Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сюзанн Кларк экономикалық жобаларды жүзеге асыру мәселесін талқылады

Қазақстан АҚШ Үкіметімен және іскерлік орта өкілдерімен тиімді ықпалдастық орнатуға бейіл.

Мемлекет басшысы АҚШ Сауда палатасының президенті және бас атқарушы директоры Сюзанн Кларкты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Әңгімелесу барысында екіжақты тауар айналымын ұлғайту мақсатында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жолға қою мәселелері талқыланды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Қазақстанда жүргізілген жоғары деңгейдегі америкалық сауда-инвестициялық миссиясының қорытындысын құптап, еліміз Құрама Штаттардың Орталық Азиядағы негізгі серіктесі саналатынын атап өтті. Қазақстан АҚШ Үкіметімен және іскерлік орта өкілдерімен тиімді ықпалдастық орнатуға бейіл. 

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен өткен бүгінгі әңгімелесудің, сондай-ақ Сауда министрі Говард Латникпен, бірқатар америкалық ірі компаниялар басшыларымен кездесудің мазмұнын жоғары бағалады. 

АҚШ Сауда палатасының жетекшісі экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтудің айтарлықтай әлеуеті бар екенін растады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сюзанн Кларк экономиканың түрлі секторында бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасын қарастырды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.