Қазіргі заманда дербес деректерді қорғау – ұлттық қауіпсіздік мәселесіне ай­налды.
Қорғалуы керек – дербес дерек
коллаж: Елдар ҚАБА
2,957
оқылды

Киберқауіпсіздік мәселелері де мемлекеттік және жеке ұйым­дар үшін бірінші орынға шықты. Осы аптада Мемлекет басшысының бұл проб­лемаларды Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында бөлек қарауға шы­ғаруы бекер емес. Президент қазақстандықтардың дербес деректерінің сырт­қа ағып кетуі үшін жауапкершілікті күшейтуді жүктеді. 

Ел толық цифрлық мемлекетке айналады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интел­лект дәуі­рін­дегі Қазақстан: өзекті мәселе­лер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы ше­шу» атты Жол­­дауында Қазақ­стан­да жаппай цифрландыру және ЖИ-ді барын­ша енгізу қол­ға алынатынын жа­рия­­лады. 

– Үкімет экономиканың бар­­лық саласын жаң­ғырту үшін жап­­пай жасанды интеллектіні ен­гізу қа­жет. Қазақстанды бә­се­кеге қа­бі­лет­ті ел ретінде дамы­та­мыз десек, жұ­мысымызды жаңа­ша тәсіл­мен жүр­гізуіміз ке­рек. ЖИ-ді жаппай ен­гізу және жаппай цифрландыру елі­міздің бар­лық саладағы әлеуетін есе­леп арт­тырады. Біздің стра­те­гия­лық бағ­­дарымыздың ең басты қы­ры осы болуға тиіс! – деп қадап айт­ты. 

Сондықтан азаматтардың дер­бес деректері мен жеке құпияларын қор­ғау мемлекет үшін стратегия­лық маңызға ие міндетке айналды. Қ.Тоқаевтың Қауіпсіздік Кеңе­сі­нің жиынын киберқауіпсіздікті қам­тамасыз етуге арнауының мәні де осында. Мемлекет басшысы жуыр­дағы Жолдауында Қазақ­стан­ды толық цифрлық мем­лекет­ке айналдыруды көздейтін міндет жүк­тегеніне назар аудартты. Бұл үшін кешенді шара қабылдау, со­ның ішінде киберқауіпсіздік са­ла­сында да ауқымды жұмыс атқару қа­жет.

Жиын барысында қазіргі за­манғы киберқатерлер мен оған қар­сы іс-қимыл әдістері, аса маңыз­ды ақпараттық инфра­құры­лымды қорғау, киберқауіпсіздік ин­дустриясын дамыту және кадр даяр­лау жүйесін жетілдіру мә­се­лелері талқыланды. Президент ки­берқылмыспен, соның ішінде ки­бералаяқтықпен күрестің маңы­зына тоқталды. Сонымен қатар ки­берқылмыстарды тергеуге қа­тысатын мемлекеттік органдардың құзыреті арттырылатын болды. Бұдан бөлек, Тоқаев азаматтардың жеке деректерін қорғауды және дер­бес мәліметтерді таратқаны үшін берілетін жазаны күшейтуді басты міндет деп бекітті. Сондай-ақ киберортадағы қауіпсіздік пен жауапты әрекет қағидаттарын ха­лыққа кеңінен түсіндіріп, алдын алу жұмыстарын күшейту қажет. 

Президенттің тапсырмасы күн сайын өзекті бола түседі. OpenAI бас­шысы, ChatGPT озық нейро­же­лісін жасаушының бірі Сэм Альт­манның пікірінше, ЖИ сіздің өміріңіз туралы егжей-тегжейлі бі­леді, әр хатыңыз бен хабарла­маңыз­ды оқиды, әрбір тілдесуіңізді күн сайын тыңдайды және оның бә­рін әрдайым есте сақтайды, ұмыт­пайды. Жасанды интеллект әр адамның, тіпті ешкімге айт­па­ған ойын ұғады. Мысалы, егер аза­мат ешкімге, жұбайына да біл­дірмей, қандай да бір көлік түрінің не­месе қандай да бір қаладағы бас­пананың бағасы туралы ин­тер­неттен ақпарат іздесе, автосалонға не жылжымайтын мүлік агентігіне хабарласса, ЖИ ол адамның көлік не баспана сатып алғысы келетінін түсіне қояды. Тиісті құжаттарға элект­ронды қол қойса, сол құжат­тар­ға қол жеткізуі мүмкін. 

Құрылымдар қорғауға қауқарлы ма?

Ал егер осындай ақпараттар ЖИ арқылы қылмыскерлердің, алаяқ­тардың қолына түссе ше? Он­да қаскөйлер әлгі азаматтың қо­лында, үйінде қомақты қаражат ба­рын түсінеді және қарау ниетін жү­зеге асыруы мүмкін. Альтман мыр­­за жасанды интеллектпен енді же­ке кеңістік, оңашалану, жеке құ­пияны қорғау сияқты концеп­туал­ды құндылықтар тоз-тоз бола­тынын ескертті.  

Мысалы, кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі атаулы әлеу­меттік көмекті (АӘК) проактивті түрде та­ғайындау кезінде жасанды ин­теллектіні қолданатынын жария­ла­ды. Ендеше әлеуметтік осал топтарға жататын және мүмкіндігі шектеулі миллиондаған адамның дербес деректеріне сыртқа ағып кету қаупі төнуі мүмкін. 

– Біз ЖИ-ді Random Forest Classifier моделінің көмегімен «оқы­тып» жатырмыз. Бұл – жәрде­мақы тағайындау кезінде шешім қабылдауға әсер ететін көптеген факторды біріктіру арқылы не­ғұр­лым дәл және тұрақты нәтиже алу­ға мүмкіндік береді. АӘК алуға құқығы бар адамдар автоматты түрде анықталады. Қазір модель кешенді валидациядан өтті, дәлдік дең­гейі 90%-дан асты, бұл оның ен­гізуге дайын екенін көрсетеді, – дейді Еңбек вице-министрі Олжас Анафин.

Технология пилоттық режимде іске қосылады. Алғашқы кезеңде ЖИ қабылдаған шешімдер әкім­дік­тер үшін тек ұсынымдық сипат­та болады. Кейіннен ЖИ шешім қабылдаудың бір өлшемшартына айналмақ. Яғни, әлеуметтік көмек алушы кедей отбасылардың әрбір мүшесінің фотосы, дербес дерек­тері, аз қамтылғандардың үйін ара­лайтын комиссиялар түсірген фото мен видеоматериалдар, отба­сының әл-ауқат деңгейі мен тұр­мыс жағдайларына қатысты мә­лі­меттер және басқасы ЖИ-ге қол­­­­­жетімді болады. Енді осы мол ақ­паратты қызғыштай қорғау – Еңбекминінің басты бір міндеті болуға тиіс.

– Бүгінде бұл жүйедегі ең осал буын, өкінішке қарай операторлар. Құқық бұзушылықтарды тергеу көрсеткендей, жеке ұйым мен ком­­пания қызметкерлері өз клиент­­терінің дербес дерегіне қол жеткізіп, оны белгілі бір сыйақыға сатады, – деді Б.Біржанов. Осы ар­қылы ІІМ өкілі қазақстандық­тар­дың дербес деректері ақшаға заң­сыз сатылатынын растады. Бұл қыл­мыс үшін кімдердің жаза­лан­ғанын полиция қызметкері жур­налистерге нақтылап жатпады.  

Бұл тұрғыда қазақстан­дық­тар­дың талануы жалғасты. 2025 жыл­ғы маусымда ашық дереккөздерге Қазақстан тұрғындарының дербес деректерінің 16,3 миллион жазба­сы­ның ағып кеткені әшкере бол­ды. Соның салдарынан, қазақ­стан­­дықтардың аты-жөні, жы­ны­сы, туған күні, ЖСН-ы, тұр­­­ғылықты ме­кенжайы, кіммен бірге тұра­тыны, жеке ұялы телефонының, үй және жұмыс телефонының нө­мірлері, азаматтығы, ұлты және бас­қа да мәліметтері жаһанға жа­рия болды. 

Бас прокуратура қылмыстық іс қоз­ғады. Бірақ болары болды, боя­уы сіңді. Шілде айында Премьер-Ми­нистр Олжас Бектенов алдын ала ақпарат бойынша дербес де­ректердің медициналық ұйым­дар­дан қолды болғанын мәлімдеді. Осын­дай ақпаратты пайдаланып, алаяқ­тар азаматтар сыртынан он­лайн несие рәсімдейді, банктік шо­тын, жинағын қотарып алады, шан­таж жасап, түрлі қылмысқа итермелейді. 

Жасанды интеллект және цифрлық даму министр­лігі­нің Ақпараттық қауіпсіздік ко­митеті төрағасының орын­ба­сары Үмітжан Арықбекованың ай­туынша, «Электронды Үкі­мет­тің» орнықтылығын арттыру үшін жаңа қорғаныс құралдары енгізіліп жатыр, ақпараттық жүйелерді даму кезеңдерінің барлық сатысында қор­ғау қарастырылған. Жалпы, киберқауіпсіздік деген енді тек не­гізгі цифрлық инфрақұрылымды қор­ғау ғана емес, сонымен бірге мем­лекеттік егемендікті нығай­ту­дың құралына айналды.

– Қазақстан көрші елдермен CERT-орталықтар желісі арқылы бел­сенді ынтымақтастық орнатты. Бір мезгілде БҰҰ мен ЕҚЫҰ жоба­ла­рына қатысып жатырмыз. Мы­са­лы, былтыр ЕҚЫҰ аясында ха­лықаралық осалдық жөнінде ақ­парат алмасуға арналған цифр­лық платформа жөніндегі келісімге қол қойылды. Халық­ара­лық ұйымдар жұмысымыздың тиім­ділігін растайды: БҰҰ рей­тин­гі бойынша Қазақстан халық­ара­лық стандарттың 90%-дан астамын орын­дап отырған мемлекеттер қа­тарында, – деді Ү.Арықбекова.

Гигиена – сіздің қалқаныңыз

Қар­жы нарығын реттеу және да­мыту агенттігі дербес дерек­тер­дің тарап кетуі жиі кездесетінін жа­­сыр­мады. Заңсыз пайда көзін табу­­дың жаңа тәсілдерін ойлап табу­дан жалықпайтын алаяқтар дер­­бес деректердің жаңа легін қол­ға түсіруге бар күшін салады, сол үшін жақсы төлейді. 

«Шындап келгенде, ғалам­тор­да сізге және әмияныңызға ай­тар­лықтай залал келтіретін деректер әлі де жеткіліксіз. Алайда қыл­мыс­керлер сізді жаңылыс­тырып, шот пен банк картасына қатысты өзіне жетпей тұрған мәліметтерді сізден суыртпақтап, өз еркіңізбен беруге мәжбүрлей алатын әлеуметтік ин­женерия әдістерін қолданады. Бұ­ған оларға желіде тараған дербес де­ректер көмектеседі. Әлбетте, сіз­ді аты-жөніңізбен толық атап, ту­ған жылыңыз бен жеке куәлі­гіңіз­дің нөмірін дәл айтып тұрса, ха­барласқан адамға деген сенім ерік­сіз арта түспек. Бұған қоса, алаяқ­тар өзін банк қызметкері ре­тінде таныстырады. Қандай да бір мәліметті растау не нақтылау тура­лы мұндай диалогты дереу тоқ­тат­қан дұрыс, – деп кеңес берді агент­тік.

Алайда алаяқтар басқа да тә­сіл­дерді қолданады. Егер қас­көй­лер кем дегенде картаңыздың нө­мі­рін немесе электрондық пош­­­таңызды білсе, олар: «Сіздің нөмірі мы­на­дай картаңызға өтемақы тиесілі. Сілтеме бойынша өтіңіз және оны алу үшін смс-хабарламамен келген код­ты енгізіңіз» деген хабарлама жі­беруі мүмкін. Сол айтқанды жа­са­саңыз, қылмыскерлерге жина­ғыңызға қол жеткізуге мүмкіндік бер­діңіз. 

«Статистика паш еткендей, банк карталарына қатысты алаяқ­тық фактілерінің 95%-дан астамы пайдаланушылардың өзі қаскү­нем­дерге жетіспей тұрған ақпарат­ты: смс-пен банктен келетін кодтарды, банк картасының CVV-кодтарын және қолданыс мерзі­мін, жеке кабинеттің паролін ай­тып беруінен кейін жүзеге асы­­­рылған. Есіңізде болсын, егер клиент құпия ақпаратты алаяқтарға өзі берсе не­месе оның көмегімен үшінші тұл­ғалар басқа адамдардың шот­та­рына заңсыз ақша аударса, банктер шығындарды өтемейді», – деп ескертті қаржылық реттеуші.

2025 жылдың қаңтар-шілде ай­ларында Қазақстанда дербес дерек­терге және жеке өмірге қол сұғуға қатысты 58 қылмыстық іс қозғалды. Бұл 2024 жылғы ұқсас мер­зімдегіден 18,4% көп. Өңірлер ара­сында мұндай қылмыстар Ал­ма­тыда жиі жасалады: биыл 19 дерек тіркелді, былтыр 12 болған, өсім 58,3%. Екінші орынға Астана (10) шықты, үштікті Шымкент (6) тұйықтады. Бірақ бұл қылмыстық іс қозғауға дейін жеткені ғана. Қаншама адам дербес деректерінің алаяқтарға олжа болғанын білсе де, өкінумен шектеледі, сергелдең­ге салады деп қаймығып, полиция­ға жүгінбейді. 

Мұның сыртында сотқа дейін жететін қылмыс­тық істер тіпті аз: жыл басынан бері судьялар дербес деректердің ұрлануына қатысты 22 істі қараған. Салыстырғанда, 2024 жылғы 7 айда 61 іс сотқа жеткен еді. Соның өзін­де жауаптылар айыппұлмен ғана құтылады. Сот үкімімен 21 адам әкімшілік жазаға тартылды. Олар жалпы саны 7,8 млн теңге айыппұл арқалады, әрқайсысына шаққанда 371 мың теңгеден келеді. Сарапшылар дербес деректерді сатудан алақол адамдардың бұдан бірнеше есе көп табыс табатынын еске салады. Бұл ретте соттар сал­ған айыппұлдың небәрі 37,7%-ы немесе 2,9 миллионы ғана өндіріл­ген. Сондықтан жаппай цифрлан­дыру және ЖИ-ді барлық жерде енгізуден бұрын шенеуніктер мен жауапты құрылымдар азамат­тар­дың дербес деректерін қорғау, сон­дай-ақ айыптыларды қатаң жа­залау ісін мықтаса жөн.

Елдос СЕНБАЙ