Турнир 25-29 қазан аралығында Beeline Arena алаңында өтеді.
Астанада алғаш рет үстел теннисінен халықаралық  Президент кубогы өтеді
340
оқылды

24 қазанда Астанада үстел теннисінен халықаралық Президент кубогына арналған баспасөз мәслихаты өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Баспасөз мәслихатына Туризм және спорт вице-министрі Серік Маратұлы, NOMAD академиясының директоры Руслан Жетібаев, 2003 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Олимпиада және Азия ойындарының жүлдегері Джу Се Хук, Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Баймұхамедұлы, Бас төреші (халықаралық санаттағы төреші) Николай Михайлович қатысты.

Турнир 2025 жылдың 25-29 қазан аралығында Beeline Arena алаңында өтеді. Оны Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстанның үстел теннисі федерациясының қолдауымен Nomad үстел теннисі академиясы ұйымдастырады.

NOMAD академиясының директоры Руслан Жетубаев болашақта Президент кубогын жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдыру жоспарда бар екенін айтып өтті.

 «Бұл турнир Қазақстанның брендіне айналып, жыл сайын жас таланттар мен танымал шеберлер бас қосатын алаң болғанын қалаймыз. Бұл жай ғана жарыс емес,  үстел теннисін дамыту мен халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайтуға жасалған қадам», – деді ол.

Жарысқа Қазақстанды қоса алғанда, 14 елден 300-ден астам спортшы қатысады. Олардың қатарында Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды өкілдері, сондай-ақ Оңтүстік Корея, Қытай, Венгрия, Мысыр, Малайзия, Иран, Сауд Арабиясы және басқа да елдердің теннисшілері бар. Сонымен қатар  турнирге ITTF әлемдік рейтингінің топ-100 қатарындағы ойыншылардың қатысуы оның халықаралық ауқымын айшықтайды. Турнирдің жалпы жүлде қоры – 115 000 АҚШ доллары.

Joo Sae-hyuk ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, Қазақстанда үстел теннисінің дамуына қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.  

«Мұнда болып, осындай ауқымды шараның бір бөлігі болғаныма қуаныштымын. 2027 жылы Қазақстан жаңа, жеңісті деңгейге шығады деп сенемін. Мен бар күшімді салып көмектесемін, келіп тұрамын, қатысамын және елдеріңізде үстел теннисінің дамуын қолдаймын»,  – деді ол.

Кубоктың басты оқиғаларының бірі – әлемдік үстел теннисі жұлдыздарының қатысуымен өтетін шоу-матч. Оған спорт аңыздары қатысады – Сюй Синь (Қытай), әлемнің экс-бірінші ракеткасы; Фан Бо (Қытай), әлем чемпионатының күміс жүлдегері, өзінің шабуылдау стилімен танымал; Вернер Шлагер (Австрия), 2003 жылғы әлем чемпионы және Еуропа чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері; сондай-ақ Джу Се Хук (Корея), 2003 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2011 жылғы қола жүлдегері және 2012 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы. Олардың қатысуы турнирге ерекше ауқым беріп, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлайды.

«Өздеріңізге мәлім, 2027 жылы Қазақстан үстел теннисінен әлем чемпионатын қабылдайды. Сондықтан мұндай деңгейдегі ірі жарысты өткізу еліміз үшін үлкен мәртебе. Бұл іс-шара әлемдік додаға дайындық ретінде ұйымдастырылып отыр. Жарысқа шетелдік мықты спортшылар келеді деп жоспарланған. Сол спортшылардың ойындарын жас жеткіншектеріміз тамашалап, үлкен тәжірибе жинақтай алады. Осы жарыс арқылы ел үздіктерін және үстел теннисінің резервін байқауға болады», – деді Туризм және спорт вице-министрі Серік  Жарасбаев.

Турнир төрт жас санаты бойынша жеке және командалық есепте өтеді:

U-11 – 2014 ж.т. және одан кішілер;

U-16 – 2009 ж.т.  және одан кішілер;

Open 17+ – 2008 ж.т. және одан үлкендер;

Team event – командалық разряд.

Қазақстанның үздік теннисшілері – Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев, Айдос Кенжеғұлов, Искандер Харки, Зәуреш Ақашева, Сарвиноз Миркадирова, Жанерке Қошқұмбаева және Анель Бақыт – Президент кубогында ел намысын қорғайды.

Турнир кестесі:

24 қазан – қатысушылардың келуі, жаттығулар, баспасөз мәслихаты

25 қазан – салтанатты ашылу рәсімі, жеке біріншілік (U-11, U-16)

26 қазан – жеке біріншілік (U-11, U-16)

27 қазан – командалық біріншілік және жеке жарыстар (Open 17+)

28 қазан – жартылай финалдық кездесулер

29 қазан – финалдық ойындар және марапаттау рәсімі

Президент кубогы спорт мәдениетін дамытуға, жастар арасында үстел теннисін насихаттауға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Бұл жай ғана жарыс емес, спортты алға жылжыту мақсатында жас таланттар мен танымал шеберлердің басын қосатын алаң. Турнир Қазақстанның Орталық Азиядағы үстел теннисінің жаңа орталығы ретіндегі орнын нығайтады.

Турнирге кіру тегін. Турнир бағдарламасын сайттан көруге болады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.