Ол тек дәріс оқумен шектелмей, тәлімгердің ынтасын оятатын, болашағына үлкен сенім беретін алып күшке ие. Қазіргі цифрлы технология дәуірінде де ұстаздың қадір-қасиеті өшкен жоқ.
Еліміздің астанасында «AMANAT» партиясының қолдауымен «Мұғалім talks» кейс-платформасының екінші отырысы жемісті өтті. Еліміздің барлық өңірінен келген 300-ден астам мектеп мұғалімі, колледждер мен ЖОО оқытушылары, студенттер, ғалымдар, білім беру саласының ардагерлері мен сарапшылар қауымы осы жиында бас қосты. Жиынның түпкі мақсаты жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалімнің рөлі мен білім беру саласындағы инновацияны қолдану болды. Сондай-ақ ерекше көзге түскен педагогтарға арнайы сыйлықтар табысталды.
Тың идеялар топтасқан алаң
Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев ұйымдастырылып отырған жобаның мұғалімдерге ерекше талпыныс беретіндігін айтып өтті. Оның сөзінше, біз біле бермейтін тың идеялар мен жобалар осындай басқосуларда пайда болады.
– Елордада өткен «Мұғалім talks» жобасы – еліміздің түкпір-түкпірінен келген педагогтарға арналған ерекше алаң. Бұл бастама ұстаздарға өз тәжірибесін бөлісіп, білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Жоба барысында мұғалімдер тек пікір алмасып қана қоймай, өздерінің жетістіктері мен тың идеяларын ортаға салды. Шараның басты мақсаты – ұстаз мәртебесін арттырып, олардың кәсіби дамуына серпін беру.
Депутаттың айтуынша, бұл шараның басты мақсаты – мұғалімдерді ынталандырып, білікті ұстаздарды бір ортаға жинау. Оның пікірінше, еліміздің түкпір-түкпірінен келген белсенді ұстаздар мен мектеп басшылары осы жоба аясында өзара ой бөлісіп, білім саласын дамытуға қатысты құнды ұсыныстарын жеткізді
– Talks дегеніміз – талқылау, ойыңды ашық жеткізу алаңы. Мұнда сөз алған әрбір мұғалімнің тәжірибесі ерекше. Мысалы, біреуі оқушыларға арналған протез жасап шығарса, енді бірі ауылдағы оқушыларды халықаралық олимпиада деңгейіне дейін дайындаған. Сонымен қатар өз пәнін терең меңгеріп, оны шәкірттеріне махаббатпен үйрететін химиктер мен физиктер де бар. Осындай мұғалімдер – өз ісіне адал, нағыз кәсіби тұлғалар, – дейді Дәулет Мұқаев.

Сондай-ақ жиында «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова да ұстаздар мен дәрігерлердің қоғамдағы рөлі айрықша екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл екі мамандық – елдің болашағын қалыптастыратын ең маңызды әрі негізгі салалар. Сол себепті партия тарапынан осы бағыттағы мамандарды қолдау мақсатында түрлі жоба жүзеге асырылып келеді.
– «Мұғалім talks» жобасы – соның айғағы. Биыл бұл жоба екінші рет өткізіліп отыр. Шараның басты мақсаты – мұғалімді тек кәсіби маман ретінде емес, сонымен қатар жоғары адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірген тұлға ретінде таныту. Қазіргі жаһанданған және цифрландыру қарқынды жүріп жатқан дәуірде мұғалімнің рөлі бұрынғыдан да маңызды. Ұстаз тек білім беруші ғана емес, сонымен бірге баланы өмірге бейімдейтін, алған білімін тиімді қолдануға үйрететін бағыттаушы болуы керек. Осы себепті заманауи мұғалімдік қызмет үлкен трансформацияны талап етеді.
Мұндай бастамалар арқылы «AMANAT» партиясы ұстаз еңбегінің қоғамдағы жоғары құндылығын көрсетіп келеді. Балаға тек білім беру аздық етеді, оған өмір жолына сенім ұялатып, дұрыс бағыт сілтеу маңызды. Нағыз ұстаз – шәкірт жүрегіне із қалдыратын тұлға, – дейді Шолпан Каринова.
Мұғалімнің ақылды көмекшісі
Отырыста «Мұғалім talks» қатысушылары өздерінің кәсіби тұрғыда қалыптасу тарихымен бөлісті және әріптестерімен бірге кәсіби сын-тегеуріндерді талқылады.
Солардың бірі – Семей қаласындағы Рымбек Байсеитов атындағы қаржы-экономикалық колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Асхат Мұханов. Ол білім беру саласында жасанды интеллектіні қалай тиімді пайдаланып жүргенін толық айтып берді.
– «Мұғалім talks» ұстаздарға қоғам алдында ашылып сөз сөйлеуге, ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік беріп отыр. Алғаш рет жобаны YouTube-тен көрдім. Содан кейін өзім қатысып көрсем деген ниет оянды. Биыл өтініш беріп, үміткерлердің арасынан таңдалдым. Бұл жобаға көбінесе мектеп мұғалімдері қатысады, ал мен колледж педагогтары арасынан шыққан жалғыз спикер болдым. Көпшілікке жасанды интеллектіні баланың дамуына зиян келтірмей, керісінше, оқушының қабілетін дамытуға бағыттап қолдану жолдарын жеткізгім келді.
Қазір жасанды интеллект тек IT саласында емес, медицина, құрылыс, өндіріс салаларында кеңінен қолданылады. Мысалы, медицинада ЖИ арқылы диагноз қою тәжірибесі бар. Сол сияқты біз де білім беру саласында ЖИ-ді тиімді қолдана аламыз», – дейді ол.
Ұстаз болу – біреудің өміріне үміт сыйлау
Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы Әсет Бейсеуов атындағы орта мектептің физика пәні мұғалімі Бақытәлі Даулешяр өз тәжірибесімен бөлісті. Ол жеті жыл бұрын қарапайым ауыл мектебінде «Өнертапқыштар әлемі» атты клуб ашып, физика пәнін робототехникамен ұштастырған. Оның айтуынша, арнайы кабинет пен құрал-жабдықтың болмауына байланысты оқушылар бастапқыда қоқыс жинағыш, «ақылды» шам сияқты шағын жобалар әзірлеген. Ал бүгінде олар 3D-принтер мен жасанды интеллект арқылы протез құрастыруды үйренген.
«Бәрі бір ғана сұрақтан басталды: оқушыны ғылымға қалай қызықтыруға болады? Кесте мен формула жеткіліксіз екенін түсіндім. Алғашында қарапайым «Arduino» жобаларынан бастадық. Кейін оқушыларым 3D-принтер мен жасанды интеллект арқылы протез жасап, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ауыл тұрғындарына көмектесе бастады. Сол сәттерде ұстаздықтың шын мәнін ұқтым. Ұстаз болу – біреуге білім беру ғана емес, біреудің өміріне үміт сыйлау екен», деді ол.

Бақытәлі Даулешярдың шәкірттері жасаған алғашқы протез мүгедектігі бар бала Мирасқа арналған. Кейін мүгедектігі бар басқа ауыл тұрғындарына да қол мен аяқ протездері әзірленген. Бұл жоба 2021 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауында жеңіске жетіп, мектеп зертханасы жаңа құралдармен жабдықталды.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының «Мұғалім talks» кейс-платформасы отырысы осымен екінші рет өткізіліп отыр. Биылғы жиын «Жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалімнің рөлі мен білім беру саласындағы инновация» тақырыбына арналды. Іс-шара барысында ерекше көзге түскен педагогтарға партиялық және ведомстволық наградалар табысталды.
Елнар ЕЛТАЙ