Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.
"Көлікке күштеп отырғызған": Жамбылда бір топ жігіт елдің көзінше қыз алып қашқан
www.istockphoto.com
613
оқылды

Жамбыл облысында бірнеше жігіттен құралған белгісіз топ қызды елдің көзінше көлікке күшпен отырғызып, алып қашқан, –  деп хабарлайды Аikyn.kz.

Біраз уақыттан кейін қыз босатылған, ешқандай жапа шекпеген. Алайда полиция бұл жағдайға «Адам ұрлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. 

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада бірнеше адамның қызды күштеп көлікке отырғызып жатқаны анық көрінеді. Оқиға тұрмыс құру мақсатындағы «алып қашу» операциясымен байланысты болуы мүмкін. Полиция департаменті аталған дерек әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде анықталғанын мәлімдеді.

– Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп, нәтижесінде оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталып, тергеуге алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы  («Адам ұрлау») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тараптардың бұрыннан таныс болғаны және өзара шағымдары жоқ екені анықталды, – делінген ведомство мәліметінде.

Еске салайық, аталған бап бойынша қолданылатын жаза биыл күшейтілді. Енді адам ұрлағандар жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Полицияның мәліметінше, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.