Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Темір Қырықбаев Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевқа депутаттық сауал жолдап, ұшақтардың мәселесін көтерді.
Темір Қырықбаев жолаушы тасымалдауға жарамсыз Як-40 ұшақтарын жоюды ұсынды
2,861
оқылды

Депутаттың айтуынша, Қазақстан аумағында бүгінге дейін 1981 жылы сериялық өндірісі тоқтатылған кеңестік Як-40 жолаушылар ұшағы әлі де пайдаланылып келеді. 

Қазіргі уақытта бұл әуекемелерінің жасы 44-тен 55 жасқа дейін жетіп отыр, яғни аймақтық авиацияның әлемдік паркінің орташа шекті жасынан екі есе өсті (15–20 жылдан аспау керек).

Як-40 ұшақтарының ресурсы таусылған, олар өткен ғасырдың 60-жылдары жасалған АИ-25 қозғалтқыштарымен жабдықталған, ал 1980 жылдардың соңында бұл қозғалтқыштардың өндірісі тоқтатылған. 2022 жылдан бастап «Мотор Сич» кәсіпорны қирауға ұшырады, жабдықтардың бір бөлігі демонтаждалды. Осылайша, қазіргі уақытта АИ-25 қозғалтқыштары мен оларға арналған сертификатталған қосалқы бөлшектердің өндірісі тоқтатылған, ал халықаралық жеткізілімдер мүлде жоқ.

Як-40 ұшақтары Халықаралық азаматтық авиация ұйымының  ICAO  қазіргі заманғы шу мен шығарындыларға қойылатын талаптарына сәйкес келмейді. Мұндай ұшақтарды пайдалану Еуропалық одақ аумағында 2002 жылдың 1 сәуірінен бастап тыйым салынған. 

Алайда елімізде қауіпсіздік стандарттарына сай келмейтін Як-40 әуекемелері санитарлық авиацияда, яғни пациенттерді тасымалдап жүр, бұл адам өміріне қауіп төндіреді емес пе?! 

«Қазақстан Республикасының әуекеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңының 4-бабына сәйкес негізгі мақсат – адамның өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, мемлекеттің мүдделерін қорғау және әуекемелерінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 

 ICAO  халықаралық стандарттарына сәйкес келмейтін ұшақтардың пайдаланылуын жалғастыру мемлекетіміздің халықаралық беделін, яғни әуе қауіпсіздігі қағидаттарына адалдықты жариялаған ел ретіндегі имиджін төмендетеді.

Депутат мәселені шешу үшін мынадай ұсыныс айтты:

Бірінші. Як-40 әуекемелері адам өміріне қауіп төндіруіне байланысты Қазақстан Республикасында бұл ұшақтарды одан әрі пайдалануды тоқтату. 

Екінші. Осы жылдың соңына дейін Як-40 әуекемелерін кезең-кезеңімен пайдаланудан шығару кестесін ұсыну.

Үшінші. Ескірген әуекемелерін  ICAO халықаралық стандарттарына сәйкес келетін заманауи әуекемелерімен ауыстыру бағдарламасын әзірлеп, оны бекіту.

Төртінші. Қоршаған ортаға және мемлекеттің мүдделеріне қатер төндірмейтін ұшақтармен қамтамасыз ету.