Архивке жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты бұрын еш жерде жарияланбаған сирек фотосуреттер, жеке хаттары, жазба дәптерлері мен басқа да тарихи-мәдени маңызы зор құжаттар тапсырылды.
Шерхан Мұртазаның құнды мұралары Ұлттық архивке тапсырылды
668
оқылды

Республика күні қарсаңында «Егемен Қазақстан» газеті қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның шығармашылығы мен зерттеу еңбектерінен құралған құнды құжаттарды Ұлттық архивке ресми түрде табыстады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Архив қорына өткізілген материалдардың қатарында Шерхан Мұртазаның әйгілі «Қызыл жебе» романының түпнұсқа қолжазбалары, Тұрар Рысқұлов туралы жүргізілген зерттеу жазбалары, сондай-ақ кеңестік билікке қарсы шыққан қазақ зиялыларының қайраткерлігін бейнелейтін «Бесеудің хаты» атты екі бөлімді драмасының және тағы да басқа бірнеше шығармасының қолжазбасы бар.

Сонымен қатар архивке жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты бұрын еш жерде жарияланбаған сирек фотосуреттер, жеке хаттары, жазба дәптерлері мен басқа да тарихи-мәдени маңызы зор құжаттар тапсырылды.

Салтанатты шараға белгілі қоғам қайраткерлері мен әдебиеттанушылар, қаламгердің туыстары, БАҚ өкілдері қатысты.

– Бүгінгі мәдени шара халқымыздың мұраға, рухани қазынаға деген елдік көзқарасының деңгейін көрсетеді. Шерхан Мұртазаның Жуалыдан жеткен 6 мың парақтан асатын еңбегі ұзақ жылдар бойы «Егемен Қазақстан» газетінің архивінде сақталды. Шерағаңның негізгі шығармаларының түпнұсқаларын, суреттерін, құжаттарын, қаламгердің хаттарын, студент кезінен қойын дәптеріне жазған жазбаларын ұлттық құндылығымызды әлемге танытатын Ұлттық архивке тапсырып отырмыз. Жазушының жазған еңбегі халыққа, зерттеушілерге қолжетімді болуы керек, – деді Дихан Қамзабекұлы.

Осы ретте Дихан Қамзабекұлы Шерхан Мұртазаның рухани мұрасына қатысты жаңа зерттеу бағыттарын ашуға мүмкіндік туатынын атап өтті.

– Бүгінде заман өзгеріп, жаңа технологиялардың арқасында түрлі мүмкіндік көбейді. Сәйкесінше, архив қорындағы мұраны жаңа форматта көпшілікке танытуға, оны халыққа кеңінен насихаттауға жол ашылады, – деп атап өтті Дихан Қамзабекұлы.

Өз кезегінде Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі Шерхан Мұртазаның тәуелсіздік идеясын қалыптастырудағы рөліне тоқталып, қаламгер жайлы естелігін бөлісті.

– Шерағаңның мұрасы Егемендік мерекесі – Республика күні қарсаңында Ұлттық архив қорына табысталып отырғаны ерекше мән бар. «Егемен Қазақстан» газеттің атауына «егемен» деген сөзді алғаш ұсынған Шерағаң болатын. Ол материалды біз Президент архивінен арнайы алдырған едік. 1990 жылы маусым айында талқылауда «азат», «егеменді» деген сөздер талқыланып, Шерағаң осы «егеменді» ұсынғаны туралы стенограмманы тапқан болатынбыз. Ол құжатта орталық комитеттің мүшелері бекіткен шешім де бар, – деді Дархан Қыдырәлі.

Салтанатты шара соңында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы мен Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова өзара әріптестік туралы келісімге қол қойды.