Мұндай кең көлемді бастамаларға халықтың да ықпалы көп екендігін айта кеткен жөн. Себебі осындай моноқалалардың тұрғындары өздері мекен еткен шаһарлардың инфрақұрылымын жақсарту қамында жыл сайын осындай жүздеген бастама ұсынады. Тек соңғы 5 жылда ERG-дің Tugan Qala жобасынан бөлек, 1 297 жобалық ұсыныс түскен. Оның 423-і дауыс беруге жіберілсе, 185-і жоба қала тұрғындары тарапынан қолдау тапқан.
– Қаламыз үшін маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе, қала экономикасы мен дамуына үлкен үлес қосып отырған қала құраушы кәсіпорындар мен серіктес компанияларға алғысымды білдіремін.
2021 жылдан бастап «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асырылып келеді. Бұл бағдарламада тұрғындар өздері қалаған жобаларға дауыс беріп, оларды бюджет есебінен жүзеге асырады. Мұндай жобалар кішкентай болып көрінгенімен, тұрғындар үшін өте маңызды. Мысалы, Октябрь кентінде 2022 жылдан бері 13 жоба іске асырылып, оған 104 млн теңге бөлінді. Лисаков қаласында былтыр басталып, биылдың өзінде алты жоба жүзеге аса бастады. Келер жылы бұл көрсеткіш арта түсетініне сенімдімін.
Сонымен қатар биыл қала құраушы кәсіпорнымыз 75 жылдығын атап өтуде. Осыған орай «ERG» компаниясының қолдауымен орталық «Жеңіс» саябағын қайта құру жұмыстары басталды. Бұл жоба келесі жылы қаламыздың 55 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс жалғасын табады, – дейді қала әкімі Абай Ибраев.
Tugan Qala – жанға жайлы жоба
Tugan Qala – ERG компаниясы мен облыс әкімдіктерінің бірлескен меморандумы аясында жүзеге асып жатқан ерекше бастама. Оның басты ерекшелігі – бөлінген қаражаттың нақты қайда жұмсалатынын жергілікті тұрғындардың өзі шешеді. Яғни, қандай нысан салынатынын да, қандай жобаның өмірге келетінін де халық дауыс беру арқылы айқындайды.
Бұл жоба алғаш рет 2020 жылы қолға алынды. Содан бері Хромтау, Ақсу, Рудный, Лисаков қалаларында, сондай-ақ Қашар мен Октябрь кенттерінде табысты жүзеге асып келеді. Биылдан бастап Лисаков қаласында да өтінімдер қабылдана бастады.
Төрт жылдың ішінде Tugan Qala аясында 144 әлеуметтік нысан бой көтерді. Балалар мен спорт алаңдары, заманауи арт-нысандар, инклюзивті жағажай, тіпті шаңғы-роллер жолы – барлығы да тұрғындардың қалауы мен ұсынысының нәтижесінде салынды.
ERG бұл бастамаларды жүзеге асыруға жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгеден астам қаражат бөлген. Компанияның айтуынша, бұл тек әлеуметтік инфрақұрылымға салынған инвестиция ғана емес, ең алдымен, жергілікті халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған қадам.
Тұрғындар үшін Tugan Qala – өз қаласының дамуына үлес қосатын шынайы мүмкіндік. Кез келген ұсыныс қоғам талқысына салынып, ең көп қолдауға ие болған жобалар іске асырылады. Нәтижесінде, халықтың өзі қалаған өзгерістер көз алдына келеді.

ERG-дің әлеуметтік қамдау жөніндегі директоры Шаттық Әбдіхалықовтің айтуынша, Tugan Qala жобасы алғашында мүлде басқа форматта басталған.
– 2017 жылы біз әлеуметтік жобалар байқауын өткіздік. Ол кезде жай ғана сынақ ретінде қолға алынған жоба болатын. Бірақ халықтың белсенділігі мен қызығушылығы бізді қатты таңғалдырды. Содан бастап байқау әртүрлі өзгерістен өтті, жаңа атау алды. Ақырында қазіргі Tugan Qala жобасына айналып, толыққанды жүйелі бастама ретінде қалыптасты.
Жоба алғашқы кезде 10 миллион теңгеге дейін қаржыландырылса, уақыт өте келе бұл сома жеткіліксіз екені анықталды. Дегенмен бір емес бірнеше жобаны қамту үшін қаржы көлемі 15 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Қазір әр қалада бір емес, 10-15 жобаға дейін жүзеге асып жатыр.
Тұрғындардың ұсынысы негізінде салынған нысандардың өміршеңдігі жоғары. Себебі жергілікті халық өзі қадағалап, күтіп ұстайды. Бірдеңе бұзылса, өздері жөндейді, жарығын жағып, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл – жобаның ең құнды тұсы.
Алғашқы жылдары тек балалар ойын алаңдарына басымдық берілсе, қазір жобалардың ауқымы кеңейіп, автотұрақтар, өрмелеу қабырғалары, жағажайлар, қабырға суреттері сияқты түрлі нысан бой көтеріп жатыр. Тіпті, этно-шоулар ұйымдастыруға дейінгі жаңа идеялар ұсынылуда, – дейді Шаттық Әбдіхалықов.
Кіші қадамнан үлкен жеңістерге
Лисаков қаласында бұл бастама тек былтыр қолға алынған. Алайда бүгінде алғашқы нәтижесін бере бастады. Форумға келген 150-ден астам адам осы жоба аясында салынған әр нысанды аралап, әрқайсысымен жеке танысты. ERG табысты тәжірибесін бүкпесіз көрсетті: форумға «Қазақмыс», «Qarmet», «Қазатомөнеркәсіп» сияқты тау-кен металлургия компанияларының өкілдері, сондай-ақ моноқалалардың әкімдері қатысты. Одан бөлек өнеркәсіп индустриясының өкілдері мен қала тұрғындары да бар.
– Tugan Qala тұрғындардың өздері тұрып жатқан қалаларды жақсы жаққа өзгертуіне септесіп, нақты қолайлы құралдар мен ашық, айқын іріктейтін жүйе ұсынды. Бастама жүректен шығып, жүрекке жетті. Жыл сайын келіп түсетін ұсыныс санының үздіксіз артып келе жатқаны соның айқын дәлелі. Бізді бастамалардың сапасы да жақсарып келе жатқаны шын қуантады, – дейді әлеуметтік технологияларды дамыту қауымдастығының вице-президенті Сәния Арапова.
Қалалық жағажайдағы воркаут-алаңы, тренажерлары орнатылған спорт алаңы, автотұрақ пен футбол алаңын салу бастамаларын Лисаков тұрғындары қызу қолдап, дауыс берген.
Форумға қатысушылар Tugan Qala жобаларының нақты нәтижелерінен бөлек, өз идеясын жетілдіріп, нақты нысан ретінде іске асырған бастама авторлары – жекелеген адамдармен кеңінен танысып, бұл жолды өздері де еңсере аларын анық білді. Ынта мен ықылас болса, қалаға пайдаңды тигізіп, ажарын ашу әркімнің қолынан келетін іс.
Көптеген мәдениеттік, әлеуметтік жобалар бой көтерді. Солардың ішінде спорттық жобаларды да айта кеткеніміз жөн. Рудный қаласының тумасы Демина Елена өзінің жетістікке, спорттық қызығушылыққа баулитын тауға өрмелеу жобасын ұсынды.
– Тоқсаныншы жылдары көптеген мектеп пен балабақша бос қалып, қаңырап қалған ғимараттар жасөспірімдер үшін қызық орынға айналғаны рас. Сол ғимараттардың қабырғалары спортшылардың алғашқы жаттығу алаңы болды десем сенесіздер ме?! Өрмелеумен айналысқан жастар бос тұрған кірпіштер мен қабырғаларды спорттық мақсатта пайдаланып, тіпті өзара жарыстар да ұйымдастырды. 2000 жылдардан бастап еліміздің Алматы, Шымкент, Астана қалаларында алғашқы жасанды өрмелеу қабырғалары салына бастады. Олар фанерадан жасалып, әртүрлі қиындықтағы трассаларды сынауға мүмкіндік берді. Дегенмен табиғи жартас техникасынан айырмашылығы болғандықтан, жергілікті спортшылар біраз уақыт артта қалып жүрді.
Лисаков тұрғындары туған жердің дамуына серпін беретін бастамаларға куә болды. Форум барысында қатысушылар еліміздің өзге моноқалаларында із қалдырған азаматтардың өнегелі істерімен танысып, туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан шаралардан хабардар болды.
Қаланың көркін арттыруға үлес қосып жүрген азаматтардың идеялары бүгінде тек Лисаковтың ғана емес, басқа да өңірлердің игілігіне жарап отыр.
Форум аясында бірқатар шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Соның ішінде «Әлеуметтік желілердің бизнеске жәрдемі: сатылым мен ілгерілету» тақырыбындағы дәріс кәсібін ашуды көздеп жүргендер үшін ерекше пайдалы болды. Сондай-ақ «Күнделікті өмірде жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану» атты тренингке қызығушылар қатары көп болды. Заманауи технологияларды игеруге бағытталған бұл шара жастар тарапынан зор қолдау тапты.
Форум соңында «Туған қалам Лисаков» онлайн-байқауының жеңімпаздары марапатталып, бастама қатысушылардың көңілінен шықты.
Әсет ҚАЛИ
Астана–Лисаков–Астана