Астанада өткен мерекелік жүгіру марафонына 1 000-нан астам қала тұрғыны мен қонақтары қатысып, салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға үлес қосты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Марафонды «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты Астана қалалық филиалы «Чемпиондық рух» жобасы аясында өткізді. Ұйым төрағасы Арсланбек Мағзұмның айтуынша, аталмыш бастама ел ішінде спорт мәдениетін дамытуға, белсенді өмір салты арқылы азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.

«Чемпиондық рух – бұл тек спорт емес, өмір салтына айналып, азаматтарды ортақ алаңға біріктіретін жоба. Отбасы күні қарсаңында рухтас достармен және қала тұрғындарымен бірге марафонға қатыстық. Осы бастама арқылы отбасы институтын нығайтып, салауатты әдетті күнделікті өмірге енгізуді мақсат етеміз», – деді Арсланбек Мағзұм.
Жобаның басты артықшылығы – жасына, кәсібіне немесе физикалық мүмкіндігіне қарамастан, кез келген адамның ортақ құндылықтар аясында біріге алуында. Жүгіру қашықтығы кәсіби спортшыларға да, әуесқой қатысушыларға да ыңғайлы болу үшін 4 және 7,6 шақырым болып белгіленді. Көптеген отбасы балаларымен бірге қатысып, бір-бірін қолдап мәреге жетті.

«Бүгін ерекше күн болды. Ұлыммен бірге алғаш рет жарысқа шықтық. Бұл тек спорт емес, бірге өткізген қымбат әрі естен кетпес сәт. Осындай бастамалар отбасылық байланыстарды нығайтуға үлкен ықпал етеді», – деді үш баланың әкесі Әлихан Мақсатұлы.
Жарыс соңында барлық тіркелген қатысушылар арасында лототрон арқылы бағалы сыйлықтар ойнатылды. Белсенділік танытқан отбасылар мен үздік қатысушылар марапатталып, жеңімпаздарға смарт-сағат пен құлаққап табысталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба денсаулықты нығайту, отбасы институтын қолдау және азаматтық қоғамды дамыту тұрғысынан аса маңызды. Қысқа уақыт ішінде түрлі форматта жүзеге асқан «Чемпиондық рух» бастамасы еліміздің көптеген өңірін қамтып үлгерді. Алдағы уақытта Олимпиада чемпиондарымен таңғы жаттығулар, спорттық жарыстар мен мотивациялық кездесулер жалғасын табады.