Интернетке қосылу мүмкіндігі мен мобильді банкинг қосымшалары қазақстандықтардың күнделікті өмірін түбегейлі өзгертті десек қателеспейміз. Статистикалық мәліметтерге сай, елімізде интернет-банкинг қызметін белсенді пайдаланушылар саны 27 миллионнан асып кеткен көрінеді.
Төлем жасау, ақша аудару, шотты басқару, тіпті жеңілдіктер мен бонустар алу үшін енді банк бөлімшесіне барудың қажеті жоқ.
StatCounter деректеріне сүйенсек, биылғы шілдеде ғаламдық веб-трафиктің 60,5%-ын мобильді құрылғылар иеленген. Қазақстанда бұл көрсеткіш 55,3%-ға жетіп, смартфондардың күнделікті өміріміздегі рөлін айқын көрсетті. Смартфондар бүгінде жұмыс, қаржы, хобби, әлеуметтік желілер, достар мен отбасымен байланыс сияқты сан қырлы саланы біріктірген әмбебап құралға айналып отыр.
– Қазақстанда сандық әмияндар енді ғана жолға қойылып жатыр. Ал интернет-банкинг бүгінде банк бөлімшелерінің жүктемесін айтарлықтай азайтты десем қателеспеймін. Бұрын әрбір транзакция кассир мен менеджер арқылы жасалса, қазір оны үйден шықпай-ақ орындауға болады.
Сандық әмиян үрдісі COVID-19 дәуірінде ерекше серпін алды. Пандемия кезінде қолма-қол ақшасыз төлемдер, мобильді аударымдар, QR-код арқылы төлемдер халықты қиын жағдайда қалдырмай, банктердің тұрақтылығын сақтап қалуға мүмкіндік берді. Әрбір адамның смартфонында қолжетімді төлем құралдарының болуы экономикалық айналымның тоқтап қалмауына ықпал етті, – дейді қаржылық талдаушы Арман Бейсембаев.
Интернет-банкинг әрқашанда даму сатысында жүрді. Қаржы мәселесі бойынша экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаев соңғы жылдары онлайн-банкингте осындай өсімнің болуы таңғаларлық жағдай емес екенін алға тартты.
– Интернет-банкинг қолданушыларының ресми статистикадағы өсімі таңғаларлық емес. Себебі көпшілік азамат бірнеше банктен қатар есепшот ашады: мысалы, зейнетақыны Халық банкі арқылы шешсе, күнделікті сауданы Kaspi Bank-тен жүргізеді, ал кей жағдайларда Отбасы банкі де қосылады. Шын мәнінде, белсенді пайдаланушылардың нақты саны 7-8 миллион шамасында болуы мүмкін. Дегенмен бұл көрсеткіштің өзі банк жүйесінің қарқынды дамып, халықты әртүрлі қаржылық сервистерге жүгінуге мәжбүрлеп отырғанын аңғартады, – дейді Сапарбай Жобаев.
Мобильді төлемдер бойынша Ranking.kz деректеріне сүйенсек, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда олардың саны 12,4%-ға өскендігін көрсетеді. Енді екінші деңгейлі банктер мен басқа да қаржы институттарының ең танымал мобильді қосымшаларын бір шолып өтейік.
Google Play-дегі «Қаржы» санатындағы ең танымал мобильді қосымша – Kaspi.kz Super App. Kaspi банкінің бұл мобильді қосымшасы ұзақ уақыт бойы тұрақты түрде бірінші орынды иеленіп келеді. Екінші орын Халық банкінің Halyk Kazakhstan мобильді қосымшасына бұйырды. Үздік үштікті Отбасы Банкінің қосымшасы түйіндеді. App Store рейтингі де алдыңғыға ұқсас. Өйткені Apple пайдаланушылары арасында да Kaspi ең танымал мобильді қосымша болып отыр. Екінші орында – Halyk Kazakhstan, үшінші орын Otbasy Bank қосымшасына бұйырды.
Пайда таптым дегенше, «Бонус» таптым десейші
Мобильді қосымшамен қатар көптеген банктер клиент тарту және оларды ұстап қалу үшін бонустық бағдарламаларын қолданысқа енгізді. Мұндай бағдарламаларға кешбэк, жинақталатын ұпайлар, серіктес дүкендердегі жеңілдіктер жатады. Мысалы, мобильді қосымшада белгілі бір төлем жасаған тұтынушы ұпай жинап, кейін оны тауар немесе қызметке жұмсай алады. Бүгінде банктер арасында әр сатып алудан пайыздық кешбэк қайтару құралы кең таралған.
Дегенмен мұндай бонустармен табыс табуды әдетке айналдырмаған жөн. Қаржылық талдаушы Арман Бейсембаевтың сөзінше, бұл жай ғана маркетингтік қадам ғана.
– Банктердің бонустық бағдарламалары маркетингтік құрал екенін ұмытпауымыз керек. Клиенттерге белгілі бір сома «қайтарылып жатқандай» әсер қалдырғанымен, мұны табыстың нақты өсуі деп қабылдау – қате тұжырым.
Мысалы, Kaspi Bank кезінде кеңауқымды және тартымды бонустық жүйе ұсынды. Алайда уақыт өте келе бағдарлама қысқартылып, бүгінде тек жекелеген акциялар аясында ғана сақталды. Бұл банктің белгілі бір деңгейге жетіп, тұтынушыларды өз өнімдеріне «үйреткеннен» кейін артық шығынды азайтуға көшкенін көрсетеді.
Мұндай тәсілдің логикасы қарапайым: жаңа дүкен ашылғанда алғашқы кезеңде жеңілдіктер көп болады, ал бренд танымалдыққа ие болған соң, акциялар қысқарады. Kaspi енгізген бонустық мәдениетті кейін басқа банктер де қолдана бастады, – дейді сарапшы.
Қолма-қол ақшаның дәуірі өтті ме?
Қазақстанда жалпы карточкалық айналымдағы қолма-қол ақшасыз операциялардың үлесі 98,3%-ды, қолма-қол ақшасыз жұмсалған қаражаттың үлесі 87%-ды құрады. Осылайша, Қазақстанда қаражатты жұмсаудың қолма-қол ақшасыз әдістері орасан зор маржамен басым түсті.
Қолма-қол ақшасыз төлем секторында қаражаттың ең көп көлемі, яғни барлық қолма-қол ақшасыз транзакциялардың 80,1%-ы дәстүрлі түрде онлайн және ұялы телефон арқылы аударылған (және карточкалық операциялардың жалпы көлемінің 70%-ға жуығы). Ақшалай операциялардың ауқымды бөлігінің мобильді және онлайн-банкинг арқылы жүргізілуі интернеттің дамуы мен қаржы жүйесінің цифрлануына айтарлықтай үлес қосып отыр.
Қаржылық талдаушы Арман Бейсембаевтың пікірінше, қолма-қол ақшаларды онлайн төлем жүйелерінің ығыстыруы уақыттың еншісіндегі дүние. Алдағы жылдары әр адам осындай үрдіске дайын болуы керек екенін атап өтті.
– Болашақта цифрлық ақша дәстүрлі төлем жүйесін біртіндеп ығыстырады. Адамзат тарихына көз жүгіртсек, бұл «ақшаның» алғашқы трансформациясы емес. Басында адамдар бартермен теріні, астықты, құралды айырбастаса, кейін теңге рөлін түрлі заттар, яғни тастар, қабыршақтар, жануар терілері атқарды. Уақыт өте тиімді жол іздеген қоғам алтынға көшті. Алтынның сирек кездесуі, ұзақ сақталуы және әмбебаптығы оны басты айырбас құралына айналдырды. Кейін алтын монеталардың орнын қағаз ақша басты, себебі оны сақтау да, алып жүру де жеңіл болатын.
Интернет технологиялары дамығаннан кейін қолма-қол емес төлемдер кең тарады. Бұл әлі цифрлық ақша емес, тек қолма-қолдың баламасы еді. Ал блокчейннің пайда болуы жаңа кезеңді бастады.
Бүгінде халықтың басым бөлігі қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға бейімделіп алды. Көптеген адам банкнотты қолына қашан ұстағанын да есіне түсіре алмайды. Әсіресе, COVID-19 кезінде онлайн төлемдер негізгі құралға айналып, дәстүрлі банктік бөлімшелердің маңызы төмендеді, – дейді А.Бейсембаев.
P.S. Дегенмен цифрлық қаржы жүйесінің артықшылықтары көп болғанымен, белгілі бір тәуекелдер де бар екенін естен шығармауымыз керек. Мәселен, интернет әп-сәтте істен шықса, халықтың жаппай банкоматтарға жүгініп, қолма-қол ақша іздеп кетуі ғажап емес. Бұл жағдай цифрлық қаржының сенімділігі мен ыңғайлылығын айқындай түскенімен, оның осал тұстары да бар екенін көрсетеді.
Сіз қалай ойлайсыз, күнделікті өмірде мобильді банкингті қолданған жөн бе әлде қолма-қол ақша ұстаған ыңғайлы ма?
Әсет ҚАЛИ