Көздегені – қаржыны көбейтіп жұмсау емес, тиімді пайдалану мен экономикалық тұрақтылықты сақтау. Бұл ел экономикасының ішкі әлеуеті артып келе жатқанын білдіреді. Десе де, бюджет құрылымында әлеуметтік бағыттар әлі де басым: қаржының негізгі бөлігі азаматтардың өмір сапасын жақсартуға жұмсалады. Сонымен қатар квазимемлекеттік секторды қайта құрылымдау мен шығынның тиімділігін арттыру күн тәртібінде тұр. Үкімет те, Мәжіліс те енді әр теңгенің қайда және не үшін жұмсалғанына есеп беруді басты талапқа айналдырмақ. Жаңа бюджеттің экономикалық тәртіпке көшу жолындағы нақты қадамдары жайлы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібеков айтып берді.
– Мәжілісте биылғы республикалық бюджет жобасы жаңа ережелерге сай әзірленгені айтылды. Бұл жобаның басты айырмашылығы неде?
– Иә, дұрыс айтасыз. 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы – жаңа Бюджет ережесі бойынша жасалған алғашқы құжат. Бұл дегеніміз – бұрынғыдай «неғұрлым көп жұмсасақ, соғұрлым жақсы» деген ұстанымнан бас тарттық. Енді негізгі мақсат – қаржының тұрақтылығын сақтау. Яғни, мемлекеттің шығысы экономиканың өсу қарқынынан және инфляциядан асып кетпеуге тиіс. Бұл – қатаң әрі жауапты тәсіл. Өйткені бюджеттің теңгерімді болуы елдің экономикалық қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Біз бұған дейін көбіне тапшылықты Ұлттық қордың есебінен жаптық, яғни қордан мақсатты трансферттер алатынбыз. Ал биылғы ерекшелік – бюджет жобасында мұндай трансферт мүлде қарастырылмаған. Бұл – үлкен жетістік.
Мұндай нәтижеге салық және бюджет жүйесіндегі реформалар арқасында жеттік. Қарапайым тілмен айтсақ, елдің өз кірісі өсті, соның арқасында қосымша қарыз алмай-ақ әлеуметтік төлемдер мен резервтерді қалыптастыру мүмкіндігі туды. Бюджеттің шамамен 80 пайызы әлеуметтік сала мен жалпы мемлекеттік шығындарға кетеді. Бірақ біз үшін маңыздысы – шығынның әр теңгесі елдің дамуына үлес қосуы. Сол себепті қазір бюджет тек сандар жиынтығы емес, нақты нәтиже беретін құралға айналуы керек деп отырмыз.
– Бюджетке сай қай салалар басымдықта, қаржы қандай бағыттарға бөлінеді?
– Бюджет құрылымына қарасақ, негізгі бағыттар бұрынғыдай әлеуметтік сала, білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік міндеттемелерді орындау болып қала береді. Яғни, қаражат ең алдымен адамдардың өмір сапасын жақсартуға жұмсалады.
Мысалы, 2026 жылға арналған республикалық бюджеттің жалпы көлемі 27,7 млрд теңге шамасында. Оның 38 пайызы әлеуметтік салаға, ал 42 пайызы мемлекеттік басқаруға тиесілі. Бұл көрсеткіш әлеуметтік саланың үлкен үлес алатынын көрсетеді. Бірақ сонымен бірге мемлекеттік аппараттың да шығындары көп екенін мойындауымыз керек. Биыл даму жобаларына қаржы бөлу азайды. Неге десеңіз, Үкімет жаңа жобаларды бастамай, бұрын басталғандарын аяқтауға басымдық берді. Бұл да дұрыс шешім, өйткені аяқталмаған нысандар көп, ал жаңа бастамалар қосымша шығынды талап етеді.
Тағы бір айта кетер жайт – стратегиялық және жалпыұлттық жобаларды анықтау әлі де жалғасып жатыр. Бұл жобаларға республикалық та, жергілікті бюджеттерден де нақты қаражат бөлінбеген. Себебі әр өңірдің басымдығын нақтылау қажет. Ал кейін сол жобалар бекітілген соң, қаржы қайта қаралып, бөлінеді. Қысқаша айтқанда, алдағы үш жылда мемлекет «алдымен сапа, содан кейін сан» қағидатына көшеміз деп отыр. Яғни, бәрін салу емес, ең қажет нысандарды салып, олардың тиімділігін бағалау – басты назарда.
– Сіз айтып отырған бюджет тиімділігі – көптің көкейіндегі мәселе. Шынында, бюджет қаржысы қаншалық тиімді жұмсалып жатыр?
– Өте орынды сұрақ. Өкінішке қарай, тиімділік мәселесі – қазіргі ең әлсіз тұсымыз. Биыл бюджетпен бірге ұсынылған қосымша құжаттар мен даму жоспарларының сапасы көңіл көншітпеді. Көп жағдайда мақсаттар мен нақты шығындар арасында байланыс жоқ, нәтижені өлшейтін көрсеткіштер де анық емес. Былайша айтқанда, кейде министрліктер қағаз жүзінде бәрін «жоспарлап» қояды, бірақ оның нақты әсері қандай болады – соны бағалай алмаймыз. Мәселен, бір бағдарламаға миллиардтар бөлінеді, ал кейін ол қоғамға қандай пайда әкелді деген сұраққа нақты жауап жоқ.
Парламентке алғаш рет ұсынылған мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі Ұлттық есеп осының дәлелі. Онда активтерді пайдалану тиімсіз, артық міндеттемелер көп, ал мемлекет қатысқан компаниялардың табыстылығы төмен деп жазылған. Мемлекеттік компаниялардан түсетін дивиденд те екі есе азайды. Бұл – бюджеттің кіріс әлеуетін төмендетіп отыр. Сондықтан қазір квазимемлекеттік сектор саясатын түбегейлі қайта қарау мәселесі күн тәртібінде тұр.
Меніңше, бұл жерде басты мәселе – бақылау мен жауапкершіліктің жеткіліксіздігі. Біз енді әр теңгенің қайда кеткенін ғана емес, оның не үшін кеткенін де сұрайтын кезеңге келдік. Бұл мәдениет қалыптасса, бюджет тиімділігі де артады.
– Мәжілісте бюджет жобасын талқылау кезінде көптеген түзетулер енгізілді дедіңіздер. Сол өзгерістердің негізгі бағыттарына тоқталсаңыз...
– Иә, бұл жолы жұмыс тобы өте ауқымды жұмыс атқарды. Барлығы 12 отырыс өтіп, 27 бюджеттік бағдарлама әкімшісінің есебі тыңдалды. Нәтижесінде, депутаттар жалпы сомасы 2 триллион теңгеден асатын 130-дан астам түзету енгізді. Бұл түзетулердің бір бөлігі шығыстарды нақтылауға, ал екінші бөлігі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға қосымша қаржы бөлуге бағытталды. Мысалы, өңірлердің дамуына қолдау көрсету үшін Үкімет резервінен 30 млрд теңге бөлу ұсынылды. Бұл қаражат жылу және электр энергетикасын, газ және су жүйелерін, сондай-ақ жағалауды нығайту жұмыстарына жұмсалады.
Бұдан бөлек, ұлттық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 1 триллион теңге қайта бөлінді. Бұл бастапқыда Қаржы министрлігінің «Жаңа бастамаларға арналған шығыстар» бағдарламасына қарастырылған қаржы еді. Енді ол тікелей салалық министрліктер мен агенттіктер арасында бөлініп отыр. Бұл қаражаттың бір бөлігі отандық өндірісті қолдауға, өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғыртуға, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталады.
Айтқанымдай, мұның бәрі – Үкімет пен Парламент арасындағы келісілген шешімдер. Депутаттар өңірлердің нақты қажеттілігін ескеріп, ұсыныстарын енгізді. Яғни, бюджет енді орталықтан ғана емес, жергілікті деңгейден де ойластырылған жүйеге айналып келеді.
– Жалпы, осы бюджет мемлекеттің дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?
– Ең алдымен айтарым – бұл бюджет Президент белгілеген стратегиялық мақсаттарға сай дайындалды. Ондағы басты ұстаным – әлеуметтік бағытты сақтау және тұрақты даму. Бюджет теңгерімді, яғни кіріс пен шығыс шамалас. Бұл – экономикалық тұрақтылықтың белгісі. Бірақ сонымен бірге біз даму қарқынын тежеуге де болмайтынын түсінеміз. Сондықтан әлеуметтік саланы қолдау мен экономиканы әртараптандыру қатар жүреді. Халық үшін ең үлкен пайдасы – әлеуметтік міндеттемелердің толық орындалуы. Зейнетақы, жәрдемақы, ең төменгі жалақы – бәрі де қайта қаралып, кезең-кезеңмен өсіріледі. Мысалы, биыл Мәжіліс Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұсынысымен ең төмен жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін арттыруды қарастырды. Сондай-ақ өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға қосымша қаржы бөлініп отыр. Бұл – ел ішінде жаңа жұмыс орындарының ашылуы, инженерлік жүйелердің жақсаруы деген сөз.
Тағы бір маңызды бағыт – аграрлық секторды қолдау. Ауыл шаруашылығы техникалық жаңғыртудан өтеді, бұл еңбек өнімділігін арттырады, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады. Қысқаша түйіндесек, жаңа бюджет – тек сандар жиынтығы емес, елдің келесі үш жылдағы даму картасы. Оның басты артықшылығы – Ұлттық қорға арқа сүйемей, өз кірісімізді еселеу арқылы тұрақты дамуға қадам басуында.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Кәмила ЕРКІН