Республика күні қарсаңында Қарағанды облысы он­күндік бастағаны белгілі. Соның аясында Шет ауданының Сәкен Сейфуллин кентінде жаңа мектеп есігін айқара ашып, Бұқар жырау ауданындағы Көкпекті ауылында заманауи балалар ойын алаңы пайдалануға берілді.
Балаларға бақыт сыйлаған күн
2,115
оқылды

Сәкен Сейфуллин кентіндегі жаңа білім ордасы  «Келешек мек­тебі» ұлттық жобасы аясында сал­ын­ды. 300 орынға арналған мек­тепте  оқушылардың жан-жақ­ты дамуына және сапалы біл­ім алуына барлық мүмкіндік жа­салған. Кең әрі жарық кабинеттер заманауи, эргономикалық жиһаз­бен жабдықталған. Мұнда асхана, кітапхана, спорт залы бар. Сон­дай-ақ STEM-зертхана, жараты­лыс­тану-математикалық бағыт­тағы сыныптар, робототехника мен графикалық дизайн кабинет­тері, түрлі үйірмеге арналған арнайы бөлмелер жұмыс істейді.

Мектепке жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған 22 интерактивті тақта орнатылған. Білім ордасы қауіпсіздік тұрғысы­нан да заманауи талаптарға сай. Мұнда полициямен тікелей бай­ланыс орнатуға арналған дабыл түйме­лері қойылған. Олар бейне­камералармен жабдықталған, бұл төтенше жағдайда ахуалды жедел анықтап, тез әрекет етуге мүмкін­дік береді.

– Бүгін сіздердің алдарыңызда үлкен мүмкіндіктердің есігі ашыл­ды. Бұл мектеп балалар арманы­ның бастауына айналсын. Ізден­ім­паз, білімге құштар, Отанын сүйе­тін ұрпақ болып өсіңіздер. Біз ұстаздар мен ата-аналардың еңбе­гін жоғары бағалаймыз – ол елі­міздің болаша­ғының берік ірге­тасы. Баршаңызды Республика күнімен және жаңа мек­тептің ашы­луы­мен шын жүрек­тен құт­тықтаймын! Бұл білім орда­сы өс­келең ұрпақтың нағыз білім мен тәрбие ошағына айналсын, – деді салтанатты шарада сөз сөй­леген облыс әкімі Ермағанбет Бө­лек­паев.

Оқушылар жаңа мектеппен танысып, алғашқы сабақтарын бастап кетті. Жаңа жабдықтармен ұстаздар да танысып жатыр. Білім саласының ардагері Айнагүл Түс­іпбекова 40 жыл бойы мектепте еңбек еткен. Қазір ол ата-аналар комитетінің төрайымы. Екі неме­ресі осы жаңа мектепте оқиды. Ардагердің айтуынша, жаңа оқу ордасы сапалы білім алуға барлық жағдай жасайды.

Мектептің ерекшелігі – бас­тау­ыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктардың болуы. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін де барлық жағдай қарастырылған: бірінші және екінші қабатты байланыс­ты­ратын лифт орнатылған.

– Кентімізде осындай зама­науи мектептің ашылғанына бәрі­м­із өте қуаныштымыз. Бұрын бұл тек арман болатын. Енді міне, мек­тебіміз барлық заманауи білім стандарттарына толық сәйкес келеді. Әсіресе бастауыш сынып­тарға арналған кабинеттер өте ыңғайлы. Педагогикалық құрам толық жасақталған, – дейді Сәкен Сейфуллин атындағы тірек мек­тебінің директоры Алма Әбеуова.

Мектеп аумағы да абаттан­ды­рылған: футбол, волейбол, баскет­бол және хоккей алаңдары, сон­дай-ақ воркаут аймағы бар. Ау­ыл­­дық жерлердегі білім беру ны­сандарын жаңғырту бағдар­ла­масы жүйелі түрде жалғасуда. Айта кету керек, Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында да «Келе­шек мектебі» жобасы бойынша жаңа мектептің құрылысы жүріп жа­тыр. Кейінгі екі жылда Қара­ғанды облы­сында жеті жаңа мектеп сал­ынды, оның төртеуі дәл осы бағ­дарлама аясында іске асырылған.

Ал Бұқар жырау ауданына қарасты Көкпекті ауылында Рес­публика күні қарсаңында зама­науи балалар ойын алаңы пайда­лануға берілді. Жаңа демалыс аймағы бұрын көпбалалы және жалғызбасты аналарға берілген үйлердің ауласында орналасқан. Енді ауыл балалары таза ауада сырғанақ, әткеншек теуіп, түрлі-түсті ойын құрылғыларында қау­іпсіз әрі көңілді уақыт өткізе ал­а­ды. Барлық ойын элементі қа­у­іп­­сіздік талаптарына сай берік материалдардан жасалған.

Қарағанды облысында екі бір­дей балаларға арналған орын­дар­дың ашылуы тек бастамасы ғана, Республика күні мерекесін атап өтер онкүндікте тағы да басқа қыз­ықты іс-шаралар жоспар­ланған.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы