Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі 28 миллиард долларға жетті

Мемлекет басшысы Душанбе қаласында «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі 28 миллиард долларға жеткенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Президент аймақ пен Ресей арасындағы екіжақты және көпжақты ықпалдастықтың бірқатар өзекті бағытына қатысты ойымен бөлісті. Бірінші басымдық ретінде сауда және индустриалды қарым-қатынасты дамытуға тоқталды.

– Алғашқы саммитте экономикалық ынтымақтастықтың жаңа үлгісін қалыптастыру бағытында жұмыс істеуге келіскен едік. Бүгін қабылданатын Бірлескен іс-қимыл жоспары 50-ден аса шараны қамтиды. Бұл – өте құнды құжат. Сол себепті оны уақтылы іске асыруға барынша күш жұмылдыру қажет. Орталық Азия елдерінің Ресеймен сауда көлемі барлық тауар айналымының үштен бірін құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 20 пайыз өсіп, 50 миллиард доллардан асты. Аталған көлемнің жартысынан көбі Қазақстан мен Ресей арасындағы саудаға тиесілі. Былтыр оның көлемі 28 миллиард долларға жетті. Ресей Қазақстан экономикасына қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына енді. Инвестиция көлемі 26 миллиард доллардан асты. Былтырдың өзінде Ресейден тікелей келетін инвестиция ағыны 33 пайыз ұлғайып, 4 миллиардтан аса долларға көбейген. Оған өнеркәсіп кооперациясын жедел дамыту мүмкіндік берді. Жалпы құны 21 миллиард долларды құрайтын 114 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта 33 жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр. Оның инвестиция көлемі 4,5 миллиардтан астам долларды құрайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тараптар сауда кедергілерін жоюды, өзара сауданы жандандыруды және тауар айналымы номенклатурасын кеңейтуді қолдайды.

– Шекаралық сауда аймағын құру, тұрақты түрде шекаралық аймақтық форумдар, бизнес-форумдар, көрмелер мен жәрмеңкелер өткізу, электрондық сауда алаңын дамыту бұл міндеттерді шешуге ықпал етеді. Қазіргі уақытта Орталық Азияда бірлескен сауда-өнеркәсіп аймақтары мен индустриалдық хабтар қалыптаса бастады. Бұл алаңдарда өндіріс локализациясына, қосылған құнның барлық тізбегі бойынша кооперацияға және тұрақты тасымалды қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Ресейлік бизнестің аталған жобаларға қатысуы Ресей тауарларының біздің, соның ішінде Қазақстан нарығында ұзақ уақыт бойы айналымда болуына ықпал етеді, – деді Президент.

Президент Қазақстан мен Ресей арасында астықты терең өңдеудің бірлескен кластерін құру жобасын қарастыруды ұсынды

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығындағы бірлескен жұмыстардың мүмкіндігі көп екенін мәлімдеді. 

– Қазірдің өзінде оң нәтиже бар. Бірақ инновацияларды бірлесіп енгізуге екпін бере отырып, мол табысқа жетуге болады. Бұл арада агротехнологиялық стартаптар құру, жер игерудің дәл технологиясын кеңінен қолдану, заманауи агрологистикалық алаңдарды дамыту, құзыреттер орталығын жасанды интеллектіні пайдалана отырып қалыптастыру жөнінде сөз болып отыр. Ресей әлемдегі ірі астық өндіруші және тасымалдаушы елдердің қатарына кіреді. Бұл бағытта Қазақстан да дүние жүзіндегі көшбасшылардың бірі. Осы саладағы зор әлеуетімізді ескере отырып, астықты терең өңдеудің бірлескен кластерін құру жобасын қарастыруды ұсынамыз. Бұл тек бидай мен ұн ғана емес, қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға мүмкіндік береді. Біз сыртқы нарықта бір-бірімізбен бәсекеге түспей, агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық салаға айналдырудың стратегиялық пайымын негізге алуға тиіспіз. Жалпы, Орталық Азия елдері әлеуетінің синергиясы мен Ресейдің экономикалық мүмкіндіктері көпжоспарлы серіктестігіміздің мазмұнын байыта түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент көлік-логистика секторын нығайтуды тағы бір маңызды бағыт ретінде атады.

– Еліміз үшін Ресеймен стратегиялық ықпалдастықтың маңызы зор. Географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқан Қазақстан еуразиялық көлік-логистика желісінің өзегі ретінде Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті тұрақты байланыстыра алады. Ресей – өңір мемлекеттерінің әлем нарығына шығатын негізгі қақпасы. Сондықтан Ресеймен көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипаты айрықша маңызды. Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық көлік дәлізі өтеді, яғни бес темір жол және алты автокөлік жолы. Оған Азия мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы тиесілі. Соңғы 15 жылда саланы кешенді жаңғыртуға 35 миллиард доллардан аса қаржы жұмсалды. Нәтижесінде жүк тасымалының көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Ресейден Орталық Азияға Қазақстан арқылы темір жолмен тасымалданған жүк көлемі соңғы үш жылда 26 пайыз артып, 30 миллион тоннадан асты. Бұл ретте кері бағыттағы транзит шамамен 50 пайыз ұлғайды. Сонымен қатар Ресейден Қытайға еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 3 есе артып, 5 миллион тоннаға жетті, – деді Мемлекет басшысы.