Бүгінде табиғи апаттан жадап-жүдеген ауылдың тамырына қан жүгіріп, ауқымды жаңару жұмыстары жүзеге асқан. Партияның Жол картасы аясында медициналық пункт бой көтеріп, заманауи мектеп салынып жатыр. Сондай-ақ елді мекенге газ тартылып, ауызсу мен электр жарығы да жеткізілген. Мәжіліс депутаты жаңарған ауылдың тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп, жоғары баға берді.
«Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл халқын, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсетуінің нақты нәтижесі. Президенттің қамқорлығы мен тапсырмаларының арқасында Нұра ауылы жаңа деңгейге көтеріліп, тұрғындардың өмір сүру жағдайы жақсарғаны қуантады. Бүгінде Нұра – жаңарған, болашағы нық ауыл!» – деді депутат.
Жұлдыз Сүлейменова былтыр да су тасқыны болған Ырғыз ауданына арнайы келген болатын. Ол кезде Нұра ауылына баратын жолды су шайып, діттеген жерге жете алмады. Дегенмен эвакуациялық пункттегі тасқыннан зардап шеккен нұралықтардың жағдайын біліп, қиындығын бөліскен еді. Халық қалаулысы бұл жолы ауылға арнайы ат басын бұрып, жаңарған ауылдың келбетіне куә болды.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Нұра ауылында салынып жатқан білім ордасы мен медициналық пунктті аралап, халықпен кездесті. Кейін қоғамдық қабылдау жүргізіп, тұрғындардың өтініш-тілегін тыңдады. Депутаттың іссапары аудан орталығы – Ырғыз ауылында жалғасты.
Е.ЕЛТАЙ