Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газа қаласын бақылауға алу мақсатында құрлықтағы шабуыл операциясын бастады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты www.dw.com сайтына сілтеме жасап.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл қаланы ХАМАС террористік қозғалысының соңғы тірегі деп атады. Бұл туралы алғаш болып Axios онлайн басылымы 16 қыркүйек, сейсенбіге қараған түні аты-жөнін атамаған израильдік шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлады.
Журналистердің дерегінше, 15 қыркүйек, дүйсенбі кешкісін Израиль ӘӘК Газа қаласына жаппай әуе соққысын жасаған. Одан көп ұзамай палестиналық БАҚ-тың хабарлауынша, израильдік танктер қалаға кірген. Газаға жасалған ауқымды соққылар туралы AFP агенттігі де куәгерлерге сілтеме жасап хабарлады.
16 қыркүйек таңертең Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац операция басталғанын растады. Оның айтуынша, израиль әскері Газадағы «террористік инфрақұрылымға» «темір жұдырықпен» соққы беріп жатыр. «Газа өртеніп жатыр», – деп жазды Кац X желісінде.
«ЦАХАЛ сарбаздары батыл шайқасып, тұтқындарды босату мен ХАМАС-ты талқандауға қажетті жағдайды жасап жатыр. Біз тапсырмамыз орындалмайынша берілмейміз де, шегінбейміз», – деп министр Telegram-да мәлімдеді.
Израильдің Газаға әуе шабуылы
Өткен демалыста, 13-14 қыркүйекте, Израиль әуе соққыларының қарқынын арттырып, ЦАХАЛ-дың дерегінше, ХАМАС әскери мақсатта пайдаланған ондаған биік ғимаратты нысанаға алды. Бұған дейін Израиль қорғаныс армиясы палестиналықтарды Газа қаласынан кетіп, оңтүстіктегі «гуманитарлық аймақтарға» қоныс аударуға шақырған еді. Axios дерегінше, содан бері шамамен 300 мың адам қаладан кеткен.
Израильдің Газаға шабуылы Нетаньяху мен оның үкімет мүшелерінің АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездесуінен бірнеше сағаттан кейін басталды. Axios жазғандай, екі израильдік шенеуніктің айтуынша, Рубио Нетаньяхуға АҚШ президенті Дональд Трамп Израильдің құрлықтағы операциясын қолдайтынын, бірақ оның «мейлінше тез жүргізіліп, мүмкіндігінше жылдам аяқталғанын» қалайтынын жеткізген. «Рубио құрлықтағы операцияны тоқтатуға шақырған жоқ», – деп бір дереккөзді журналистер келтіреді.
Алайда аты-жөнін жасырған америкалық шенеунік басылымға: «Бұл – Трамптың емес, Бибидің (Биньямин Нетаньяху – ред.) соғысы. Сондықтан бұл соғысқа байланысты шешімдерді өзі қабылдауы керек», – деген.
Израиль арнайы қызметтерінің ескертулері
Axios дерегінше, Израильдің арнайы қызмет басшылары мен қауіпсіздік құрылымдары Нетаньяхуға Газа қаласын басып алу жоспарын доғаруға кеңес берген. Олардың бағалауынша, бұл операция Газада әлі де ұсталып отырған израильдік тұтқындардың өмірін қатерге тігуі мүмкін, ЦАХАЛ-ға үлкен шығын әкелуі ықтимал және Израильді Газа халқының 2 миллионын тікелей әскери басқаруға мәжбүр етуі ғажап емес. Сонымен қатар бұл операцияда террористерді толық талқандау мүмкін болмауы ықтимал.
Трамптың ескертуі
Бұған дейін Дональд Трамп ХАМАС-қа егер олар қалған израильдік тұтқындарды тірі қалқан ретінде пайдаланғысы келсе, оның салдары ауыр болатынын ескерткен. «ХАМАС басшылары мұндай қадамға барса, немен бетпе-бет келетінін түсінгені жөн. Бұл адамзатқа қарсы жасалған аса қатыгез қылмыс болар еді. Бұған жол бермеңдер, әйтпесе бәрін жоғалтасыңдар. Барлық тұтқынды дереу босатыңдар!» – деп жазды АҚШ президенті 15 қыркүйекте өз әлеуметтік желісі Truth Social-да.
Өз кезегінде Нетаньяху Израильдің «ХАМАС-пен күресіне және барлық тұтқынды босатуға берік қолдау көрсеткені үшін» Трампқа алғыс айтты.
ХАМАС-тың шабуылы және салдары
Таяу Шығыстағы жағдай 2023 жылғы 7 қазанда күрт ушығып кетті. ЕО мен АҚШ-та террористік ұйым деп танылған ХАМАС Израильге жаппай шабуыл жасады. Жауынгерлер Израиль аумағына басып кіріп, заманауи Израиль тарихындағы ең ірі қырғынды жасады: шамамен 1200 адам қаза тапты. Сондай-ақ 250-ден астам адамды тұтқындап, Газада ұстады. Бір бөлігі босатылды немесе айырбасталды, кейбірі қаза тапты.
Жауап ретінде Израиль ХАМАС-қа соғыс жариялады. Құрлықтағы операциялар мен әуе соққылары салдарынан ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 64 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, тағы 164 мыңнан астамы жараланған. Дегенмен бұл статистиканың қалай жасалғаны, оның ішінде қаза болғандардың арасында қанша жауынгер болғаны және ауруханалардағы табиғи өлімдер есепке алынған-алынбағаны нақты көрсетілмеген.