2025 жылдың 10 тамызында Абайдың туғанына 180 жыл толуына орай Семей қаласына жасаған сапарымда, есімі жергілікті университетке берілген көрнекті қазақ ойшылы Шәкәрімнің еңбектерін жақынырақ білудің мүмкіндігі туды.
Ұлт ұжданы болған ұлы ойшыл
3,852
оқылды

Осы сапар аясында Анкара әлеуметтік ғылымдар университеті мен Шәкәрім университеті арасында академиялық ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылып, сондай-ақ Шәкәрімге арналған музейді аралап, оның идеялық жолын жалғастырған қазақ ойы, мәдениеті, өнері мен әдебиетіне қатысты құнды жәдігерлермен таныстым.

Абайдың шәкірті әрі немере інісі Шәкәрім – ақын, ойшыл, тарихшы, аудармашы және сазгер ре­тінде танылған ерекше тұлға. ХХ ғасырдың басындағы жаң­ғыру, ұлттық ояну мен саяси дүр­белеңдер кезеңінде ол ар-ұждан, ең­бек пен хақиқатқа негізделген тұ­тас ой жүйесін қалыптастырды. «Үш анық» атты еңбегі мен өзге де шығармаларында «ар ілімін», ең­бек этикасын, сондай-ақ дін, ақыл және ғылым арасындағы үй­лесімділікті жүйелі түрде не­гіз­деп көрсетті. Алайда 1931 жылы Шәкәрім сот үкімінсіз атылып, оның шығармаларына 1980 жыл­дардың соңына дейін ресми түрде тыйым салынды. Бүгінде Шәкә­рім есімі университеттерге, ес­керт­кіштерге, ғылыми еңбектер мен басылымдарға арқау болып, қа­зақ руханияты мен мәде­ние­тінің іргетасын қалаған ірі ой­шыл­дар қатарында құрметпен ата­лады.

Шәкәрімнің өмір жолы мен тарихи контексті

Жастайынан Абайдың маңайына жақын жү­ріп, поэзия, музыка, философия мен тарихқа ден қоя бастаған Шә­кәрім тілге бейімдігі мен те­рең ойлау қабілетінің арқасында Шы­ғыс классиктері – Хафиз, Фи­зули, Науаи сынды шайыр­лар­дың еңбектерін, сондай-ақ Ба­тыс әдебиетінің көрнекті өкіл­дері – Пушкин мен Толстойдың шығармаларын оқып, зерделеген.

1903 жылы Ресей География қо­ға­мының Батыс Сібір бөлім­шесіне мүше болып қабылданады. Ал 1906 жылы қасиетті қажылық са­парына барып, бұл сапарында Мысыр мен Ыстанбұл қала­ла­рын­дағы кітапханаларда ғылыми ізденістер жүргізіп, шығыстық жә­не батыстық ой-ағымдармен те­реңірек танысады.

1910-1920 жылдары Шәкәрім Құдайбердіұлы ұлттық жаңғыру идеяларын алға тартқан Алаш зия­лыларымен рухани бай­ла­ныс­та болды. Ол кеңестік жүйе­нің да­лалық өмір салтын түбірімен өз­гертуге бағытталған саясат­та­ры­на сын көзбен қарап, бұл өзге­ріс­тердің ұлттық болмысқа төн­діретін қаупін терең сезінді. Осы­ған орай 1922 жылдан бастап Шың­ғыстаудың баурайына оңа­ша кетіп, шығармашылыққа ден қойып, рухани тұтастық пен ар-ождан тазалығын сақтау жолын таңдады. Алайда бұл таңдау да оны ажалдан арашалай алмады. 1931 жылы 2 қазанда ешбір сот үкі­мінсіз, әділетсіз түрде атып өл­тірілді. 

Шығармашылық мұрасындағы ізгілік

Шәкәрімнің шығармашылық мұрасы – жанрлық әрі мазмұндық тұрғыда аса бай. Лирикалық өлең­­дерімен қатар, ол «Қалқа­ман–Мамыр», «Еңлік–Кебек», «Нар­тайлақ пен Айсұлу» сынды кө­лемді поэмаларында қазақ та­ри­хы мен қоғамдық жадты көр­кемдік драма арқылы бейне­лейді. Бұл шығармаларда тарихи оқи­ғалар мен әлеуметтік қақтығыстар адам­гершілік пен махаббат, на­мыс пен әділет секілді тақы­рып­тармен үйлесім табады. Шә­кә­рім­нің музыкаға бейімділігі мен сазгерлік дарыны да оның шы­ғар­машылығында елеулі орын ала­ды. Ол жазған өлеңдеріне өзі ән шығарып, күй де тартып, поэ­зиясын музыкамен сабақтас­тыр­ған. «Қазақ айнасы» мен ше­жіре­лік жазбалары арқылы ол ха­­­лық­тың шығу тегі мен мінез-құлқын тари­хи сана негізінде талдайды. Бұл ең­бектер ұлттың болмысын ұғы­нуға бағытталған терең зер­де­леу­дің нәтижесі.

Ойшылдың философиялық дү­ниетанымының шырқау биігі – «Үш анық». Бұл еңбегінде Шә­кә­рім адамның кемел өмір сүруі­нің үш тірегін айқындайды: адал еңбек, арлы ұждан, шынайы жү­рек. Ол осы үш ұстанымды негізге ала отырып, діни ақиқат, ғылыми білім және ар-ұждандық түйсікті (ар) өзара үйлестіріп, біртұтас дү­ниетаным ұсынады. Бұл еңбегі мазмұны мен құрылымы жағынан фи­лософиялық трактатқа жа­та­ды.

«Мұсылмандық шарты» – түр­кі-қазақ әлемінде сенім (ақи­да), құқық (фиқһ) және адам­гер­шілік (ахлақ) мәселелерін қа­ра­пайым әрі түсінікті тілмен жүйе­леп жазған алғашқы діни-эти­калық еңбектердің бірі. Бұл кітап­тың саяси және әлеуметтік ық­палы жөнінде қазіргі акаде­мия­лық еңбектерде терең зерт­теулер жүргізілуде.

Абайдың көркем аударма мек­тебін жалғастыра отырып, Шә­кәрім Пушкиннің «Дубровс­кий» мен «Қар бораны» повесте­рін, Хафиз бен Физулидің ғазалдарын, сондай-ақ «Ләйлі–Мәжнүн» желісіндегі әйгілі шы­ғарманы түпнұсқаға адалдықпен, «мағынаның әдебін» сақтай оты­рып тәржімалаған. Бұл аудар­ма­лар оның орыс, парсы, араб және түрік тілдерін терең меңгергенін әрі көркем сөздің мәнін жеткі­зу­дегі биік шеберлігін көрсетеді.

Ойшылдың көзқарасында ең­бек – білім – адамгершілік үш­та­ғаны – адамның рухани кемел­денуі­нің іргетасы. Оның атақты «адал еңбек, таза ұждан, шын жү­рек» тұжырымдамасы жеке тұл­ғаның ішкі тыныштығы мен қо­ғамдық тәртіптің негізін құ­рай­тын нормативтік құндылық яд­росы ретінде бағаланады. Бұл – қазақ ой жүйесіндегі тағдыршылдыққа қар­сы, белсенді әрі жауапты тұл­ғаны тәрбиелеуге бағытталған жаңаша үндеу. 

Сондай-ақ Шәкәрімнің дү­ниетанымында Мәту­ри­ди тамыры айқын сезіледі. Ол Ханафи–Мәтуриди бағытына тән ақыл мен иманның теңгерімін сақтап, діни сенімді ақыл-оймен ұштастырады. Сенім мен ізденісті бір-бірін жоққа шығаратын емес, өзара кепілдік беретін рухани не­гіздер ретінде қарастырды.

Шәкәрім діни-ахлақтық тә­жірибе мен заманауи ғылыми ой­лау жүйелерін бір-біріне қарсы қоймай, керісінше, толық адам концепциясы аясында оларды үй­лестіруге тырысты. Ол Дарвин мен Руссо секілді батыс ойшыл­дарымен пікір алмасып, Платон мен Архимедке оң баға береді. Осы арқылы даналық пен ғылым­ның үндестігін мақсат етеді.

Сопылық қыры: Жүрек – Ар – Сезім

Шәкәрімнің дүние­таны­мын­да сопылық рух ерек­ше орын алған. Ол жүрек, ар (ұждан) және ішкі сезімді – адам бол­мысының тірегі, рухани да­му­дың өзегі ретінде қарастырды. Ойшыл үшін шынайы таным тек ақыл­мен  емес, жүрек арқылы се­зініп, армен өлшенуі тиіс. Бұл көз­қарас сопылықтағы «жүрек кө­зі­мен көру», «ішкі әлем арқылы тану» қағидаларымен үндеседі.

Шәкәрім Алланы сүюді адам­ды сүюмен қатар қойды. Оның дін туралы ұстанымы мо­раль­дық биіктікке, адамгершілік та­залыққа негізделген. «Үш анық» еңбегінде ол ар-ождан мен жү­ректің үн­дес­тігін нағыз ақи­қат­қа жетудің жолы ретінде көр­сетеді. Бұл тұжырым дінді сырт­қы рә­сім­дермен шек­темей, ішкі рухани шындықты із­деуге бағытталған сопылық дәс­түрмен сабақтас.

Шәкәрім үшін сопылық – ру­хани кемелдікке жетудің, адам болмысының тереңіне үңілудің, мән мен мағына іздеудің жолы. Ол сыртқы діншілдікке емес, жү­рек­тегі тазалыққа мән берді. Зікір мен рәсімнен гөрі мінез тәрбиесі мен ұжданның үніне ден қойды.

Шәкәрім Қожа Ахмет Ясауи ық­палы айқын аңғарылатын Ор­талық Азия тасаууфының дәс­түрі­нен нәр алған. Оның сопы­лық көзқарасында бірқатар ерек­шелік айқын көрінеді. Атап айт­қанда, зікірдің орнына – зер­делі-имани мұрақабаға (яғни, өзін бақылау мен ішкі байыптау) ба­сымдық беріледі, тарихаттағы сырт­қы рәсімдерден гөрі  мінез тәр­биесі мен жан тазалығы ал­дың­ғы орынға шығады. «Дін – ғы­лым – ар» үштағанында – жү­рек шындығы мен ұждан үні та­нымның ажырамас бөлігіне ай­налады.

Қазіргі ғылыми еңбектерде бұл көзқарас «зәһири (сыртқы) ақыл» мен «жүректегі танымды» өза­ра байланыстыра отырып, қа­зақы философиялық ойлау жүйе­сін халықаралық деңгейдегі фи­ло­софиялық диалогке жа­қын­дат­қан тұжырым ретінде бағаланады.

Шәкәрім «Ар ілімі» мен «Үш анық» секілді ұғымдар арқылы Абай­дың көбіне өлең мен афо­ризм түрінде берілген хикметті ойларын философиялық жүйелеу деңгейіне көтереді. Бұл – оның дүниетанымындағы жүйелілік пен танымдық тереңдіктің айға­ғы.

Сонымен қатар Шә­кәрім­нің «Мұсылмандық шар­ты» атты еңбегі – халыққа діни бі­лім беруге арналған, иман, ша­риғат және ахлақ мәселелерін жеңіл тілмен түсіндіретін прак­ти­ка­лық-дидактикалық құрал ре­тін­де бағаланады.

Шәкәрім – Алаш қозға­лы­сының идеяларына рухани және дү­ниетанымдық тұрғыдан жақын, ұлт­тық жаңғыру мұраттарын бө­ліс­кен қайраткер. Дегенмен ол кеңес­тік әлеуметтік инженерия сая­сатына сын көзбен қарап, дала тір­шілігінің дәстүрлі құндылық­тарын қорғауға ерекше мән берді. Оның бұл ұстанымы жаңғыру үде­рісіндегі парасатты сақтық пен адамгершілік негіздерден ай­ны­май реформалау ниетін көр­се­теді.

Шәкәрім поэзияның көркем­дігін, философияның жүйелілігін және сопылықтың тереңдігін бірік­тіре отырып, «ар-ұжданға не­гізделген жаңғыру» идеясын ұсын­ды. Оның «Үш анық» атты ең­бегінде түйінделген адал еңбек, та­за ұждан, шынайы жүрек ұс­танымдары – жеке тұлғаның ке­мел­денуі мен қоғамның тұрақ­ты­лығы үшін моральдық консти­ту­ция іспетті.

Шәкәрім шығармашы­лы­ғын­да түркі халықтарының бір­лі­гіне деген көзқарас та көрініс тапқан. Абайдан алған дана тілді жүйелеп, қазақ ойы мен руханиятын әлем­дік философиялық кеңістікке алып шықты. Саяси қуғын-сүр­гін­мен уақытша үнсіз қалса да, бү­гінгі Қазақстанда жаңа өрке­ниеттік негіздің рухани тірегіне айналып отыр.

Мұса Қазым АРЫЖАН,  

Түркия Жазушылар одағының төрағасы,

профессор