Тарихты түгендеу мен та­рихты қайта жазу – екі бөлек ұғым
«Жай ғана «Абай жақсы, Шоқан жақсы» дегеннен түк шықпайды» – тарихшы қол­дан батыр жасап жатқандарды сынады
1,813
оқылды

Кейінгі жылдары тарихты түгендеу, тұлғаларды дәріптеу үдерісі қарқын алды. Aiqyn газеті тілшісі Рес­публика күні қарсаңында белгілі тарихшы Хангелді Махмұтұлымен сүбелі сұхбат құрған еді

Тілші: Тарихты түгендеу мен та­рихты қайта жазу – екі бөлек ұғым. Сіздің ойыңызша, біз та­рихи тұлғаларды асыра ұлықтап, қол­дан «батыр жасап», сол шека­радан асып кеткен жоқпыз ба? 

– Енді бұл адамға тән әлсіздік қой. Кім өзінің бабасы, алдыңғы ұрпағы ірі болғанын қаламайды?! Бірақ соның өзінде де кейде шек­тен тыс асыра сілтеу байқалады. Кейінгі уақытта «батырларымыз» тым көбейіп кетті. Мәселен, XVIII ғасырда қазақта бес мың батырдың аты белгілі болды дейді. Бес мың батыр! Ал сол дәуірдің өзінде Бұқар жырау бар болғаны жиырма батырдың есімін ғана атайды. XIX ғасырдың ғұламасы Шоқан Уәлиханов та қазақтың жиырма шақты баты­рын ғана жазады. Мың кісіге тати­тын бір батыр бар да, мыңы жа­былып бір батырға татымай­тын, асыра сілтеудің арқасында қолдан жасаған «батырларымыз да» бар ғой. Тарихты түгендеу – барды бағалау, ал қолдан батыр жасау – тарихты бұрмалау. Біз онымен өткенімізді толықтыра алмаймыз, жолдастар. 

Не нәрсеге болсын, таным­ның үздік ғылыми әдісін қол­данып сипаттау керек. Танымның ең жоғары сатысы – ғылым. Әйтпесе, ғылым мұндай болмаса, жұрттың бәрі ғалым болушы еді. Ғылымға үлкен даярлық пен тео­риялық, методологиялық ұста­ным­дар керек. Сонда барып ақиқат ашылады. Ғылымның екі-ақ функциясы бар. Бірі – жаңалық ашу болса, екіншісі – ақиқатты айту. Ғылым жолын­дағы адамның теориясы да, ме­то­дологиясы да, білімнің қа­зынасы да телегей-теңіз болуы қажет қой. Егер мұндай да­йындыққа ие болмасақ, біздің тарихты бұрмалаушы­ларға қарсы тұра алмаймыз. Кезінде ағылшын тарихшысы Арнольд Тойнби «Көшпенді­лерде тарих пен өркениет жоқ» деген пікір айтқан. Осындай тұжырым­дарды жоққа шығару үшін біз нақты дерекке, терең теориялық пайымға сү­йенуіміз керек. Жай ғана «Абай жақсы, Шоқан жақсы» дегеннен түк шықпайды. Олардың несімен жақсы екенін соқырға таяқ ұс­татқандай дәлелдеуіміз тиіс. Мә­селен, көшпенділер техника са­ласында озық болмағанымен, табиғатпен үйлесімді өмір сүру, еңбек өнімділігін арттыруда ерекше мәдениет қалыптас­тырды. Қазақтың дәстүрлі шаруашылығында бүгінде «қал­­дықсыз технология» деп ата­латын ұғым баяғыдан бар. Малды сойғанда қазақ оның қара тұяғынан бастап қара мүйізіне дейін түгел кәдеге жаратқан. Тіпті ішкі қалдығын да ем-домға пайдаланған. Бұл – табиғатпен үндестіктің кө­рінісі. Біз осындай ғылыми айғақтар арқылы өз тарихы­мыз­ды, өркениетімізді таныта аламыз. Дәлелмен сөйлесек, бізді ешкім жоққа шығара ал­майды, - деп жауап берді Хангелді Махмұтұлы

Сұхбаттың толық мәтінін мына сілтемеден оқи аласыз