«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин Үкімет отырысында әлеуметтік нысандар мен ауылдық аумақтарды интернетпен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, кеңес кезінен келе жатқан мыс кабельдерін түгелдей шыны-талшықты желіге ауыстыру мақсатындағы «Тазарту» жобасы жалғасып жатыр. Бүгінде бұл жұмыстар аясында 340 мың абонент жаңа желіге көшірілді.
«Одан басқа "Сапа+" жобасы аясында биыл тұрғын үйлер мен пәтерлерде 360 мың роутер жаңартылып, заманауи жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткізуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ елімізде бұрын болмаған 3 мыңнан астам ауылды жоғары жылдамдықты интернетке қосу "Ауылline" жобасы аясында басталып кетті. Ол ЖИ министрлігінің көмегімен жүзеге асуда. 1,5 жылдың ішінде 500-ден астам жерде Amazon, StarLink сияқты жер серіктестері арқылы интернетке қосылатын болса, 2 500 ауылға дейін шыны-талқышты желі тартылмақ.
Жоба аясында 5 мыңнан астам мектеп, денсаулық сақтау нысандары және мемлекеттік мекемелер желіге қосылады. Ал ең бастысы 1 миллионнан астам ауыл тұрғыны жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізбек», — деді Бағдат Мусин.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.