Заңсыз қызмет дер кезінде тоқтатылғанының арқасында пирамидаға барлығы 30 азамат тартылған. Олардың салған қаражаты 89 млн теңгеден асады.
Imrat Group  қаржы пирамидасы жойылды
Фото: iStock
1,667
оқылды

Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Оралда  Imrat Group  атты қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Канаданың, Гонконг пен Ұлыбританияның атынан тіркелген жалған халықаралық инвестициялық компания ретінде көрініп, алаяқтар азаматтарға күнделікті 0,5%-дан 1,5%-ға дейін «жоғары табыс» уәде еткен түрлі бағдарламаларды ұсынған.

Қатысу үшін азаматтар арнайы реферальды сілтеме арқылы тіркеліп, криптовалюта әмиянына 20-дан 10 000 АҚШ долларына дейін (USDT баламасында) қаражат аударуы қажет болған.

Алайда шын мәнінде, салымдар тек пирамида ішіндегі қатысушылар арасында қайта бөлініп отырған – бұрынғыларға төлемдер жаңадан тартылған қаражат есебінен жүргізілген.

Қатысушыларды тарту мақсатында күдіктілер заңды инвестициялық қызмет түрінде көрсету үшін белсенді жарнама жүргізіп, кеңселер жалдап, түрлі презентациялар мен конференциялар ұйымдастырған. Сондай-ақ  Telegram арна ашып, онда тұрақты түрде жоғары табыс пен инвестициялардың қауіпсіздігін насихаттайтын бейнематериалдар жариялап отырған.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидаларының жолын кесу және оларды анықтау бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.

2025 жылдың басынан бері:

  • 31 қаржы пирамидасына қатысты 90 сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды;
  • 7 млрд теңге көлемінде залал өтелді;
  • жалған инвестициялық жобалар туралы ақпарат таратқан 14 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталды;
  • Instagram мен Telegram платформаларында 535 мыңға жуық қатысушысы бар 100-ден астам заңсыз чаттар жабылды.

ҚМА сайтында қаржы пирамидаларының тізімі жарияланған.

Қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге арналған  "Baiqa, piramida!" Telegram-боты іске қосылды.

Егер Сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасының қызметіне тап болсаңыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласуыңызды сұраймыз.

Азаматтарды қырағы болуға және өз жинақтарын күмәнді қаржылық жобаларға салмауға шақырамыз, – делінген агенттік ақпаратында.