Халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін өзекті жайттың бірі – жол қауіпсіздігі. Өкінішке қарай елімізде бұл саладағы түйткілдер азаяр емес.
«Жүргізуші куәлігін 250 мыңға алып беретіндер көбейген»: депутат жол қауіпсіздігі мәселесін көтерді
1,322
оқылды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров «AMANAT» фракциясының депутаттары атынан осы мәселеге қатысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке депутаттық сауал жолдап, дабыл қақты. Ол Қазақстанда жол-көлік апаттарының жиілеп кеткенін атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Деректер бойынша, 2025 жылдың алғашқы жартысында елімізде 15 698 жол-көлік апаты тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 54%-ға көп. Оқиғалар салдарынан 22 346 адам жарақат алып, 1 466 адам көз жұмды.

«Жол апатының үштен бірі жүргізушілердің белгіленген жылдамдықтан асып кеткендігінен, рульде ұйықтап кету, қарсы жолаққа шығып кетуінен болады», – дейді сарапшыларға сүйенген депутат.

Саировтың айтуынша, қалааралық тасымалдауда көбіне оң рульді Toyota Alphard автокөліктері қолданылып, апатқа жиі себеп болып отыр.

«Toyota Alphard көлігі баяғыдан-ақ жаман аты шығып үлгерді. Бұл маркалы машинаның қатысуымен болатын апаттарға қатысты өлім статистикасы шектен шығып кетті. Мәселен, шілде айындағы екі күнде ғана Жамбыл мен Алматы облыстарында Alphard-тың қатысуымен екі ірі жол апаты болып, он адам қаза тауып, тағы төртеуі жарақат алды», – деп келтірді ол.

Сонымен қатар депутат жүргізуші куәлігін сатып алу проблемасына тоқталды.

«Жүргізуші куәлігін 250 мың теңгеге алуға болатындығы жөніндегі жарнама барлық қалаларға тән. «Помогайкалар» куәлікті мектепте оқымай-ақ алуға болатындығын жасырмайды. Сондықтан жүргізуші дайындайтын мектептердің жауапкершілігін арттыру, сервистердің де заң алдындағы жауапкершілігін күшейту де өте маңызды», – деді Саиров.

Депутаттың пікірінше, дамыған елдер тәжірибесін пайдалану қажет. Мәселен, АҚШ-та жүргізушілерге қойылатын талап қатаң: такси жүргізушілері медициналық және техникалық тексерістен жиі өтіп тұрады, ережені бұзса, бірден жүйеден шеттетіледі.

Осыған байланысты Ерлан Саиров бірқатар жедел шараларды қолға алуды ұсынды:

– Заң талаптары бойынша агрегаторлар жол жүру ережесін жиі бұзатын жүргізушілерді, оң рульді машиналар мен екі есікті машиналарды жолға шығармауы тиіс. Қалааралық рейс алдында жүргізушілер техникалық және медициналық бақылаудан өтуі қажет.

– Сервистер автомобильдердің техникалық жағдайы мен жүргізушілердің біліктілігін тексеріп, талапқа сай келмегендерді шектеуі тиіс. Ішкі істер министрлігі осы нормалардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

«Жолда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету майданға айналып отыр. Осы майданда заң мен тәртіп үстемдік етуі керек», – деп сөзін қорытындылады Ерлан Саиров.