Депутат Аудиторлық палатаның деректеріне сүйене отырып, бірнеше мысалды атап көрсетті.
Бюджет қаржысы елдің тұрмысын түзеуге жұмсалуы тиіс – Мархабат Жайымбетов
2,547
оқылды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов көлік саласы бойынша бюджет қаражаты мақсатсыз әрі есепсіз жұмсалып жатқанын айтып, Премьер-Министр Олжас Бектеновке сауал жолдады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Депутат көлік саласы мен шекара бекеттеріне қатысты жобаларда артық шығындарға жол берілгенін айтып, бұл қаржы халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталуы тиіс екенін жеткізді. Осы ретте ол Аудиторлық палатаның деректеріне сүйене отырып, бірнеше мысалды атап көрсетті.

Біріншіден, «БАКАД» жобаның сметасы долларды 575 теңгеден есептеп жасалған. Ал Үкіметтің ресми бағамы  540 теңге. Осы айырмашылықтың өзі-ақ 2 миллиард теңгенің артық шығынына әкеліп отыр. Бұдан біз қаражатты ұқыпсыз жоспарлаудың көрінісін көріп отырмыз.

Екіншіден, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамына бөлінетін қаржы да күмәнді. Жыл сайын 8 миллиард теңге субсидия қарастырылған. Бірақ лизинг шарттары бекітілмеген. Құқықтық тұрғыдан да, қаржылық тәртіп тұрғысынан да құжаты жоқ жобаны қаржыландырудың қисыны жоқ. 

Үшіншіден, шекарадағы өткізу бекеттеріне 2021 жылдан бері мол қаржы бөлінді. Бірақ жұмыс әлі толық аяқталған жоқ, бюджеттен қайта-қайта қосымша қаражат сұралуда. Нәтижесінде, 8 жобаның 6-на артық шығын көлемі 26 миллиард теңгеге жеткен. Бұл дегеніміз мемлекет қаржысына жасалған салғырттықтың айғағы. Ал Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы «Қарасу» бекетіне қосымша 6,9 миллиард теңге сұралып отыр. Бірақ ол бойынша сараптама қорытындысы да, жер учаскесіне құқықтық құжаттар да жоқ. Мұндай жағдайда қаржы бөлу  ашық талан-таражға жол ашқанмен тең. Сондықтан уәкілетті органдар ең алдымен халықтың мұқтажын  газды, жарықты, жылуды қаперінде ұстауы тиіс. Бюджет қаржысы күмәнді жобаларға емес, елдің тұрмысын түзеуге бағытталғаны жөн,  деп нақтылады депутат.

Депутат «AMANAT» партиясы фракциясының атынан мынадай шаралар қабылдауды ұсынды:

  1. Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету үшін құжаттары бекітілмеген, сараптама қорытындысы мен уәкілетті министрліктің әдіснамалық негіздемесі жоқ, артық шығындарға жол берген жобаларға қаржы мен субсидия бөлуді тоқтату;
  2. Бюджеттік қаражатты бөлу кезінде негізсіз айырмашылықтарға жол бермеу үшін жауапты тұлғалардың жеке жауапкершілігін заң жүзінде күшейту;
  3. Алдымен басталған жобалардың аяқталуын қамтамасыз ету үшін оларға қажетті қаражат толық көлемде бөлініп, қаржыландырудың тұрақтылығы сақталуын қамтамасыз ету.