Абай Құнанбайұлы «Өзгермейді деген адамның тілін кесер едім» депті. Шынымен де, заман ауысқан сайын адамның мінез-құлқы да түрленіп жатыр.
Жарға жығар жазбалар
коллаж: Елдар ҚАБА
3,445
оқылды

Бұрын 2000 жылдары дүниеге келген Z ұрпақты өз бетімен шешім қабылдайтын, әлеуметтік желі буыны дейтін. Ал 2012 жылдардан бері дүниеге келген Alpha ұрпақ тез жалығатын, нағыз смартфонның балаларына айналды. Ал олармен тіл табысу ата-анасы үшін де қиын. Соның салдарынан ба, қоғамда жасөспірімдер арасындағы суицид те азаймай тұр. Ал оған не себеп? 

Біріккен Ұлттар Ұйымының статистикасына сәйкес, 2023 жылы суицид жағдайы бойын­ша Қазақстан әлем бойынша 19 орын­ға жеткен. Соның ішінде, жа­­сөс­пірімдер арасында 155 суи­цид жағдайы тіркеліпті. Пси­хо­лог­тардың айтуынша, бірінші кезеңде жа­сөспірімдердің 70 пайызында суи­цид туралы ой болады. Бұл ке­зең­де олар психологиялық соққы ал­ған болса немесе күйзеліске түс­кен болса, суицид жасауға ниет­те­не­ді. Бұл жалғаса берсе, өзін-өзі өл­тіру уақыты мен орнын жос­пар­лай бастайды. Соңы әрекет етуге ұла­сады. Бұл кезеңдегі баланы сөз­бен емдеу мүмкін емес, тіпті оған психолог та көмектесе алмай­ды.

Кітапқа құмарлық қасіретке айналған

Былтыр қоғам назарын ау­дарт­қан оқиға – Алматыда көпқабатты үйдің шатырынан құлап көз жұмған екі жасөспірім қыздың тағдыры. Иә, олар өміріне жауапкершілік ала алмайтын жаста дүниеден озды. Тіпті, жасөспірімдердің суицид жасауға дайындалып жүргенін жа­қындары білсе де, тосқауыл бола ал­мас еді. Себебі қыздардың пси­хо­логиялық жағдайы, жоғарыда атап өткен кезеңдердің ең соң­ғы­сында. 

– Қызымыздың дүниеден озуы өз еркімен емес, баланың психика­сына әсер ететін интернет-тех­но­ло­гияның салдарынан болды. Сон­­­­дықтан мұндай жағдай балаға жа­салған қастандық деп есеп­тей­міз. Біздің ғана емес, осы жағдай бар­ша қазақстандықтардың басын­да болуы мүмкін. Бұл – балаға қар­сы жа­сал­ған қылмыс. Бұл зұлым­дыққа нүкте қойылуы керек. Қоғам болып ат­салысуымыз керек. Баланың пси­хикасын бұзатын дүниені жа­са­ған жандар жазасын алуы керек, – дейді қарындасынан қапыда айырылған ағасы. 

Бір қызығы, екі жасөспірімнен де күйзелістің белгілері байқал­ма­ған. Әрқашан ортасында әзіл ай­тып, балетке қатысқан. Анасымен де жақын сырлас болыпты. 

– Ата-анасы қызға өте жақсы көңіл бөледі. Аниме кітаптарын сүйіп оқыды. Арасында қандай кі­тап оқып жатқанын айтатын. Оның кітаптарына мән бермегенім өкі­ніш­ті. Алдын алатын едім, – деп өкін­генін жеткізді оқытушысы. 

Осы оқиғадан соң, ата-аналар ара­сында мына оқулықты балаңыз оқымасын, «қадағалаңыз» деген ха­барламалар тарап кетіпті. Оны­мен қоса, қыздар өлімді романтика ете­тін кітаптар мен telegram канал­дарға тіркелгені анықталған. Ен­деше кітап кейде рухани демеу, кей­де қауіпке жетелеуші құрал бола ала­ды. Әсіресе, аниме не манга ба­ғытындағы кітаптарда кейіп­кер­лердің өмірі көбіне шынайыдан ал­шақ мифке құрылған. Жазу­шы­ның ойынша, ол тек көркем образ болуы мүмкін, бірақ жасөспірім үшін ол шындыққа ұқсас үлгіге ай­на­лады. Анимелік әдебиеттерде кейіпкердің қайта-қайта өліп, ті­рілуі жасөспірім санасында өмір мен өлімнің құндылығын жеңіл­детуі мүмкін. Сондай-ақ кітапта бей­неленген мәңгілік ізденіс, жал­ғыздық, депрессияны кей балалар өз өмірімен салыстырып, шешімін тек қана қасіреттен көреді.

Ал жаман кейіпкердің роман­ти­зациясы зұлымдықты әдемі, әсер­лі етіп көрсету арқылы мінезді бұзуы мүмкін. Ересек адам мұн­дайды оқығанда, оның көркемдік шындық екенін, миф пен метафора екенін түсінеді. Ал жасөспірім бала үшін кітаптағы символика «тура шындықтай» қабылданып, қауіпті ойға итермелеуі ықтимал. Бұл – әсіре­се психологиялық тұрғыда әл­сіз, жалғыздықты сезінетін ба­лалар үшін маңызды фактор. 

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мәжіліс депутаты Нар­тай Аралбайұлына берген сұх­батында Алматыда болған оқушы­лар­дың өлімін зерттей келе, траге­дия­ның себебі тереңде болғанын айт­ты.

– Кейбір қосымшалардың атауы­ның өзі ағылшын тілінен ау­дарғанда «ата-анадан қашып кету керек» деп жазылған. Бала оны ойын сияқты қабылдайды. Басын­да ойын деңгейінде баланы баурап, кейін балаларды ата-аналарына қарсы қояды. Жасөспірімдердің суи­цидін зерттей келіп, өзіне қол жұм­саған балалар белгілі бір әде­биетті оқығаны анықталды. Біз сол кітапты іздестіріп, қаладағы кітап дү­кендерінен осыған ұқсайтын тағы он шақты кітапты таптық. Мұ­­­­қабасына, мазмұнына қарасаң, еш­қандай қауіп жоқ секілді – ма­хаб­бат туралы, жастардың ара­сын­дағы қарым-қатынас туралы сияқ­ты көрінеді. Бірақ балалар осы кі­таптарды оқып, басқа бір ойларға бе­ріліп, ең соңында сол кітап­тар­дың кейіпкерлеріне арналған қо­сым­шаларына кіріп, ақыры өз­деріне қол жұмсағаны анықталды. Біз кітап дүкендерінен сол және маз­мұны осыған ұқса кітаптарды ай­налымнан шығардық. Осы­лай­ша, осындай әлеуметтік желі ар­қылы балаларымызға бағытталған астыртын әрекеттің жолын кесіп, эпидемияға айналуына жол бер­ме­дік, – деген еді Ерлан Қарин.

Шетелдік әдебиет сүзгіден өте ме?

Қазақстанға кіргізілетін кітап­тар мен баспа өнімдері кеден арқы­лы өтеді. Заң бойынша «экстре­мизм­ді, терроризмді, діни араз­дықты, ұлтаралық жек­көру­ші­лікті насихаттайтын» әдебиеттерге тыйым салынған. Сондықтан діни мазмұндағы кітаптар мен мате­риал­дар арнайы теологиялық са­рап­тамадан өтеді. Қазақстанда тір­келмеген діни ағымдардың кі­тап­тарын таратуға рұқсат етілмейді. Ал ресми баспалар шетелдік кітап­ты қазақшаға немесе орысшаға ау­дарып шығару үшін авторлық құ­қық иесімен келісімшарт жа­сайды. Бұл да бір сүзгі ретінде жұ­мыс істейді, себебі рұқсатсыз шы­ғаруға болмайды. Жалпы алғанда, Қазақстанда шетел әдебиеті еркін келеді, дүкендерде әлемдік автор­лар­дың көпшілігінің шығармасы бар. Бірақ заңға қайшы немесе ді­ни-экстремистік мазмұндағы кі­таптарға сүзгі қатаң қойылғанымен, ба­лалар әдебиетінің мазмұнын еш­кім қадағалап жатқан жоқ. 

Ал кейбір дамыған елдерде ба­лалар әдебиетіне белгілі бір «сүзгі» қойылған. Бірақ ол тікелей цензура емес, көбінесе жас ерекшелігіне сай іріктеу, педагогикалық және пси­хологиялық сараптау түрінде жү­зеге асады. Мысалы, Америкада ба­лалар мен жасөспірімдерге ар­налған кітаптар жас деңгейіне қарай қатаң жіктеледі. Мектеп пен қоғамдық кітапханаларда арнайы Advisory Board (кеңесші комиссия) сараптайды. Суицид, зорлық-зом­былық, экстремизм, порнография сын­ды тақырыптардағы әде­биет­терге жас шектеуі қойылады немесе кі­тапханалардан алынып тастала­ды. Еуроодақ елдерінде балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қа­да­ғалайтын арнайы институттар бар. Олар қоғамға қауіпті, психикаға зиянды кітаптарды қарастырады. Ал Жапония суицид деңгейі жо­ғары ел болғандықтан, манга мен ани­меге мемлекеттік деңгейде harmful publications (зиянды ба­сылымдар) тізімін жүргізеді. 

– Жалпы, Қазақстан – әлем бойынша жасөспірімдер арасын­дағы суицидте алдыңғы орында. Де­генмен шетел әдебиеті балала­р­ды суицидке итермелейді деу жаң­сақ пікір болар еді. Біздің елімізге шетелдік кітаптар емін-еркін келіп, сатылып жатқан жоқ. Тек Ресейден келетін кітаптар нарықта еркін жүр. Себебі көрші мемлекеттен кел­ген шетел әдебиеті орыс тіліне ау­да­рылып келеді. Бірақ барлық ше­телдік кітап жасөспірімдерді суи­цидке итермелейтініне сен­бей­мін. Мен білетін балалар әдебиеті суицидті болдырмау туралы ойға же­телейді. Ал суицид туралы ой­лай­тын баланың отбасында проб­ле­малар, ортасында әлімжеттік болуы мүмкін. Содан кейін күйзе­ліске бейім болады, – дейді Steppe and World баспа үйінің басшысы Раиса Қадыр. 

Психикалық денсаулыққа ата-ана жауапты

Баспагердің айтуынша, 14 жастан үлкен жасөспірімдер тек балалар әдебиетін емес, ересек­тердің кітаптарын да оқи бастайды. Біздің төл әдебиетімізде де зорлық, соғыс туралы ауыр тақырыптар бар. Оның барлығын балаға оқыма деп шектей алмаймыз. Баланы суи­цид­ке итермелейтін басқа фак­тор­лар да бар. Шығармашылыққа жақын бала ата-анасынан, ортасынан қол­дау таппаған кезде ішкі күйзеліске түседі. Ондай балалар ауыр тақы­рып­тардағы кітапты оқыған кезде сондай жолға түсіп кетуі мүмкін. Ал психикасы сау бала ауыр әдебиетті ақпарат ретінде қабылдайды. Сон­дықтан жасөспірімдердің пси­хи­калық денсаулығын сақтау – ең бірін­ші ата-анасының міндеті. 

– Өтпелі шақта жүрген балаға мейірім мен қолдау керек. Ал біздің қо­ғам баланы «анау қате, мынау бол­майды» деп жан-жақтан қыса­ды. 

Қоғамда атыс-шабыс, өлімге қа­тысты жүздеген фильм шығып жа­тыр. Оны «көрме» деп баланы та­ғы тыя алмаймыз. Ал психикалық тұрғыда сау бала ондай фильмдерді көр­се де, теріс әсерін қабылда­май­ды. Қазір әлемде балалардың жап­пай мазасыздығы пайда болды. Бұл олар­дың ешбір шектеусіз, күндіз-тү­ні әлеуметтік желілерді қол­дануы­ның салдары. Көптеген мем­ле­кеттер 16 жасқа дейін балаға смартфон беруді шектеп жатыр. Әлеу­меттік желі қыз балаларға бай­лықты, сұлулықты шектес тыс на­си­хаттап, сондай болуды дәріп­тей­ді. Салдарынан, жасөспірімдер ара­сында кибербуллинг ушығып тұр, – дейді Раиса Қадыр. 

Ата-аналар арасында «баланың тәр­биесін мемлекет пен мектепке тапсырып қойдық» деген көзқарас жиі кездеседі. Көпшілігі бала­сы­ның ішкі жан дүниесіне үңілмей, тек материалдық қажеттілігін қам­та­масыз етуді басты міндет санай­ды. Ал шын мәнінде, балаға ең ал­ды­мен ата-ананың мейірімі, жы­лы әң­гімесі, көңіл бөлуі қажет. Өкі­ніш­ке қарай, кей отбасыларда ата-ана баласының күнделікті күйзелісін байқамайды да. Бір мысал – көрші бөлмеде дәрі ішіп, өмірімен қош­таспақ болған баланың әрекетін әкесі білмей, қолындағы телефонға шұқ­шиып отырған. Бұл оқиға – қа­зір­гі қоғамдағы ең ауыр шын­дықтың көрінісі. Яғни, баланың ішкі жанайқайы мен көмекке ша­қырған үнін ата-ананың нем­құрай­лығы көміп тастайды.

– Ата-ана баласының қандай кі­тап оқитынын, қандай контент тұ­тынатынын бақылауы керек. Өйт­кені жасөспірімдік кезең – құ­был­малы уақыт. Бала ересек өмірге аяқ басар кезде ата-ана баласымен жиі сөйлесіп, дос ретінде сырласуы қажет. «Не оқып, не көріп» жүр­ге­нін сұрауы керек. Жасөспірімдік шақта балаға түймедей мәселелер түйедей көрінуі мүмкін. Жалпы, ата-ана баласының не істеп жүр­ге­нінен хабардар болуға тиіс. Балаға контент ұсынатын платформаларға, кітаптарға сүзгі қажет деп есеп­тей­мін. Себебі баланың санасы кез кел­ген ақпаратты қабылдай береді. Қазір кішкентайлардың санасы «Көк трактор», «Маша мен аю» сын­ды мультфильмдермен уланып қал­ған. Сондықтан балалардың кон­тентіне белгілі бір деңгейде тек­серіс болуға тиіс, – дейді педагог Назым Сапар.

Мамандардың айтуынша, мұн­дай жағдай көбіне «эмоциялық же­тімдікке» әкеледі: бала ата-ана­сы­ның жанында жүрсе де, өзін жал­ғыз сезінеді. Соның салдары­нан, ол қолдау мен түсіністі сырт­тан іздейді – интернеттен, аниме мен кітаптардан, кейде қауіпті ақ­па­рат көздерінен. Егер ата-ана дер кезінде көңіл бөлмесе, бұл жасөс­пірімнің психологиялық күйзелісін тереңдетіп, тіпті қайғылы жағдайға жеткізуі мүмкін.

– Мен жекеменшік мектепте іс­теп жүргенде, оқушыларым соң­ғы үлгідегі телефон ұстап жүретін. Былай айтқанда, материалдық жағ­дайлары жоғары болды. Бірақ сөйлесе келе, балалардың ата-ана­сымен байланысы үзілгенін білдім. Ересектердің баламен позициясы тек «ата-ана» рөлінде қалып қой­ған. Бірақ ата-ана тек бір формада ба­ласына қарамай, дос ретінде тың­дай алуы қажет. Осы байланыс­ты дұрыстасақ, қоғамда суицид те болмас еді, – деді Назым Сапар.

Кітап – білім мен тәрбие құра­лы. Бірақ оның мазмұны дұрыс тү­сіндірілмесе, әсіресе депрессияға бейім жасөспірім үшін қауіпті бел­гіге айналуы мүмкін. Сондықтан суицидтің алдын алу үшін тек мек­теп не мемлекет емес, ең алдымен ата-ананың сенімі мен қамқорлығы шешуші рөл атқарады.

Көктем ҚАРҚЫН