Алтын күздің алғашқы айында Сыр маржанына орақ түсті. Берекелі кезеңде ел несібесін қамбаға құйып жатқан шаруашылықтар мол өнім алуға ниетті. Дегенмен, шаруалар биылғы науқанда кесе-көлденең кездескен қиындық көп болғанын жасырмайды.
Дарияға су, күрішке күй керек
2,971
оқылды

Сыр диқандары үшін бұл кезең ала жаздай төккен тер­дің өтеуі, қайтар сәті сана­ла­ды. Атыз жағалаған ағайынның биыл­ғы басты мәселесі су тап­шы­лығымен тікелей байланысты бол­ғаны әмбеге аян. Жалпы, жыл­­­­­дағы дәстүрге сай дала ең­беккерлері егін науқанын ерте көк­темнен тың серпінмен бас­та­ды. Биыл облыс бойынша 189,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы да­қылдары себілді. Ал оның 80,9 мың гектары күрішке тиесілі.

Негізінен, Сырдың басты өні­мі суды көп қажет ететіні белгілі. Осы ретте биыл дала еңбеккер­лері­нің шаруасын дөңгелетуіне су тап­шылығының салқыны аз тимегені айтылып жүр. Әсіресе, ве­гетациялық кезеңнің өте күр­делі жағдайда өткені көпшілікке мә­лім. Соған қарамастан, шаруа­шылықтар егінді төкпей-шашпай жинап алу қарекетіне кірі­сіп жатыр. 

Шындығында, дарияның қа­зір­гі күйін көрсең көңіл құлазиды. Сираққа да жетпейтін Сыр суы сарқылудың аз-ақ алдында тұр. Су тапшылығын еңсеруде мем­ле­кет­тің қолдауы кенде емес. Об­лыс­тық Ауыл шаруашылығы жә­не жер қа­тынастары басқар­ма­сының мә­ліметіне сәйкес, Мем­лекет бас­шысының тапсыр­ма­сы­мен Үкімет резервінен 53 жыл­­­­­жымалы-ди­зель­ді насос алуға  1 млрд теңге бө­лі­ніп, насостардың алғашқы ле­гін шаруалар игілігіне пайдала­н­ған. Сонымен қатар су тап­шылығын еңсеруде түрлі кешенді шара жүр­гізілген. Бұл жөнінде «Дала күні – 2025» күрішке ал­ғаш­қы орақ салу рәсімінде Қы­зыл­орда облы­сының әкімі Нұр­лы­бек Нәлібаев мәлімдеді. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Үкімет бас­шысы Олжас Абайұлы­ның, Үкімет мүшелерінің баста­ма­сы­мен Сырдария өзенінің жо­­ғарғы ағысындағы мем­ле­кет­тер­мен дер кезінде келіссөздер жүр­гізіп, үлкен қолдау жасалды. Тө­тенше жағдайлар министрлігі елі­міздің барлық өңірінен 139 қыз­меткерден құралған жеке құ­рамды, 25 дизельді қондырғыны кө­мекке жеткізіп, екі ай бойы су тап­шылығы қалыптасқан аумақ­тарда уақытпен санаспай жұмыс істеді. Сонымен қатар аймағы­мызда арнайы жұмыс топтары құрылып, суды тиімді пайдалану мақсатында егістікті кезектесіп суа­ру мен қашыртқыдағы суды екін­ші рет пайдалануды жолға қой­дық. Осындай қиындықтарға қа­рамастан, күріш көлемін барын­ша шығынсыз сақтауға қол жет­кіздік. Дер кезінде қабылдан­ған батыл шешімдер мен жүргізіл­ген келіссөздердің арқасында егіс ал­қаптары сумен қамтамасыз етіл­ді», – деді аймақ басшысы.

Сырдария өзеніндегі су тап­шылығы – облыс қана емес, рес­публика үшін өте өзекті мә­селе. Бұл тұрғыда дария дең­гейі­нің жыл санап төмен түсуі, Солтүстік Арал теңізінің сар­қылуы эко­ло­гиялық ахуалдың ас­қыну қаупін тудырып тұр­ғаны ақиқат. 

Тіршілік нәрінің қазіргі ахуа­лы алаңдатарлық күйде тұрғанын су ресурстарын пайдалануды рет­теу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспек­ция­сы да жоққа шығармайды. Инс­пекция дерегіне сәйкес, қазір Шардара қоймасындағы су кө­лемі 304 млн метр куб мөлшерін құ­райды. Оның ішінде, қоймаға түсіп жатқан су көлемі 94,4 м3/сек, төменге тасталып жатқан су кө­лемі 30 м3/секундқа тең. Ал Көк­сарай су реттегішіндегі су кө­лемі 19,68 млн м3 шамасында екен. 

«Әсіресе, Сыр өңіріндегі су тап­шылығы вегетация кезеңінде қатты сезіледі. Биылғы ахуалдың да алаңдатарлық күйде болғаны бел­гілі. Нақты кезеңде Қызыл­ор­д­а облысы шекарасына Көктөбе су бекеті арқылы секундына 54 м3 су өтуде. Бұл ретте Қызылорда су торабынан өзеннің төменгі ағы­сына жіберілген су көлемі 50 м3/се­кунд болса, Қызылорда су тора­бына дейін каналдармен алы­нып жатқан су көлемі 5,02 м3/секунд болып тұр. Сол сияқты Әйтек су торабынан өзеннің тө­мен­гі ағысына жіберілген су кө­лемі 30 м3/секунд, ал Қараөзек ар­насымен 20 м3/секунд су жібе­рі­ліп жатыр», – дейді «Арал-Сыр­дария» бассейндік инспекциясы бас­шысының орынбасары Сейіт­қасым Абуов.

Жалпы, ежелден Сырдария Қыр­ғызстаннан бастау алып, Тә­жікстан,  Өзбекстан аумағы ар­қы­лы шығыстан батысқа қарай ағып, Арал теңізіне құйылады. Алай­да кейінгі жылдары Кіші Арал мен Арал маңындағы көл­дерге судың түсу мөлшері кеміп кетті. Мамандар кейінгі 12 жылда теңізге құйылатын су көлемі 27 млрд текше метрден 20 млрд тек­ше метрге дейін күрт азайып кет­ке­нін алға тартып жүр. Ал дерекке сәй­кес, Арал теңізін қалыпты дең­гейде ұстап тұру үшін жылына кем дегенде 3 млрд текше метр су қа­жет екен. Негізінен, Сыр өңі­рінің экономикалық-экология­лық ахуалы Сырдария өзеніне жә­не Арал теңізінің ахуалына ті­келей байланысты екенін ес­кер­­сек, жағдайдың күрделеніп тұр­ғанын аңғару қиын емес. 

Ішкі нарықты күрішпен қам­тамасыз етуде Сыр өңірінің үлесі басым. Осы орайда күрішті өңір рес­публиканың суармалы суы­ның 30 пайыздан астамын тұты­нып отырғаны жиі айтылады. Су мамандары тарапынан тіршілік нәріне тапшылықты тудырмау үшін күріш көлемін азайту және бас­қа да кешенді шараларды жү­зеге асыру жайында пікір бар. Алай­да кейбір сарапшылар мұ­ның кері әсері бар еке­нін алға тартады. 

Сырдың топырағы тұзды ке­леді. Егер күріш көле­мін шамадан тыс қысқарту жұ­мыс­тары жүргізілсе, инженерлік жерлердің тұзданып, жарамсыз күйге жетуі бек мүмкін. Ал өңірде күріш өсірудің суармалы жерлерді тұзданудан сақтауға септігі зор. Сондықтан Сыр топырағына құр­­ғақшылық, тұздылыққа тө­зім­ді дақылдар егу керек. Со­ны­мен қатар жаңбырлатып, тамшы­латып суару, жоңышқа сынды да­қылдарды егу де маңызды деген пікір қалыптасқан. Осы орайда тір­шілік нәрінің тапшылығын бол­дырмау мақсатында суды үнем­ді пайдалануға негізделген түрлі тәсіл қолданысқа енгізіліп жатыр. Оның ішінде, суды үнем­деу мақсатында жерді лазерлік тегістеу әдісі тиімділігін көрсетті. Бүгінде өңірде жерді лазерлік те­гістеу арқылы суды үнемдеп қа­на қоймай, жоғары өнімге қол жет­кізіп жүрген шаруашылық қа­тары аз емес. Сол сияқты суа­ру­ды автоматтандыру және есеп­ке алу құрылғысын қолданысқа енгізген шаруашылықтар да бой көрсетті.  Бұл тұрғыда облыстағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығының жа­сап жат­қан жұмысын ерекше атап өтуге болады.  

Су тапшылығына орай тір­шілік нәрін үнемді пай­ла­лану тәсілдерін қалыптас­тыру­да Қызылорда қаласындағы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ша­руашылығы ғылыми-зерттеу инс­титуты маманы көп еңбекте­ніп жүр.  Өткен ғасырдың 30-жыл­­­дарынан бері күріш өсіруде суды үнемдеудің түрлі тәсілін терең зерт­теп жүрген институт бірқатар жаңа сортты қолданысқа енгізді. Соның ішінде, суды үнемдеуге н­е­гіз болатын күріштің жаңа сұ­ры­пын ойлап тапқанын сүйін­ші­леді. 

Институт мамандарының мә­лімдеуінше, «Сыр сұлуы» деп ата­латын жаңа сұрып күріштің өзге түрлеріне қарағанда ерте пі­сіп, жетілуі арқылы ағын суды үнем­деуге сеп болады. Яғни, қол­даныстағы өзге сұрыптар 120 күн­де пісетін болса, бұл сұрып 90-100 күнде піседі. Осы арқылы аз судың өзін үнемді пайлалануға жол ашады деген пікірде.

Бұған дейін ресейлік күріш сұ­рыптарын жиі егіп жүрген ша­руа­шылықтар биылдан бастап жаңа сұрыпты қолданысқа енгізе бас­тады. Жаңа сұрыптың суды үнем­деп қана қоймай, тұздылық­қа,  төмен температураға төзімді­лі­гімен де ерекшеленетіні ай­ты­лады. Институт ғалымдарының 15 жылдық тынымсыз зерттеуінің нә­тижесінде, дүниеге келген жа­ңа сұрып 1 метрге  дейін өседі екен. Биыл жергілікті климатқа бейім­делген, суды аз қажет ететін күріш­тің жаңа түрін қолданысқа енгізгендер қатарында Қазалы ау­данының үлесі басым. Қазалы­лық күрішшілер жаңа сұрыпты 781 гектарға егіп, оң нәтиже көр­сет­кенін айта кеткен абзал. 

Жалпы, биыл Сырдария ар­насының шамадан тыс тартылып, өзен жағасының тайызданып ке­туі көпті толғандырып тұр. Егін­ді суару маусымы артта қа­лып, орақ салу науқаны басталса да, дария деңгейінің қалпына кел­меуі мамандарды алаңдатып отыр.

Осы орайда өңірде дарияның тартылған табанын құмнан та­залап, тіршілік нәріне толтыруға негізделген бірегей жоба жүзеге асырылғалы жатқаны да мәлім болды. Нақты айтқанда, дария дең­гейін көтеру мақсатында үр­лемелі су тоспасын салу жобасы әзірленіп жатыр екен. Қызылорда облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан жоба төңірегінде жан-жақты сұрап көрдік. 

«Дария деңгейін көтеруге ба­ғытталған жұмыстар жөнінде әзірге нақты мәлімет болмай тұр. Жаңа жобаға келер болсақ, әлі де үр­лемелі тоспа құрылысы маман­дар тарапынан зерделеніп жатыр. Бірақ қаржы қаралған жоқ. Сол се­бепті тиісті жұмыстар қолға алын­бады», – деп мәлімдеді бас­қарманың баспасөз қызметі. 

Мамандар тарапынан жоба ма­құлданып, алда су тоспасының құрылысы баста­ла­ды деген үміт басым. Тың жоба сәтті жүзеге асса, келер жы­лы үрлемелі су тос­пасының құ­ры­лысы қарқын алуы мүмкін. Осы арқылы бірінші кезекте жаз айларында Сырдария өзенінің Қы­зылорда қаласы тұ­сын­дағы деңгейін көтеріп, ұстап тұруға сеп болатынына сенім бар.

Қалай десек те, әзірге қала­ның қорғаныс бөгетіндегі Сыр­дария­ның демігіп жатқан сұрық­сыз күйін жергілікті тұрғындар көріп жүр. Ал су тапшылығының азабын тартып, науқанды әупі­рім­деп аяқтаған шаруалар күріш жинау жұмысын қазан айының екін­ші онкүндігінен кешіктірмей аяқ­тауды көздеп отыр.  

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы