Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек аптаның әр сәрсенбісінде Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, үшінші мегаполистегі атқарылған жұмыстар мен жетістіктер, жаңалықтар, алдағы жоба-жоспарлар жөнінде хабарлама жасап, тілшілер тарапынан түскен сауалдарға жауап береді.
Агроөнеркәсіп – тұрақты дамудың тірегі
2,015
оқылды

Салада инвестициялық жоба көп

Кезекті брифингте Сәрсен Абай­ұлы Шымкент қала­сын­­дағы аг­роөнеркәсіп кешені бойынша ай­тарлықтай өсім көр­се­тіп отыр­ғанын жеткізді. 2025 жыл­ғы қаңтар-шілде аралығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 29,2 млрд теңгені құрап, былтырғы сәй­кес кезеңімен салыстырғанда 6,9 пайызға артқан. Бұл көрсет­кіш­тің негізгі үлесі мал шаруа­шы­лы­ғына тиесілі – 23,1 млрд теңге.

Салада өнімділікті арттыру мақ­­сатында шаруаларға айтар­лық­тай мемлекеттік қолдау көрсетіліп жат­қанын атап өтті.  Жыл басынан бе­рі асылтұқымды мал шаруа­шы­лы­ғын дамытуға арналған суб­си­дия­лар бойынша 16 тауар өндіру­шіге 479 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Нәтижесінде, сүт өндірісі 4,8 пайызға өсіп, 13,2 мың тон­на­дан асса, құс жұмыртқасы 18,3 пайыз­ға көбейіп, 4,5 млн данаға жет­­­ті. Қаладағы мал басы да тұрақ­ты артып келеді, жылқы саны 3,7 пайызға өсіп, 20,8 мыңға жетсе, құс саны 14 пайызға артып, 1,2 млн бас­қа тіркелді.

«Егін шаруашылығында да оң нә­тижелер бар. Биыл 23 мың гек­тар алқапқа дақылдар егілді. Қо­лайсыз ауа райына қарамастан, ша­руалар 66 мың тоннаға жуық өнім жинап алды. Сондай-ақ қала­дағы 100 гектар жылыжай кешен­де­рінен жылына 15 мың тоннаға жуық көкөніс өндіріледі. Биыл жергілікті бюджеттен өсімдік шаруа­шылығына 863 млн теңге, мал шаруашылығына 1,1 млрд тең­ге қаржы бөлінді», – деп атап өтті қа­ла әкімінің орынбасары.

Брифингте инвестициялық жо­балар барысында да айтар­лық­тай көрсеткіш бар екені айтылды. Қа­лада қуаттылығы жылына 8,5 мың тонна болатын екі тауарлы сүт фер­масы мен көкөніс сақтау қой­ма­лары салынып жатыр. Сонымен қа­тар жылына 50 мың тоннаға дейін шұжық өндіретін ет өңдеу зауыт­тары іске қосылмақ. Түркия мен Польша компаниялары жалпы аумағы 800 гектарды қамтитын за­манауи жылыжай жобаларын қол­ға алған.

Ветеринария саласында да жүйелі жұмыстар жүрг­і­зілу­­де. Жануарларды аса қауіпті ау­­­ру­ларға қарсы вакцинациялау жал­­ғасуда. Қызмет процестері элек­­трон­ды жүйелер арқылы цифр­лан­дырылып, малды бірдейл­ендіру мен ветеринариялық анық­та­ма­лар­ды беру автоматтандырылған. Ве­­теринар мамандар жаңа ав­то­көліктермен, қажетті құрал-жаб­дық­тармен қамтамасыз етіліп, жа­­лақылары кезең-кезеңімен өсі­­­рілуде. Сонымен қатар 2026–2027 жылдары 6 ветеринариялық бе­кет салу жоспарланған. Жалпы ал­ғанда, Шымкенттің агроө­нер­кә­сіп кешені өндіріс көлемін ұл­ғай­тып қана қоймай, жаңа жобаларды іс­ке асырып, халықты сапалы өнім­­мен қамтамасыз ету бағытын­да тұрақты дамып келеді. 

Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 333 грант берілген

Шымкент қаласы әкімінің орын­­­басары Сәрсен Құранбек БАҚ өкілдерімен кездесу бары­сын­да қаладағы әлеуметтік сала­да­ғы жұмыстарды да тізбектеп өтті. Бүгінде әлеуметтік санаттағы тұр­ғын­дарды қолдау мақсатында 333 аза­матқа 400 айлық есептік көр­сет­кішке дейінгі қайтарымсыз мем­ле­кеттік грант берілген. Биылғы екі лек бойынша өткізілген кон­курс­қа барлығы 1 756 өтініш түсіп, оның ішінде 336 үміткердің жо­ба­сы мақұлданып, 333-іне қаржы ау­дарылған. Екі адамның есеп­шот­тары бұғатталуына байланысты гранттан бас тартылған.

«Бірінші лекте 134 адам (65 же­ке кәсіпкер, 69 жұмыссыз), екінші лек­те 199 адам (101 жеке кәсіпкер, 98 жұмыссыз) қолдау тапты. Ко­мис­сия отырыстары 25 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында өтті. Грант иегерлерінің қатарында көпбалалы от­басылар – 192, мүгедектігі бар аза­­­маттар – 51, мүгедектігі бар ба­ланы тәрбиелеп отырғандар – 59, асыраушысынан айырылғандар – 22, атаулы әлеуметтік көмек алу­шы­лар – 9 адам бар. Жобалар не­гі­зінен қызмет көрсету (151), өн­ді­ріс (53), кондитерлік және нан өнім­дері (37), тігін (35), жартылай дайын өнімдер (24), мал және құс шаруашылығы (12), жиһаз өндірісі (4), сондай-ақ фаст-фуд, ыстық та­ғам, кофе сияқты басқа бағыттар (17) бойынша іске асырылуда», – деп атап өтті Сәрсен Абайұлы. 

Мемлекеттік гранттар азамат­тар­дың жеке кәсіп ашуына, табы­сын арттыруына және жаңа жұмыс орындарын құруына жол ашпақ. Қаржы қайтарымсыз болғанымен, оның мақсатты жұмсалуын Еңбек мобильділігі орталығы жанынан құрылған мониторинг тобы қада­ғалайды. Мақсатсыз пайдаланыл­ған жағдайда қаражат мемлекетке қайтарылуға тиіс.

Жаңа жұмысқа мүмкіндіктер артты

2025 жылдың қаңтар–шілде айларының қорытындысы бойын­ша, Шымкент қаласында өнеркә­сіп кәсіпорындары 812,6 млрд тең­генің өнімін өндірген. Бұл был­тырғымен салыстырғанда 15,8 пайызға артық. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінің үлесі жалпы көлемнің 89 пайызын құрап, 724,2 млрд теңгеге жетті. Қала өсім қарқыны бойынша республикада алғашқы үштікке енді. Әсіресе, химия өнеркәсібі – 2,5 есе, машина жасау – 2 есе, сусын өндірісі – 81,2%-ға артқан. 

Қалада бүгінде жалпы аумағы 1 276 гектарды қамтитын жеті индустриялық аймақ бар. Мұнда 446 жоба жүзеге асырылып, құны 685,9 млрд теңгеге жеткен. Соның нәтижесінде, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. «Оң­түс­тік», «Тассай», «Жұлдыз», «Бо­за­рық» және арнайы эконо­ми­ка­лық аймақтарда ірі зауыттар іске қо­сылып, жаңа инвестициялар тар­­­­­тылып жатыр. Мәселен, QazAlPack зауыты алюминий қапта­ма­ла­рын шығарып, 30 млрд теңгелік жо­ба аясында 112 адамды жұ­мыс­пен қамтыды. Ал ZeineP ком­па­ниясы медициналық бұйымдар өн­дірісін жолға қойып, 80 жаңа жұ­мыс орнын ашты. Жалпы, 2025 жыл­дың жеті айында қала эко­но­микасына 425,4 млрд теңге ин­вес­ти­ция тартылды. Оның 314,9 млрд тең­гесі – жеке қаржы.

«Енді алдағы бес жылға жоспар да ауқымды. 2025–2030 жылдары 4,9 трлн теңгенің 211 жобасы іске асып, 26 мыңнан астам жаңа жұ­мыс орны ашылады. Тек биылдың өзін­де 65,7 млрд теңгенің 22 жо­ба­сы жүзеге асып, 1 200-ден астам жұ­мыс орны пайда болады. Жаңа зауыт­тар газобетон, құрылыс ма­те­­­риалдары, қағаз және тұрмыстық бұйымдар шығарумен айна­лы­са­ды», – деді қала әкімдігінің рес­ми өкі­лі журналистерге берген сұх­ба­тында.  

Шымкенттің индустрия­лық аймақтары алдағы уақытта да кеңейіп, металлургия, мұнай-химия, тамақ және құ­ры­лыс саласында жаңа кәсіпорындар бой көтеремек. Бұл бастамалар қа­ла эко­номикасын нығайтып қа­на қой­май, мыңдаған жаңа жұмыс орын­дарын ашуға және Шымкент­тің инвестициялық тартымдылы­ғын арттыруға жол ашады.

Сонымен қатар биыл Шым­кент қа­ласына келетін туристер саны да арт­қан. Жыл басынан бері 243 мың­ға жуық турист келсе, оның ба­сым бөлігі – ішкі туристер. Ал 15,5 мыңнан астамы шетелдік қо­­нақ­тар. Сәйкесінше, қаладағы ор­наластыру орындарының саны 159-ға жетіп, төсек-орын қоры 34 пайыз­ға артқан. Қызмет көрсету көлемі былтырғымен салыс­тыр­ған­да 20 пайызға өсіп, 6,3 млрд тең­геден асты. Туризмді дамытуға ба­­ғытталған ірі инвестициялық жо­­балар жүзеге асып, соңғы бір жыл­да 7 жаңа қонақүй ашылып, та­ғы төртеуі жыл соңына дейін пай­далануға берілмек. Жалпы, 14,5 млрд теңге инвестиция тар­тылып, 240 тұрақты жұмыс орны құ­рылуда. Бұған қоса, «халық­ара­лық деңгейдегі Hilton қонақүйінің құрылысы басталып, 2026 жылы ашы­лады» деп жоспарлануда. Та­биғи аймақтарды тиімді пайдалану мақ­сатында Omir Shymkent глэм­пинг жобасы қолға алынды.

Брифингте туристік инфра­құры­лымды жақсарту үшін 17 ба­ғыт бойынша маршруттар қызмет көр­сетіп жатқаны да сөз болды. Со­нымен бірге Шымкенттен Сиань, Будапешт, Мюнхен, Шан­хай, Каир, Сеул, Үрімші және Баку қалаларына жаңа әуерейстері ашыл­ған. Қалада туристерге қо­лай­лы жағдай жасау үшін Visit-shymkent.com порталы, QR-кодтар мен 2ГИС жүйесіне енгізілген ны­сандар да қолжетімді. Жыл сайынғы гастрономиялық, көше та­ғамдары фестивальдері мен dronе-show секілді имидждік іс-ша­ралар Шымкентті туристер үшін тартымды ете түсуде. Бұған қо­са, этноауылды жаңғырту, гаст­роно­мия­лық аллея ашу жә­не Ба­дам су қоймасы ау­­мағын ту­ристік дес­­ти­на­ция­ға ай­нал­­дыру жұмыс­тары жоспарланып отыр.

Қаланың креа­тивті индус­т­рия­сы да қарқын алып ке­ле­ді. 2025 жы­лы ашыл­­ған Shymkent Creative HUB ор­та­лығы шығар­ма­шылық жас­тардың алаңына ай­на­лып, түрлі мас­тер-класс пен семинарға жол аш­ты. Бү­гін­де қалада 2 мың­нан астам креа­тивті кәсіпкер тір­келген, ал салаға қо­лдау көрсету үшін арнайы ас­социация жұмыс істейді.

Сыртқы байланыстар бағы­тында да ілгерілеушілік бар. Жыл басынан бері 26 дип­ло­матиялық кездесу өткізіліп, Фран­ция, Қы­тай, Қырғызстан және Болгария­мен жаңа серік­тес­тік жобаларға қол қойылды. Парижде «Шымкент күндері» ұйымдас­тыры­лып, Плов­див қаласымен бауыр­ластық бай­ланыс орна­тыл­ды. Осылайша, Шым­кент туризмді дамыту, халық­аралық ынтымақ­тастықты нығайту және креативті индустрияны өр­кендету арқылы өзі­нің мәдени, экономикалық жә­не инвести­ция­лық әлеуетін арт­тырып келеді.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы