Халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту және еңбек саласындағы әділеттілікті қамтамасыз ету, еңбек нарығын сапалы тр­анс­формациялауға бағыттау – Президент айқындаған мемлекеттік әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі.
Әлеуметке көмек әл-ауқатқа себеп
1,944
оқылды

Мемлекет басшысы «Әділетті мем­лекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қо­ғам» атты Жолдауында «Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шек­теу­лі жандарға да көмектесеміз», – деп айтқан болатын. Сондай-ақ Ата Заңымыздың 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Елдегі әлеуметтік саясат азаматтарды іргелі құқықтарын қамтамасыз етеді. Яғни, әлеуметтік мемлекет – бар байлығын тұрғындарының тұрмысын жақсартуға, білім алуына мүмкіндік жасауға, денсаулық сақтау саласын жоғары деңгейде қолдауға арнайтын мемлекет. Бұл тұрғыда көпбалалы отбасылар, жалғызбасты ата-аналар, мүгедектер, қарттар сияқты қоғамның осал топтарын қамту өте маңызды. Үкімет пен жергілікті билік азамат­тардың тұрмыс жағдайын оңтай­ландыру, еңбекпен қамту бағытында іргелі жобаларды жүзеге асырады.

Әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыру мақсатында Ақтөбе облысы жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау вице-министрлігінің мәліметінше, биыл бірінші тамызға дейін елімізде 5,2 миллион адамға жалпы сомасы 4,1 триллион теңге көлемінде әлеуметтік төлем төленген болса,  Ақтөбе облыс­ында 281 мыңнан астам тұрғынға 180 миллиард теңге көлемінде зейнетақы мен жәрдемақы берілген. Сонымен қатар облыс көлемінде атаулы әлеу­меттік көмек көрсету, инклюзивті орта қалыптастыру, оңалту қызмет­тері, халықты жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі мәселелері төңірегінде ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Облыстық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айту­ынша, аймақта 2024-2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында еңбекке қабілетті азаматтарды қолдауға ерек­ше көңіл бөлініп отыр. Жылдың 8 айындағы қорытынды бойынша өңірде 22 770 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысып, еңбекке тартылған.

– «Ауыл аманаты» жобасы бойын­ша 152 адам несие алып, кәсіп бастау­ға мүмкіндік алды. Кәсіпкерлік баста­маларды қолдау да назардан тыс қал­ған жоқ. 4 699 адам «Бастау-Биз­нес» жобасы мен кәсіпкерлік негіз­деріне оқуға жіберілді. Облыс бой­ынша өткізілген 86 бос жұмыс орны жәрмеңкесінің нәтижесінде 1 059 адам жаңа жұмыс тапты, – деді ол. 

Аймақта азаматтардың әл-ауқатын жақсарту, атаулы көмек жүйесінің әділдігін арттыру, қызмет сапасын көтеру және инклюзивті қоғам қал­ып­тас­тыру бағыты басты басымдық­қа ие. Әсіресе, инклюзивті қоғам қа­лып­тастыру, ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау Ақтөбе облысы бойынша әлеуметтік саясаттың негізгі бағыты саналады. Бүгінде ерекше қажеттілігі бар адамдарды арнайы оңалту құралдарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету жұмыстары автомат­тандырылған түрде әлеуметтік қыз­меттер порталы ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Дегенмен әлеу­меттік қолдау тек жәрдемақы берумен шектелмейді. 

– Бұл топ әлеуметтік көмекпен ғана шектелмейді. Біз олардың оқып, жұмыс істеп, қоғаммен бірдей өмір сүруі үшін жан-жақты жағдай жасауға тырысамыз. Ең бастысы, әр адамның жағдайы жеке ескеріліп, өзіне арнал­ған оңалту бағдарламасы жасалады, – дейді Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарла­малар басқармасының бас маманы Эльмира Сүйіншалина.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасының 1 қазандағы есебінше, облыста мүгедектігі бар 31 371 адам тіркелген, оның 5631-і – бала. Оларды қолдау шаралары қатарында про­тездік-ортопедиялық көмек, арнайы техникалық құралдар, гигиеналық жабдықтар, санаторий-курорттық ем, жеке көмекші мен ымдау тілі маман­ының қызметі сияқты кешенді жұ­мыс­тар атқарылады. Эльмира Сүйін­шалинаның айтуынша, 2020 жы­лдан бастап іске қосылған Әлеуметтік қызметтер порталы осы көмектерге қолжетімділікті барынша жеңіл­деткен.

– Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы әрбір мұқтаж адам өз қажет­тілігіне сай оңалту құралын таңдай алады. Биыл осы портал арқылы 25 236 адамды қамту көзделсе, соңғы он айда 20 115 адам қажетті құрал-жаб­дық­тармен қамтылған. Бұл – құрғақ статистика емес, мыңдаған адамның өміріндегі нақты жеңілдік. Мәселен, протездік-ортопедиялық көмекке мұқтаж 4 632 адамның 3 152-сі қажетті қолд­ау алды. Міндетті гигиеналық құ­рал­дарға зәру 9 025 адамның 8 504-і қамтамасыз етілді. Ал санаторий-кур­орттық емге мұқтаж 7 208 азамат­тың 4 593-і осы қызметті пайдалан­ды, – дейді ол.

Ал облыстағы ерекше қажеттілігі бар адамдарды жұмыспен қамту ба­ғытында да тиімді жұмыстар қолға алын­ған. Мәселен, биыл 10 айда мүгедектігі бар 1 131 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тар­тылған болса, олардың 319-ы тұрақты жұмысқа орналастырылып, 336-сы субсидияланған жұмыс орын­дарына жіберілген. «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы 367 аазамат кәсіп­керлік негіз­дерін оқыса, 27-сі қыс­қамерзімді кә­сіби курстарға қатыс­қан, 82 адам жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін грант алып, 53 адам арнайы белгіленген квота бойынша жұмыс тапқан.

Елімізде ерекше қажеттілігі бар адамдардың құқықтары мен мүдде­лерін және әлеуметтік қорғаудың көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқан. Ол Әлеуметтік кодекс аясында жүзеге асырылады. Әсіресе, кедергісіз орта қалыптастыру негізгі бағыттардың бірінен саналады. Мүгедектігі бар жандардың қоғамдық өмірге еркін араласуы, білім алу және медици­на­лық қызметке қол жеткізуі барысында оларды арнайы көліктермен қамта­масыз етудің маңызы зор. Осы бағыт­та Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 2005 жылдан бері жүріп-тұруы қиын І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін «Инватакси» қызметін іске қос­қан-ды. Арнайы көліктер мүмкіндігі шектеулі жандарды медициналық мекемелерге, оқу орындарына, вок­залдар мен әлеуметтік нысандарға тегін жеткізеді. Басқарманың ресми ақпаратына сүйенетін болсақ, бүгінде аймақтың «инватакси» қызметінде 121 автокөлік бар, оның 10-ы арнайы жабдықталған. Биыл 1 314 адам осы қызметтің көмегіне жүгінген.

Сондай-ақ елімізде жыл сайын қиын өмірлік жағдайларға тап болған әлеуметтік осал отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Биыл Қазақстанда 51 мыңнан астам отбасы­ның 274 мыңнан астам мүшесіне атау­лы әлеуметтік көмек (АӘК) та­ғай­ындалыпты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, биыл АӘК бағдар­ламасын іске асыруға мемлекеттік бюджеттен 98,4 миллиард теңге қа­рас­тырылған. 1 қазандағы жағдай бойынша қосымша төлем АӘК алу­шылар арасындағы 84,6 мың мектепке дейінгі жас балаларға тағайындалған және жалпы төлем сомасы 3,2 мил­лиард теңгені құраған.

Дегенмен Ақтөбе облысында атау­лы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар саны азайғанға ұқсайды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқарма­сының мәліметі бойынша, 2024 жылы Ақтөбе облысында атаулы әлеуметтік көмекті 16 011 адам немесе 3 055 отба­сы­ алған. Бейінді ведмоствоның есе­бінше, бұл 2023 жылмен салыс­тыр­ғанда, көмек алатын отбасылар саны 1 284 отбасыға немесе 6,5 мыңнан ас­там адамға азайғанын көрсетеді.

Жалпы алғанда, атаулы әлеуметтік көмектің негізгі мақсаты  аз қамтыл­ған отбасыларды кедейліктен шығару үшін еңбекке ынталандыру және жұ­мысқа жарамды азаматтарды жұмыс­пен қамту шараларына тарту екенін ескерсек, бұл мақсатта жүзеге асыр­ыл­ған жұмыстардың нәтижелі бол­ғанын байқауға болады. 

Тілек ҚАБЫЛ