі. Ал 2005 жылдың  15 сәуірінде 31-танк полкі механикаландырылған бригада болып өзгереді. Екі жылдан кейін бригаданың атауы «11-танк бригадасы» болып өзгертілді.  Қазіргі күнде Қабанбай атындағы 11-танк бригадасы деген атаумен келеді. ҚР Қорғаныс министрінің еліміздегі Қарулы Күштері кәсіби мерекесі тойлансын деген 2021 жылдың 5 мамырдағы №292 бұйрығына сәйкес, 15 қыркүйек танкшілер және танк әскерлерінің күні деп танылды. Бүгінде сол күн – бригадамыздың туған күні,  – дейді Қаламқас Дәулетова.

БАҚ өкілін қарсы алған әскери бөлім командирі, подполковник Дастан Мұхаметжанов Қабанбай атындағы 11-танк бригадасының жеткен жетістігін еске алды. Оның айтуынша, осы бригадада 7 командир генерал-майор атаған алған. Оның ішінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрлық әскерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев бар. Ол 2007-2012  жылдар  аралығында осында бригада командирі қызметін атқарған екен.

–  2016 жылы біз  үздік жалпы әскери бригада атағын алдық. Біздің әскери қызметшілер – 30 мемлекеттен астам қатысқан «АрМИ» деген жалпы халықаралық жарыс шеңберіндегі «Танк биатлоны» сайысының бірнеше дүркін жеңімпаздары. Жеке құрам халықаралық деңгейдегі бәсекеде жеңімпаз атанып, кең көлемдегі оқу жаттығуларында  зор жетістіктер көрсетіп жүр. Мәселен, жақында ғана Маңғыстау облысында өткен жедел-стратегиялық командалық-штабтық «Айбалта – 2025» оқу жаттығуына қатысып келдік. Әрбір бөлімше командирінен бастап батальон командиріне дейін жүктелген жауапты міндетті өте жақсы орындап шықты, – дейді подполковник Дастан Тұрысбекұлы.

 Әскерге бауыр басқан офицер

Біз әуелі штабтың оқу сыныптарымен таныстық: қарауыл дайындайтын, оқу залы, кітапхана, дрондарды ұшыру, нысананы көздеу, марапат тақтасы. Негізі 11-танк бригадасының 1 штаб ғимараты әкімшілік аумаққа жатады. Онда үш казарма, мерзімді әскери қызметшілер тұратын үй-жай мен саябақ аумағымен қамтылған. 

 

Әскери  гарнизонның бастығы Дастан Мұхамеджанов сарбаздардың әскерге келген күннен бірден қарауылға шықпайтынын жеткізді. 

– Батальон командирі алғашқы кезеңде өзінің орынбасарларымен қарауылға шығатын сарбаздарға іріктеу жүргізіп, олардың моральдық-психологиялық жағдайын анықтап, тізімін жасайды. Міне, сол тізім жасалған соң сарбаздар қарауылдық сабаққа қатысады. Әрбір әскери қызметші өзінің жауап беретін күзеттік бекетіне қарай атқаратын міндеттері жүктеледі. Оны бекітетін – батальон командирі, – деді ол.

 

Біз ертеңгі күннің кезекшілігі талқыланып жатқан сәтке сай түстік. Оңтайлы сәтті жіберместен, сол күнге қарауыл басшысы болып тағайындалған рота командирі Атай Өтемесовтен дайындық барысын білдік. 

Айтуынша, батальон командирінің жетекшілігімен ертеңгі өтетін жасаққа теориялық сабақ өткен. «Қарауылдық қызмет үш кезеңнен тұрады. Бірінші күні қарауылдың жеке құрамын іріктеп, әркімнің тапсырмасы жүктеледі. Екінші күні  бір күн бұрын теориялық сабақ өтеді. Үшінші күнінде кезекшілікке түсу алдында практикалық сабақ өткізіледі. Содан қару-жарақ, оқ-дәрімен қамтамасыз етіліп, қарауылға шығарылады», – деген Атай Өтемесов өз сарбаздарының әскерде жүргеніне 6 айдан асқанын айтты. 

– Әскерге сәуір айында келген олар бір ай бойы психологиялық оқу-дайындықтан өтіп, мамыр айында ант қабылдады. Әр сарбазды зерделеп, психологиялық жай-күйі тексеріледі. Егер дұрыс деп табылса, бөлім командирінің бұйрығымен қарауылға шығарылады. Онда да дайындық барысында сарбазға өзіне сай міндеттері тапсырылады. Сақшылық қызметті атқарғанда өзін жақсы жағынан көрсетсе, кезекті демалыс беріледі.  Арасында кейбір сарбаздың дайындалуына ұзақ уақыт кетеді. Әр баланың қарым-қабілетіне байланысты. Басында мен де әскерге қорқақтап келгенмін, – дейді Атай Өтемесов. 

Оның сөзінше, 2010 жылы ол әскерге қатардағы жауынгер ретінде 3 жылдық келісімшартпен келген. Рота командирінің ортаға үйренісіп кеткені соншалық, әскерде қызмет еткеніне 15 жылдың жүзі болған. Бүгінде ол 7-лауазым рота командирі, офицер атағын алған. 

10810 әскери бөлімнің 2-танк батальонда маман көздеушісі Қадыр Әлішеров – Көкшетаудың тумасы. Қазақстанның солтүстігінен шығыс өңіріне үйреніскенін айтты.

 

– Отан алдындағы қызметімді танк бригадасында атқарып жүрмін. Өзіме әскери өмір ұнап жатыр. Әскер бізді нағыз ер азамат ретінде тәрбиелеуде. Әсіресе, тәртіпке, сабырлыққа, төзімділікке ғана емес, қару-жарақ пен әскери техниканы басқаруды үйретті. Мысалы, көрсетілген нысананы әртүрлі қашықтықта көздеп, оған шабуыл жасап, тойтарыс беруді білдік, – деді Қадыр Әлішеров.

 Әскери қызметін өтеген сарбазға Жоғарғы оқу орындарына жол ашық

Қарсы беттегі кітапхананың оқу залында бір топ сарбаздар ҰБТ-ға дайындалып жатқанын байқадық. Биылғы тестілеуде жоғары балл жинаған Әділет Акишбаевпен сөйлестік. Павлодар қаласының тумасы берілген 80 сұрақтың 71-не жауап берген. 

– Әскерге келмей тұрғанымда ҰБТ-ны дұрыс тапсырмаған едім. Әскерде дайындалуға мүмкіндік туды. Оның үстіне, әр жексенбіде таңғы сағат  9-дан капитан Оразовтың қадағалауымен оқудан бас көтермедік. Қажетінде планшеттен де қол үзбедік. Өзім дүниежүзі тарихы мен география пәнін таңдадым. Арасында дүниежүзі тарихынан қиын сұрақтар болды. Бірақ бәрін өткердік, – дейді артиллерия дивизионының аға маман көздеушісі Әділет Акишбаев. 

Естеріңізде болса, «Сарбаз 2,0» бағдарламасы бойынша әскери қызметті өтеген кез келген сарбаз Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне қарамастан, оқуға түсе алады. 

Кітапхана қызметінің міндетін уақытша атқарушы Аяжан Амангелді «Бұл мекен – әскери бөлімнің рухани ордасы. Сарбаздарымыз білім алып қана қоймай, рухани дайындалып, әртүрлі брифинг, әдеби-сазды кештер жиі өтетінін сөз етті. 

 

Айтуынша, сарбаздар әскери тактикалар, әскери терминология, психологиялық және қазақ батырларының өмірдерегімен танысқанды ұнатады екен. Тіпті, кітапхана қоры жыл сайын толықтырылады.

 Дронды пайдалануға ІТ саласына жақын сарбаздар тартылады

 Дрон сержанты Ержан Балтабаев ұшу құрылғыларын басқаруға алдымен IТ саласына жақын сарбаздардың таңдалатынын айтты.

 

Оның сөзінше, ұялы телефон мен компьютердің құлағында ойнайтын не болмаса әскерге дейін ІТ саласында айналысқан әр ротадан 2-3 сарбазды жинақтайды. 

– Қазір жастар ұялы телефон мен компьютердің тілін жетік біледі. Міне, солармен жұмыс істеу оңай әрі дронды игеруге үйрету оңай. Аптасына екі рет өтетін сабақта сарбаздар алдымен симулятормен жұмыс істейді. Тәжірибе жинау үшін дронды ұшыруға жіберіледі. Онда да  құлап қалмай, шалыс баспас үшін сынып ішінде арнайы нұсқаушының қадағалауымен жүзеге асырылады. Осының бәрін меңгерген соң далада жаттыға бастайды, – дейді Ержан Балтабаев. 

10810 әскери бөлімнің сарбазы Дамир Асқарбектің әскерде жүргеніне 6 айдан асқан. Үздік сарбаз атанған ол ұшқышсыз ұшақ апаратын игеруге барын салуда.  Қатарының алды болғаны үшін 10 күндік демалыс берілген. 

– Әскерге келгенімде танкіге гранат лақтырып, астынан өтуге шақырғанда өзім сұрандым. «Калашник» қаруынан ату бойынша 100 ұпайдың 85-ін жинадым. Өскемен қаласына барып, ерлік сабағын жүргіздім. Меніңше, әскерде батылдық керек. Алғашында әскерге шақырылғанда баруға батпадым.  Кейін әскерге келіп, оның мен ойлағандай емес екенін түсіндім, – деді әуе күшін жоюға арналған дивизионында зенитші Дамир Асқарбек.

10810 әскери бөлімнің әкімшілік аумағындағы саябақты аралап,  қызмет көрсетуге және сақтауға арналған әскери техникаларды тамашалаудың орайы келді. Сонымен қатар Аягөз гарнизоны тілшілер мен блогерлер қауымына «атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген тәмсілмен ағаш отырғызып, құрмет көрсетті.