Бүгінде жасанды интеллект әртүрлі салада қолданылып жүр. Келешекте қолданыс аясы кеңейеді. Цифрландыру қолданысқа азаматтардың жеке дерегі алаяқтардың қолына түсті. Алаяқтардан зардап шеккендердің нақты саны да белгісіз.
Алаяқтар азаматтарды жасанды интеллект арқылы алдайды – Дәурен Төлебаев
878
оқылды

Мамандар осындай жауабы жоқ көп сауалға «AMANAT» партиясының  TALQYLAU   алаңында жауап іздеді. «Цифрлық оптимизм және жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» тақырыбымен өткен жиынға Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері Дмитрий Мун, Мағжан Мәдиев және Kazdream компаниясының бас директоры Дәурен Төлебаев қатысты. 

Жиында Қазақстанның цифрландыру көшіне ілесіп қана қоймай, тұрғындар үшін тиімді жобалар сәтті жүзеге асып жатқаны айтылды. Одан бөлек, жемқорлықты жоюға да септігін тигізіп отыр. Мәселен, МӘМС жүйесі арқылы жиналған қаржыны оңды-солды алатын емдеу мекемелерінің заңсыз әрекеті әшкере болған. Цифрландыру арқылы әлеуметтік мәселелер шешімін тауып жатыр. Әсіресе, халыққа қызмет көрсету саласында қашықтан қызмет алу қағазбастылықтан арылтты. Оның ішінде, денсаулық сақтау, әлеуметтік салада анықтама құжаттарды онлайн алу шалғайдағы ауыл тұрғындарының  уақытын үнемдеуге оң ықпал етті.  Десе де, бұл салада проблема да шаш етектен. Талқылау алаңына жиналған мамандарды алаңдататын ең басты мәселе – азаматтардың жеке деректерінің алаяқтардың қолына түсуі. Сонымен қатар қазіргі кезде алаяқтардың да жасанды интеллектіні қолданып, алдап-арбаудың жаңа тәсіліне көшкені ахуалды қиындатып отыр. Kazdream компаниясының бас директоры Дәурен Төлебаевтың айтуынша, алаяқтар азаматтардың сенімін пайдаланып, жасанды интеллект арқылы алдауға көшкен.

«Жасанды интеллект қолданғанда цифрлық қауіпсіздікті де ойлаған жөн. Себебі, бұған дейін алаяқтарға қазақша жауап берсек, олардың амалы таусылатын. Қазір жасанды интеллект арқылы фото, видео, тіпті туған-туысыңыздың дауысын айна-қатесіз қайталайтын видео, дыбыстық хабарламалар арқылы алдауға көшкен. Сондықтан шынайы адамның бет-бейнесін айнытпай қайталап жеке дерегіңізді сұрайтын алаяқтарды іздеп табу өте қиын», – дейді Дәурен Төлебаев. 

Бұған дейін Қазақстан азаматтарының жеке дерегі жаппай тарап кеткені, одан зардап шеккендер туралы мәселе бірнеше айтылды. Нәтижесінде,  Мәжіліс  арнайы заң қабылдап, алаяқтық жолмен алынған несиені төлеуге мәжбүр болып жүрген азаматтарды тұзақтан құтқарды. Кредитті өзі алмағанын сот арқылы дәлелдесе, кінәсі жоқ борышкер банк алдында қарыз төлеуден босатылады. Алаяқтық жолмен құжат рәсімдеген менеджерлер заң алдында жауапқа тартылады. 

Бұған дейін «AMANAT» партиясы жанындағы кеңесте 429 мыңнан астам студент жасанды интеллект негіздері бойынша курстан өткені туралы хабарлаған болатынбыз.