Осыдан тура 35 жыл бұрын Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашқан, саяси жүйенің жаңарып, соның ішінде қазіргі билік құрылымдарының іргесін қалауға түрткі болған құжат қабылданды.
Декларация: саяси дамудың алғышарты
2,076
оқылды

Егемендік туралы декларацияны меңзеп отырғанымыз айтпаса да белгілі жайт. Осыдан кейін Қазақстанда бірқатар жаңа саяси институт пайда болды. Президенттің билік етуі, Парламенттік жүйе, тәуелсіз сот, тіпті азаматтық қоғамның қалыптасуы да декларациядан бастау алған үдерістер болатын.

Жалпы, бұл тақырып ел тарих­ын­да­ғы маңызды кезеңге апарып тірейді. Алдымен құжат қабылда­нар уақыттан сәл әріге – 1990 жыл­ғы 24 сәуірге қараймыз. Бұл күні Қазақстанда Прези­денттік институттың негізі қалан­ды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ел тарихында тұңғыш рет Пре­зидент лауазымын енгізді. Яғни, мемле­кеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгертудің алғышарты болды. Бұрынғы кеңестік басқару жүйе­сінде билік партия мен Жоғарғы Кеңестің қолында болса, енді ел басында біртұтас атқарушы билік органы ретінде Президент тұрды. Ол елдің ішкі және сыртқы сая­сатының бағытын айқындайтын негізгі тұлғаға айналды. Кейінірек 1991 жылғы 1 желтоқсанда тұң­ғыш рет бүкілхалықтық Прези­дент сайлауы өткенін жақсы білеміз.

Осы тұста бір дүниенің аражі­гін ашып алайық. Әрине, Егемен­д­ік туралы декларация саяси күші жағынан «Қазақстан Республика­сының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңға» теңесе алмайды. Бірақ бір нәрсені ұғынған жөн, елімізге дербес жұрт ретінде шешім қабылдауға, саяси құқыққа ие болуға дәл осы декла­ра­ция бастама болған еді. 

Қазір елдің бүкіл тыныс-тір­шілігін реттеп отырған заңдарды шығарған билік – Парламенттің қалыптасуы да декларациядан кейін басталды. 1995 жылға дейін, 5 жыл бойы оның бастапқы ор­ганы ретінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жұмыс істеді. Бірақ осы ара­лықта бірнеше даму кезеңдері жатыр. Мәселен, 1990-1993 жыл­дары Жоғарғы Кеңес егемен Қа­зақ­станның алғашқы заңдарын қабылдап бастады. Оның қатар­ын­да мемлекеттік егемендік, тіл, жер, меншік туралы көптеген тар­мақ бар. Ал 1993 жылы Тәуел­сіз Қазақстанның алғашқы Конс­ти­туциясы қабылданып, билік тармақтары жіктелуге көшті. Ақыры 1995 жылы жаңа Консти­туциямен қазірге дейін қызмет ететін екі палаталы Парламент құрыл­ды. Сенат жоғарғы палата атанды, төменгі палата ретінде Мәжіліс танылды.

Біз бетке алған демократия негіздеріне қадам басу жолын осы Парламент қалыптастырды. Себебі депутаттар азаматтардың өкілі ретінде қызмет етеді, әр заң қабылданарда оның халыққа, қоғамға қандай пайда не зияны болатыны алдын ала талқыла­на­ды. Яғни, көпшіліктің көзқарасы ескерілді, қайшылықтар жойыл­ып отырды. 

Декларация жол ашқан негізгі тармақтың біріне Конститу­ция­лық және құқықтық институт­тар­дың қалыптасуын да қоса ала­мыз. 1993 жылғы Конституция тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Негізгі заңы болды. Ол егемен мемлекет­тің құқықтық мәртебесін, билік­тің заң шығарушы, атқарушы, сот билігі деп жіктелуін бекітті. Ал 1995 жылғы Конституция Қазақ­станның президенттік республика ретінде билік құрылымын айқын­дап, адам құқықтарын басты құндылық ретінде бекітті.

Егемендік туралы декларация­дан кейін Қазақстан өз бетінше қор­ғаныс құрылымдарын қалып­тас­тыру процесін бастады. Әуелде Қорғаныс комитеті болған құры­лым арада 1 жыл өткенде Қорға­ныс министрлігі болып жасақталды. Кейін сот жүйесінің ең беделді органы саналатын Жоғарғы сот, Прокура­тура, Ішкі істер министр­лігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті жұмысын бас­тады. Бұлардың бәрі де қазір мем­лекеттік қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз етіп отыр. Осы инсти­тут­тар мемлекет­тің құқықтық мем­лекет ретінде даму­ына жол ашты, қазір біз жиі ай­татын Әділеттілік пен заң үстем­дігі идеясын орнықтырды.

Кеңес дәуірінде тек бір партия болғанын білеміз, билік те соның қолында еді. Егемендік жариялан­ған соң Қазақстанда жаңа саяси қозғалыстар мен партиялар пайда болды. Оның қатарында «Азат» қоз­ғалысын, Қазақстанның социал­-демократиялық пар­тиясын атай аламыз.  Кейінірек 1999 жылы «Отан» партиясы құрыл­ып, қазіргі «AMANAT» партиясына айналды.

Айтпақшы, 1995 жылы елімізде жалпыхалықтық референдум өтті, сол арқылы жаңа Конституция қабылданды. Бұл да азаматтық қоғамның бастауындағы кезеңдер еді. Бұқаралық ақпарат құрал­дарына еркіндік берілді, қоғамдық ұйым­дар, кәсіподақтар, жастар қозға­лыстарының ықпалы күшей­ді. Осы өзгерістер қоғамның саяси мәдениетін арттырып, халықтың ел тағдырына тікелей араласу мүмкіндігін тудырды.

Қазақстанның егемен ел рет­ін­де сыртқы саясатын жүргізу ісі де декларациядан соң басталған. 1991 жылы еліміз өз тәуелсіздігін жариялап, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД сияқты халықаралық ұйымдарға мүше болды. Әлемдік қауым­дас­тық бірауыздан мойындап жатты. Сыртқы істер министрлігі құрыл­ып, әлем елдерімен дипломатия­лық қатынастар орнатылды. Сол ар­қылы дүниежүзіне өз көзқара­сын ашық жеткізді. Мысалы, бей­біт­шілік пен ядролық қарусыз­дану саясатын алға тарта аламыз. Соның арқасында жергілікті халық­қа ондаған жыл уайым болған Семей полигоны жабылды.

Елдің егемендігі туралы айт­қанда экономикалық егемендіктің де қалыптасу кезеңі болғанын білеміз. 1993 жылы ұлттық валю­та­мыз теңге айналымға енгізілді. Халық үшін үлкен бір тосын сый секілді қабылданғаны жасырын емес. Ұлттық банк, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру коми­теті құрылды. Біршама қиындық­тарға қарамастан нарық­тық эко­но­ми­ка­ға өту басталды, жеке­мен­шік пен кәсіпкерлік дамыды. Толық­қан­ды экономи­ка­лық және саяси тәуелсіз мем­лекетке айналдық. 

Қорыта айтқанда, 1990 жылғы Егемендік декларациясынан кей­ін Қазақстанда бірнеше саяси инс­титут құрылды. Сыртқы сая­саты, өз билігі, дербес көзқарасы бар ұлыс ретінде танылдық. Сон­дықтан декларация қабылданған кезеңді еліміздің қазіргідей құ­қықтық, демократиялы һәм тәуелсіз болып қалыптасуының бастауы ретінде санаймыз.

Мадияр ТӨЛЕУ