“Қайрат” жастары өз алаңында астаналық SD Family клубын қабылдады. Тартысты ойын 5:1 есебімен алматылықтардың айқын жеңісімен аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Алайда ойынның 83-минутында күтпеген жағдай болды. Астаналық команда сапынан Артур Дадаханов 50 метр қашықтықтан допты теуіп, тамаша гол соқты. “Қайраттың” қақпашысы Шерхан Қалмұрза бұл соққыны қайтара алмай қалды.
Кейіннен осы эпизод әлеуметтік желілерде қызу талқылануда.
“Еуропа көзіңді жұма тұршы”, “Қайтар машинаны”, “Жоқ дұрыс спорт бәрін түсінеміз бәріміз. Бірақ 50 метр жерден соғылған топты қайтара алмау деген мүмкін емес шығар? Мен ойлаймын мүлде қақпашы болмаған адамның өзі бұл соққыны қайтара алады”, “Гол жіберуден чемпион ғой бұл бала”, “Мақтаған қыз тойда…”, “Осындай қақпашыны қалай мақтайды?”, “Тарих жасады машина беру керек”, — деп жазуда кейбір жанкүйерлер.
Айта кетейік, Шерхан Қалмұрза 18 жастағы "Қайраттың" жас қақпашысы Лиссабонда өткен "Спортингке" қарсы ойында пенальтиді қайтара отырып, Чемпиондар лигасының жылнамасына енді. Ол – турнир тарихында 18 жасқа жетпей-ақ 11 метрлік соққыны қайтарған ең жас голкипер атанды. Сонымен қатар ол азулы “Реал Мадридке” қарсы ойында алаңға шықты. Сол кезде Шерхан Қалмұрза жанкүйерлердің ерекше ықыласына бөленген еді.