Қаржылық қиындықтар туындаған жағдайда қайда хабарласқан дұрыс?
Мерзімі өткен берешекті қалай реттеуге болады?
Фото: gov.kz
3,184
оқылды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заңнамаға сәйкес қарыз алушылардың банктермен, микроқаржы ұйымдарымен (МҚҰ) және коллекторлық агенттіктермен бірыңғай өзара іс-қимыл тетігінің белгіленгенін еске салады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қарыз талаптарын қалай өзгертуге болады?

Қаржылық қиындықтар туындаған жағдайда қарыз алушының міндеттемелерді орындау талаптарын өзгерту туралы жазбаша өтінішпен өз кредиторына (банк, МҚҰ немесе коллекторлық агенттік) жүгінуге құқығы бар.

Қаржылық жағдайдың нашарлағанын немесе мерзімді кешіктірудің себептерін растайтын құжаттарды өтінішке қоса беру қажет. Бұл жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама, жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату туралы, жалақы сақталмайтын демалыс беру туралы актісі немесе жақын туыстарының, қарыз алушының жұбайының (зайыбының) ауруын растайтын еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама, қарыз алушының жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) қайтыс болғаны туралы куәлік/анықтама, қарыз алушыға жазатайым оқиға, үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттері нәтижесінде материалдық залал келтірілгенін растайтын құжаттар, мүгедектік туралы анықтама, сот актілері және қарыз алушының қаржылық жағдайының нашарлау фактісін растайтын құжаттар болуы мүмкін. Қажетті құжаттардың толық тізбесі Агенттіктің сайтында қолжетімді.

Өтініш кредитордың мекенжайы бойынша жеке, сондай-ақ егер бұл шартта көзделген болса, мобильді қосымша немесе электронды пошта арқылы берілуі мүмкін. Кредитор күнтізбелік 15 күн ішінде жолданымды қарайды және шешім қабылдайды.    

Кредитордың шешімі ойыңыздан шықпаса, қайда жүгіну керек?

Егер кредитор қабылдаған шешім қарыз алушының ойынан шықпаса, онда банк не микроқаржы омбудсманына жүгінуге болады.

Банктердегі қарыздар бойынша –  bank-ombudsman.kz сайты арқылы.

Жолданымға:
• шарт пен төлемдер кестесін;
• банкке немесе коллекторлық агенттікке жүгінудің дәлелі мен олардың жауабын;
• қаржылық қиындықтарды растайтын құжаттарды қоса беру қажет.

МҚҰ қарыздары бойынша – mfombudsman.kz сайты арқылы.  

Жолданымға:
• өтінішті және сауалнаманы;
• микроқарыз шартын және өтеу кестесін;
• МҚҰ-ға жүгіну дәлелін және олардың жауабын;
• қаржылық жағдайының нашарлағанын растау құжаттарын қоса беру қажет.

Омбудсмандардың қызметі тегін. Олардың шешімдері орындалуға міндетті. Омбудсмандар қарыз алушы мен кредитор үшін өзара қолайлы шешімді табуға көмектеседі. Бұл ретте: омбудсманға өтінішті тек кредиторға ресми жүгінуден кейін және жауапты алғаннан кейін беруге болатынын есте ұстаған маңызды.

Жеке тұлғалардың банкроттығы рәсімі қалай жүргізіледі? 

Қарыз алушының берешекті өтеуге мүмкіндігі болмаған жағдайда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматтарының банкроттығы рәсімі қолданылады. 

Мына талаптар бір мезгілде сақталған жағдайда:

  • борыш сомасы 1 600 АЕК-тан асқан;
  • оны өтеу үшін кіріс жеткіліксіз болған;
  • өткізуге болатын мүлік болмаған (бірлескен мүліктегі үлесті қоса алғанда);
  • қатарынан 12 ай қарыз бойынша төлемдер жүргізілмеген;
  • қарыз алушы дара кәсіпкер болып табылмаған; 
  • соңғы 7 жыл ішінде банкроттық рәсімін өтпеген;
  • соңғы 5 жыл ішінде борышты қайта құрылымдамаған жағдайда берешек шегерілуі мүмкін.    

Рәсім тегін және оған eGov.kz порталы арқылы немесе ХҚКО-да бастамашылық жасауға болады.

Банкроттық рәсімі қарыз алушыларға заң тәртібімен берешекпен туындаған мәселелерді шешуге және өз борыш міндеттемелерін толығымен тоқтатуға мүмкіндік береді, алайда ол басталмас бұрын мынадай барлық салдарды бағалау керек: 

  • қарыз алушы 5 жыл бойы жаңа кредиттер мен қарыздарды ала алмайды;
  • қарыз алушы рәсім аяқталғаннан кейін 3 жыл ішінде қаржылық басқарумен байланысты мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда лауазымдарда жұмыс істеуге құқылы болмайды;
  • банкроттық туралы мәліметтер мемлекеттік тізілімдерде бекітіледі және одан әрі қаржылық беделге әсер етуі мүмкін.

 Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.