Республика күні қарсаңында Л. Гу­ми­­лев атындағы Еуразия ұлттық уни­­верситетінде мұнай-газ химиясы және полимерлік материалдар зерт­­ханасының салтанатты ашылуы өтті.
ЕҰУ-дың жаңа қадамы
1,511
оқылды

Лабораторияның заманауи талдамалық және технологиялық жабдықтарының жалпы құны 300 миллион теңгеден асады. Бұл жоба  Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігінің қаржыландыруы ар­қылы жүзеге асты. Сонымен қатар зертхананың ашылуына Энергетика министрлігі, Қазақ­станның мұнай-газ химиясы қауымдастығы, «ҚазМұнайГаз» АҚ және басқа да ком­паниялар қолдау көрсетті.

Іс-шараға ЕҰУ-дың Ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева,  Энергетика ми­нистрлігінің Техникалық реттеу және ин­те­грация басқармасының басшысы Әлия Дүйсебаева,  Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қалдықтарды басқару департаментінің бас сарапшысы Айнұр Батырханова,  Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті тө­ра­ғасының орынбасары Әлия Сембаева, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мұнай өңдеу бас­қармасының бастығы Олжас Қайдағұлов және ғалымдар қатысты.

«Жаңа зертхананың құрылуы – зерттеу университеттерінің алдына қойылған басты міндетті орындауға бағытталған нақты қадам. Бұл – зерттеулердің қолданбалы сипатын арттыру, өнеркәсіп кәсіпорындарымен ынтымақтастықты дамыту, жаңа өнімдер мен технологияларды өндіріске енгізу ар­қылы ғылымның ел экономикасына қо­сатын үлесін күшейту», – деді Жанна Құр­манғалиева.

Бүгінде зертханада 30-дан астам жас ғалым ғылыми жұмыстар жүргізуде. Полимер өндіретін отандық компаниялармен тә­жірибелік байланыс орнатылған. Зертхана­ның ғылыми нәтижелері өңдеу өнеркәсібін дамытуда, салалық стандарттар мен регла­мент­терді әзірлеуде, сондай-ақ кадрлар да­яр­лауда қолданылмақ. Бұл мұнай-газ хи­миясы саласында технологиялық дамуға серпін беретін негіз. 

«Біз тек зертхана ашып жатқан жоқпыз – жаңа материалдар, технологиялар мен идеялар туындайтын кеңістік қалыптас­тырып отырмыз. Бұл бастама қазақстандық өнеркәсіптің дамуына өз үлесін қосады», – деді зертхана жетекшісі, қауымдастырылған профессор Гайни Сейтенова. 

Айсұлу СЪЕЗХАН