Франция астанасындағы әйгілі Лувр музейінде бұрын-соңды болмаған ұрлық оқиғасы тіркелді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Reuters мәліметінше, белгісіз қаскөйлер таңғы уақытта музейге баса-көктеп кіріп, «Galerie d’Apollon» бөлімінен тарихи маңызы зор зергерлік бұйымдарды ұрлап кетті. Ұрылар әрекетін таңғы сағат 09:30 шамасында іске асырған. Олар кран орнатылған көлік арқылы екінші қабаттың терезесін сындырып, музей ішіне кірген. Бірнеше витринаны зақымдаған қаскөйлер бар болғаны төрт минуттың ішінде операцияны аяқтап үлгерген.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға кезінде күзет дабылы іске қосылғанымен, ұрылар ізін суытып үлгерген. Бір зергерлік бұйым олардың қашу кезінде түсіп қалған, ал француз басылымдары бұл зат Наполеон ІІІ-нің жұбайына тиесілі тәж болуы мүмкін деп болжайды.
Қазір Париж полициясы тергеу жүргізіп жатыр. Қылмыскерлердің кім екені және ұрланған бұйымдардың нақты саны әзірге анықталған жоқ.
Лувр әкімшілігі бұл оқиғаны «мәдени мұраға жасалған соққы» деп атап, қауіпсіздік жүйесін қайта қарауға уәде берді. Музей былтыр 8,7 миллионнан астам келушіні қабылдаған болатын.